Беларусь орталық сайлау комиссиясы президент сайлауында Александр Лукашенконың басым дауыспен жеңіске жеткенін мәлімдеді. Ал қалған тоғыз үміткерді қолдаған сайлаушылар саны он пайызға да жетпейтіні хабарланды. Олардың кейбірін және өзге де кісілерді өткен түнде ұстап әкеткен.
Дүйсенбі күні Беларусь орталық сайлау комиссиясының төрайымы Лидия Ермошина елдегі президент сайлауында сайлаушылардың басым бөлігі елді соңғы он алты жыл бойы басқарып отырған Александр Лукашенконы жақтап дауыс бергенін мәлімдеді.
РЕСМИ МӘЛІМЕТ
Сайлаудың алдын ала қортындысын жария еткен ОСК деректері бойынша, «Александр Лукашенконы қолдап 5 миллион 122 мың 866 сайлаушы, немесе сайлауға қатысқан сайлаушылардың 79,67%-ы дауыс берген».
Ал балама үміткерлерді қолдаған сайлаушылардың жиынтық көрсеткіші дауыс беруге қатысқандардың он пайызына да жетпей қалды деп хабарлады ресми орган.
Атап айтқанда, Андрей Санников - 2,56% дауысқа, Ярослав Романчук - 1,97%, Григорий Костусев - 1,97%, Владимир Некляев - 1,77%, Виталий Рымашевский - 1,1%, Виктор Терещенко - 1,08%, Николай Статкевич - 1,04%, Алесь Михалевич - 1,2% және Дмитрий Усс - 0.48% дауысқа ие болғаны айтылып отыр.
Бұдан бөлек, сайлаушылардың 6,47% «бәріне қарсы» екендерін білдірген.
Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі сайлау бюллетеньдерінің 100 пайызға жуығы саналып болғанын, енді тек Беларусьтан тысқары жердегі сайлау учаскелерінен келетін бюллетеньдер ғана қалғанын хабарлады. Алайда олар саналып болған соң алдын ала қортындыда жарияланып отырған көрсеткіштер бар болғаны «2 %-ға көбеюі немесе кемуі ықтимал» екенін айтты ОСК төрайымы.
Лидия Ермошинаның айтуынша, Беларусь еліндегі бұл жолғы президент сайлауында ел азаматтарының 90,66% дауыс беруге қатысқан.
Бұған дейін, 2006 жылы өткізілген президент сайлауында, дауыс беруге сайлаушылардың 92,7% қатысқаны және 83% дауысқа ие болған Александр Лукашенконың жеңіске жеткені жарияланған еді.
ТҮНГІ ҚАРМАУЛАР
Бұл уақытта Беларусьтің бірқатар оппозиция қайраткерлері мен құқық қорғаушы белсенділерін өткен түнде ұсталғаны туралы хабарлады «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Беларусь редакциясының сайты.
«Еуропалық Беларусь» азаматтық қозғалысының үйлестірушісі Дмитрий
Оппозицияның наразылық жиыны кезінде милициямен қақтығыста ондаған адам жарақат алды. Минск, 20 желтоқсан 2010 жыл.
Бондаренконы милиция дүйсенбінің түнінде пәтерінен ұстап, белгісіз жаққа алып кеткен. Милиция қызметкерлері «Хартия-97» сайтының кеңсесіне келіп, сайт редакторы Наталья Радина мен бірнеше еріктіні ұстаған.Сол сияқты, Беларусь Халықаралық адам құқығы федерациясының вице-президенті Валентина Стефанович, құқық қорғаушылар Владимир Лобкович, Анастасия Лойко, Сергей Сыс, Дмитрий Соловьевті де ұстаған.
Президенттікке кандидат Владимир Некляевтің штабында тінту жүргізілгені туралы ақпарат үміткердің сайтында жарияланды.
Минскде «Жас майдан» ұйымы жетекшілерінің бірі Анастасия Положанко түнгі сағат үш кезінде үйіне келген бірнеше адам өздерін КГБ қызметкерлеріміз деп таныстырғанын хабарлады.
Президенттікке кандидат Андрей Санников өзінің КГБ-да отырғаны туралы СМС арқылы хабарлағаны жетіп отыр.
Түн ортасында Біріккен азаматтық партия жетекшісі Анатолий Лебедьконың пәтерінің есігін бұзып кіргендер оны көлікке салып белгісіз жаққа алып кеткені туралы оппозиция қайраткерінің серіктері айтқан.
Сондай-ақ, ұсталғандардың арасында президенттікке үміткерлер - Григорий Кастусёв, Виталий Рымашевский және Николай Статкевич бар екендігі хабарланды.
Ал жексенбі күні соққыға жығылған тағы бір оппозициялық кандидат Владимира Некляев басынан ауыр жарақат алып ауруханаға жеткізілген еді. Оны да түн ортасында ауруханадан басқа жаққа алып кеткені айтылып отыр.
Жексенбі күні дауыс беру аяқталысымен, президент сайлауының нәтижелері бұрмаланды деп санайтын бірнеше мың адам Беларусь астанасындағы Октябрь алаңына жиналып, наразылық білдіргені туралы Азаттық радиосы хабарлаған.
АҚШ МӘЛІМДЕМЕСІ
Дүйсенбі күні АҚШ Беларусь астанасында болған соңғы оқиғаларға байланысты арнайы мәлімдеме таратты.
Минскдегі Америка елшілігі таратқан мәлімдемеде «президенттікке кандидаттарды ұстап, соққыға жығу, журналистер мен азаматтық қоғам белсенділеріне қарсы күш қолдану оқиғаларына байланысты Вашингтонның алаңдаушылық білдіретіні» айтылған.