«Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» туралы заң жобасын» Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Осы заң бойынша «Назарбаев университетінің» табыстары салықтан толық босатылады.
НАЗАРБАЕВ ОҚУ ОРЫНДАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК АТТЕСТАЦИЯДАН АЛЫНЫП ТАСТАЛАДЫ
Заң жобасын мәжіліс депутаттары алдында таныстырған білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Назарбаев университеті» және «Назарбаев зияткерлік мектептері» сияқты білім ошақтарының тиімді жұмыс істеуі үшін оқу орындарындарының академиялық еркіндігі мен дербестігі принциптерін іске асыруға қажет» дейді.
Министрдің айтуынша, университет пен зияткерлік мектептердің білім беру қызметі лицензиялау мен мемлекеттік аттестациялаудың жалпы тәртібінен алынып тасталады.
- Мұндай еркіндіктің болуы инновациялық идеялар мен жобаларды жүзеге асыру үшін жағдай жасауға, заманауи білім мен технологиялардың орталығына айналуға мүмкіндік береді. Заң жобасы университет пен мектептер үшін коммерциялық емес ұйымның ерекше ұйымдастыру құқықтық үлгісін, яғни дербес білім беру ұйымын құруды қарастырады, - дейді білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.
НАЗАРБАЕВ ОҚУ ОРЫНДАРЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРАТЫН ҚОР ҚҰРЫЛАДЫ
Министр Жұмағұлов «Назарбаев университеті» мен «Назарбаев зияткерлік мектептерін» үнемі қаржыландыру мақсатында қор немесе тұрақты капитал қоры құрылатынын мәлімдеді. Қор мен жеке қаражаттар қайырымдылық есебінен жинақталады дейді. Ал қаржыландыру қордың инвестициялық есебінен жүзеге асырылатынын айтады.
- «Назарбаев университеті» және «Назарбаев зияткерлік мектептері» мәртебесі туралы заң жобасы «халықаралық тәжірибелерге негізделген», - деп мәлімдеген министр депутаттардан құжатты бірінші оқылымда қабылдауды сұрады.
Білім және ғылым министрінің өтінішін құп көрген депутаттар ешқандай сауал қоймастан, заң жобасын бір ауыздан мақұлдады.
«НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ» ТАБЫСТАРЫ САЛЫҚТАН БОСАТЫЛАДЫ
Тағы бір айта кетерлігі, осы заң жобасын әзірлеу кезінде бірқатар занамалық құжаттарға да өзгерістер енгізілген. Мәжіліс депутаты Гүлмира Исімбаеваның айтуынша, Салық кодексіне де өзгертулер енгізілген. Өйткені заң жобасы бойынша «Назарбаев университетінің» табыстарына енді салық салынбайды.
- Университеттің ғылыми ұйымдары, олардың табыстары салықтан толық босатылды. Мұндай норма бұрын-соңды біздің білім мен ғылым саласында болған емес. Осы заңнамалық актілерге енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар университет пен зияткерлік мектептердің және қордың айрықша құқықтық мәртебесін бекітуге және реттеуге мүмкіндік береді, - дейді депутат Гүлмира Исімбаева.
Депутат Динар Нөкетаева Азаттық радиосына берген сұхбатында университеттің табыстарын салықтан босату жүйесін алдағы уақытта басқа да жоғары оқу орындарына енгізу қажет екенін айтады.
ШЕТТЕГІ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТІЗІМІ АРТЫП БАРАДЫ
Осыдан бір ай бұрын білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов шетте жүрген Қазақстандық ғалымдарды елге қайтару жөнінде бағдарлама әзірленіп, 125 ғалымның тізімі де жасалып жатқанын айтқан болатын. Сәрсенбі күні жоғарыда сөз болған заң жобасының қабылдануына келген министр әлгі тізімнің ұзарғанын мәлімдеді.
- Оның бәрі осында көшіп келеді деген мәселе емес. Біздің ғылымның даму бағыттарына сәйкес ғалымдарды қарастырып жатырмыз. Ендігі жылы үкіметке осы ұсынысымызды енгіземіз. Осы ғалымдардың ішінен Қазақстанға нақты керекті ғалымдарды шақырып әкеліп, оларға жағдай жасайтын болсақ, онда үлкен жетістікке жетер едік, - дейді білім және ғылым министрі.
Ол ғалымдардың барлығы бір күнде келе қоймайтынын да айтады. «Жақын арада ең көп дегенде оншақтысын әкеліп, солардың төңірегіне қазақстандық ғалымдарды шоғырландырсақ, үлкен жетістікке жетер едік» деген ойын айтты Бақытжан Жұмағұлов.