69 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Данияр Елеусінов финалда Марокко боксшысы Мохаммад Рабииден жеңілді. Үш төреші де жеңісті Рабииге берді. Елеусінов 2013 жылдан бері өзі қатысқан халықаралық жарыстардың барлығында алтын медаль алып келе жатқан. Жанкүйерлер де Елеусіновтен тек алтын күткен болатын. Елеусінов күміс медальмен Рио-де-Жанейро-2016 (Бразилия) олимпиадасының жолдамасын иеленді.
Финалдан кейін Елеусінов «Жеңілгенді мойындау керек. Бұл қателікті олимпиадада жібермеуге тырысамын» деді.
91 килограмнан жоғары салмақ дәрежесі бойынша Иван Дычко Франция боксшысы Тони Юкадан ұтылып, күміс алды. Аса ауыр салмақта алтын медаль иегеріне ғана олимпиада жолдамасы берілді.
Әлем чемпионаты басталмай тұрып Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов «екі алтын және төрт олимпиада жоламасын иеленеміз» деген еді. Алайда Қазақстан боксшылары «жоспарды» орындай алмады.
ЖҮЛДЕСІЗ ҚАЛҒАН АЛТЫ БОКСШЫ
2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында алтын алған Жәнібек Әлімханұлы (75 килограмм) Дохада жартылай финалға өте алмады. Ол ширек финалда ирландиялық Майкл O’Рейлиден ұтылды. Әлем чемпионының жартылай финалға шыға алмауын қазақстандық БАҚ «сенсацияға» балап жатты.
2012 жылы Лондон олимпиадасында, 2013 жылы әлем чемпионатында –күміс медаль, 2014 жылы Азия ойындары мен 2015 жылы Азия чемпионатында алтын алған Әділбек Ниязымбетов (81 килограмм) ширек финалда өзбекстандық Елшод Расуловтан жеңіліп, жүлдесіз қалды.
2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында қола медаль алған Қайрат Ералиев (56 килограмм) пен әлем чемпионатына алғаш барған Закир Сафиуллин (60 килограмм) бірінші айналымнан өте алмады. Өзінің үшінші әлем чемпионатына қатысқан Олжас Сәттібаев (52 килограмм) ширек финалда қытайлық Ху Жиангуаннан жеңілді. Биылғы Азия чемпионатында Сәттібаев алтын, Ху қола алған. 91 килограмм салмақ дәрежесі бойынша рингке шыққан Қазақстан боксшысы Василий Левит украиналық Геворг Манукяннан ұтылды.
Азия чемпионаты - қыркүйекте, әлем чемпионаты қазанда өтті. Екі жарыс арасы өте жақын болып, боксшыларға ауыр тиді. Сәтсіздіктің бір себебі осы болуы мүмкін.Нұрлан Ақүрпеков
Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, Афина олимпиадасы чемпионы Бақтияр Артаевтың бапкері болған Нұрлан Ақүрпеков «Қазақстан боксшылары Азия чемпионатынан кейін шаршап қалғанын» айтады.
- Азия чемпионаты - қыркүйекте, әлем чемпионаты қазанда өтті. Екі жарыс арасы өте жақын болып, боксшыларға ауыр тиді. Сәтсіздіктің бір себебі осы болуы мүмкін. 2013 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан жалпы есепте 1-орын алғандықтан, басқа ел боксшылары қазақ боксшыларына арнайы дайындалғаны көрініп тұр, - дейді ол.
«ТОҚЫРАУ»
Осыған дейін Маңғыстау облыстық бокс федерациясында жұмыс істеген журналист Асқар Ағатаев Қазақстан боксшыларының Дохадан «кем дегенде үш алтын күткенін» айтады.
- Сәттібаевқа бапкерлер мүмкіндік берді. Дохада ол барын салды. Енді бұл салмақта олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігі Ілияс Сүлейменовке берілуі мүмкін. Ералиев те бапкерлер үмітін ақтамады. Ол Алматыдағы әлем чемпионатында қола алған еді. Сол нәтижеден кем түспеуі керек болатын. Әлімханұлы Азия чемпионатындағы жеңілістен психологиялық тұрғыда айыға алмаған сияқты. Ниязымбетов финалға шығады деген үміт болған. Расуловтың Ниязымбетовті зерттеп келгені көрініп тұрды. Елеусіновке финалдағы жеңіліс - үлкен сабақ. Дычко қорғанысы әлсіз болды, - дейді ол.
Дохадағы жарыста Куба (4 алтын, 2 күміс, 1 қола) - 1, Ресей (2 алтын, 1 күміс, 1 қола) – 2, Әзербайжан (1 алтын, 1 күміс, 2 қола) 3-орын алды. Бір қызығы, Азия құрлығынан бірде-бір боксшы Дохада алтын жүлде ала алмады.
Спорт журналисі Әли Битөре Дохадағы 8-орында «тоқырау» деп бағалайды.
- Куба, Әзербайжан, Ресей өте мықты дайындықпен келген. Өзбекстан алтын алмаса да төрт боксшысы олимпиада жолдамасын иеленді. Жүлдеге таласқан Елеусінов алтын алатынына тым сенімді болды және қарсыласын бағалаған жоқ. Дычко мүмкіндігін пайдала алмады. Екеуі де финалда жеңілді. Мойындау керек, - дейді ол.
«ЖЕТІСТІКТЕРДІ ЖОҚҚА ШЫҒАРУҒА БОЛМАЙДЫ»
Бокстан әлем чемпионы, Атланта және Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Болат Жұмәділовтің ойынша, «бір жарыстағы сәтсіздікке бола осыған дейінгі жетістіктерді ұмытуға болмайды».
- Дохадағы әлем чемпионатын бірден «сәтсіз» деп бағалауға болмайды. 2013 жылғы Азия чемпионатындағы - жеті, әлем чемпионатындағы төрт алтынды ұмытпайық. 2014 жылы Азия ойындарында жеті чемпион шықты. Бапкерлер мен боксшылардың осы екі еңбегін қалай жоққа шығаруға болады? Дохадағы сәтсіздік Рио олимпиадасы алдындағы сабақ болды. Бапкерлер қателіктерді зерттеп, жұмыс істейтін болады, - дейді 1999 жылғы әлем чемпионы.
Осыған дейін қазақстандық Біржан Жақып (49 килограмм), Берік Әбдірахманов (60 килограмм) және Василий Левит AIBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) ұйымдастырған басқа жарыстарда олимпиадаға жолдама алған. Дохада жолдама ұтқан Данияр Елеусіновті (69 килограмм) қосқанда әзірге Қазақстанның төрт боксшысына олимпиадаға жол ашық. Қалған салмақтарда жолдама алу үшін Қазақстан құрамасы 2016 жылы өтетін қосымша іріктеу жарыстарына қатысады.
2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында Қазақстан төрт алтын, екі күміс, екі қола медальмен жалпы есепте 1-орын иеленген еді.