Ғылыми институттарға бөлінетін қаржы азайды

Математика және математикалық модельдеу институтының ғимараты. Алматы, 1 маусым 2015 жыл.

Ғылым және білім министрлігі ғылым комитетіне қарасты бірнеше институт өкілдері биыл ғылыми жобалар да, оған бөлінетін қаражат та 50 пайыздан аса қысқарғанын айтты. Кейбірі «ғалымдардың сабақ беруге ауысып жатқанын» мәлімдеді.

Алматыдағы математика және математикалық модельдеу институты ғылыми қызметкері Дөрбітхан Сұраған Азаттық тілшісімен ұлттық ғылым академиясы ғимараты алдында жолықты. Ол «қаржы тапшылығынан жас ғалымдардың жоғары оқу орындарына (ЖОО) кетіп жатқанын» айтты.

Математика және математикалық модельдеу инсититутының ғылыми қызметкері Дөрбітхан Сұраған. Алматы, 1 маусым 2015 жыл.

- Мамандардың қағазбасты университеттерде сабақ бергенінен гөрі, институттарда ғылыммен бірыңғай шұғылданғаны дұрыс еді, бірақ бәрі қаржы мәселесіне тіреледі, - дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда «биыл ғылыми институттарға бөлінген қаржы қатты азайған». Дегенмен өзі институттан кетпей «барға қанағат етіп жүр».

«Ғылымға бөлінетін қаржыны 2050 жылы жалпы ұлттық өнімнің үш пайызына жеткізу жөнінде» Қазақстан баспасөзінде жиі айтылатындықтан, зерттеуші пікірі Азаттық тілшісіне тосын көрінді.

Дөрбітхан Сұраған қызмет ететін математика және математикалық модельдеу инсититуты директорынан осы мәселені сұрамақ болған Азаттық тілшісін институт басшысы қабылдамады. Азаттық тілшісі Совет Одағы кезінде ғылым академиясына арнап салған ғимараттағы бірнеше ғылыми институтқа кірген еді.

«ҒЫЛЫМ МЕН МУЗ-ТВ»

Тілшімен сөйлескен бірнеше ғылыми қызметкер биыл бөлінген қаржының азайып кеткенін растағанымен, «институт атына кір келтіруге болмайтынын» алға тартып, сөйлегісі келмеді. «Жарты ғасырлық тарихы бар қара шаңырақта» отырмыз деген олар «киелі орын туралы әрқилы пікір айту абырой әпермейді» деп санайды. Олардың ойынша «ғылымға бөлінетін қаржының азаюы шикізат бағасының түсуіне және Қазақстанға пайдасы шамалы халықаралық форумдар мен көрмелердің көбеюіне байланысты».

Ғылым комитетіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директор орынбасары Нұрлан Атығаев қана қаржы мәселесіне қатысты пікірін жасырмай айта алатынын білдірді. Оның сөзінше, «ғылыми зерттеулерге бөлінетін ақша азайғаны» рас. Өзі істейтін институтқа мемлекет бөлген ақша «былтырғыдан кем дегенде 50 пайызға азайған».

Тарих және этнология институы мен "Қазақ энциклопедиясы" бірлесіп шығарған басылымдар. Алматы, 27 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Атығаевтың айтуынша, «ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландырудың үш көзі бар». Соның бірі - базалық қаржыландыру. Институт шаруашылығын ұстау үшін міндетті түрде бөлінетін бұл ақша «биыл мамырдың 20-сы күні бір-ақ түскен». Қаражаттың екінші көзі –ғылыми жобаға мемлекеттік тапсырыстар. Оған әзірге ешқандай қаржы түспеген. Қаражаттың үшінші көзі – гранттар. Тарих және этнология институтына былтыр осы үш көзден 150 миллион теңге бөлінген. «Биыл оның жартысына да жетпеуі мүмкін».

- Жарты жыл қаржысыз қалдық. Институтты сақтау үшін зерттеушілерді кезек-кезек ақысыз демалысқа жібердік. Жалақы мардымсыз. Бұрынғыдай ғылыми атаққа төленбейді, сыйақы да жоқ. Ең қиыны - уақыт жоғалту. Жыл аяғында неге ақысыз демалысқа жібердің деп ешкім айтпайды. Нәтиже сұрайды. Басқа институттардағы жағдай да биыл осындай, - деді ол.

Нұрлан Атығаевтың сөзіне қарағанда, бұрын 10-15 миллион теңге бөлінетін жобаларға биыл 4-5 миллион ғана бөлінген. Зерттеушілер негізгі табысын осы ғылыми жобадан алады. Ал институтта жоқ мамандарды қосымша жұмысқа тартуға бөлінетін қаржы мүлде қысқарып кеткен. Бірақ ол ғылыми зерттеуге бөлінетін қаржының биыл не себептен қысқарғанын айта алмады. Тек «ресейлік әншілердің қатысуымен Астанада өткен (маусымның 4-і күні) «Муз-ТВ» шоуына мемлекет есебінен екі миллион доллардай қаржы бөлінгенін естігенде таңырқағанын» білдірді.

СССР заманында ұлттық ғылым академиясына арнап салынған ғимарат. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі сөйлескен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты директор орынбасары Ақжігіт Әлібекұлы да институт жобаларының қаржысы бұрынғыдан 50 пайыз қысқарғанын растады. Ал ғылым және білім министрлігі ғылым комитетіне қарасты тағы бір ғылыми институт өкілі ұйым атауын, аты-жөнін айтуға келіспеді. Бірақ ол институттағы жағдайды:

- Биыл жобалардың жартысы қысқарды. Соларға біреуіміз толық жүктеме, біреуіміз жарты, тіпті ширек жүктемемен іліндік. Оған дейін жарты жыл 100 доллардан сәл асатын айлықпен жүрдік. Жобаға ілінбеген кей әріптестеріміз қалай жылады, қалай жүректері ауырды. Бекіген жобалардың өзінің ақшасы 60-70 пайыз азайып келіп жатыр. Жобаны жеке ғалым ұсынады, бекітілсе, институтты сақтау үшін оған көп адам тіркейтін болды - өзіне түк қалмайды. Жобасы өткен бір адамды білемін. Жыларман болып отыр. Аз ақшаға жобаны жалғыз бітіруі керек. Ғылыми атаққа да төленбейтін болды, - деп суреттеді.

«ӘЛЕМДІК ДАҒДАРЫСТЫ» АЙЫПТАУ

СССР кезінде ғылыми институттарға жоспарлы қаржы бөлінсе, қазір Қазақстандағы ғылыми ұйымдар ұсыныс-жобалары білім және ғылым министрлігі конкурсында қаралып, шетелдік ғалымдар кірген ұлттық кеңес талқылауынан өтеді. Кеңес мүшелерінің кейбірі қаржы азаюының бірнеше себебін айтады.

Ұлттық кеңес мүшесі, әдебиет және өнер институты директоры Уәлихан Қалижан «Биыл гуманитарлық ғылымға бөлінетін қаржы 40 пайызға азайғанын» растады. Бірақ ол «оған кей ғылыми жобалардың техникалық тұрғыда дұрыс жасалмауы да себеп болды» дейді. Алайда «жастар ғылымнан кетіп жатыр» дегенмен келіспейді. Ол өзі басқаратын институттағы ғылыми қызметкердің 49 пайызы жастар екенін айтады. Дегенмен Уәлихан Қалижан қаржы азаюына «экономикалық дағдарысты» айыптайды.

- Әлемдік дағдарыс қоғамның кез-келген саласына әсер етеді. Оны елбасы да жасырған жоқ. Көптеген ірі жоспарлардың уақытша тоқтатылуы - соның белгісі, - дейді ол.

Тарих және этнология институты директоры Хангелді Әбжанов. Алматы, 27 желтоқсан 2013 жыл.

Ұлттық кеңес мүшесі, тарих және этнология институты директоры Хангелді Әбжановтың айтуынша, өзі басқаратын ұйымның 49 ғылыми қызметкерінің 38-і биыл кезекпен ақысыз демалысқа жіберілген. Оның уәжіне қарағанда, ақша қысқаруының себебі - институттармен қатар, «ғылыми жобаларды ЖОО-лар да алып жатыр, сапасы екі-үш жылдан соң белгілі болады».

Азаттық тілшісі білім және ғылым министрлігіне қанша хабарласқанымен, зерттеу институттары мен ғылыми жобаларға биыл бөлінген қаражат көлемі жөнінде ақпарат ала алмады. Ал министрлік сайтындағы Қазақстан ұлттық ғылым академиясы 2014 жылы жариялаған «Ұлттық баяндамада» ғылымға бөлінетін қаржы жылма-жыл көбейіп келеді. Мәселен онда 2010 жылы Қазақстанда ғылымға 20 миллиард теңге бөлінсе, 2013 жылы 53 миллиард теңге бөлінгені; ғылыммен шұғылданушы жастар 2009 жылы 15,8 мың болса, 2014 жылы 23,7 мыңға жеткені жазылған.

Алайда баяндамадағы халықаралық сарапшылар есебі бойынша мемлекет тұрақты дамуы үшін жалпы ішкі өнімнің екі-төрт пайызы ғылымды қаржыландыруға бөлінуі тиіс. 2013 жылы ғылымға бөлінген 52,838 миллиард теңге Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 0,18 пайызын құраған. Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясы бойынша 2020 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің екі пайызы ғылымды қаржыландыруға жұмсалуы тиіс.