Жылқы дауы: аукционнан соң шенеунікті «алаяқ» деп айыптады

Прокурор Ақжол Ахметов "алаяқтық" бабымен айып тағылған Нұра ауданы әкімі орынбасары Хакім Беков ісі бойынша куәгерге сұрақ қойып отыр. Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Қарағанды облысында тұратын фермер Дәулет Жапановтың арызымен Нұра ауданы әкімі орынбасары Хакім Беков «алаяқтық» айыбымен жауапқа тартылып жатыр. Іс қозғауға фермердің «конкурста жеңсең, жылқы бересің деді» деген арызы түрткі болған.

Ірі шенеуніктің жанжалға ілігуі - Қарағанды облысы Нұра ауданында сирек болатын құбылыс. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауданда жұрт бірін-бірі жақсы таниды, сондықтан араздасып, арызданғанды қаламайды. Киевка кентінде тұратын фермер Дәулет Жапанов та «ашық алаяқтыққа тап болғанға дейін осылай ойлаған».

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақаралық бөлімшесі Дәулет Жапановтың арызымен «Қызмет бабын пайдалану арқылы алаяқтық жасау» бабы бойынша Нұра ауданы әкімі орынбасары Хакім Бековтің үстінен іс қозғап, сотқа жолдаған.

Қарағанды облысы прокуроры жабық тергеу амалдарын жүргізу туралы санкция шығарған. Фермер мен шенеуніктердің арасындағы бүкіл әңгіме видеокамераға жазылған. Тергеушілердің болжамынша, шенеуніктердің фермер Жапановтан шынымен де жылқы талап еткенін, ал конкурс өткеннен кейін ақшаны қайтарғылары келмей, бірақ кейін қайтарып бергенін растауы тиіс әлгі видеожазбалар сотта болашақта жариялануы тиіс.

ЖАЛҒА БЕРІЛЕТІН ШҰРАЙЛЫ ЖЕРЛЕР

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арызданған Қарағанды облысы Нұра ауданындағы шаруа қожалығының иесі, фермер Дәулет Жапанов биыл жыл басында жер телімдерін ұзақ мерзімге жалға беру конкурсына қатысып, бағын сынап көрмек болған. Оның айтуынша, бұл - жұрттың көбі армандайтын жақсы жерлер болған. Фермер Жапанов конкурсқа қатысуға өтініш бергенін, бірақ Нұра ауданы әкімі мен оның орынбасары «конкурста жеңгің келсе, семіз жылқы сатып әкелесің» деген шартты тұспалдап жеткізгенін айтады.

Нұра ауданы әкімі орынбасары Хакім Беков ісін қарап жатқан судья Талғат Құрманов. Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Фермердің айтуынша, ол келісіп, жылқы сатып алған әрі шенеуніктерге берген, бірақ конкурста ұтылып қалған. Оның сөзіне қарағанда, кейін әкімнің орынбасарына жолығып, жылқыны немесе оның ақшасын қайтаруды сұрағанымен, жауап болмаған.

Іс материалдарына қарағанда, Дәулет Жапанов «ақшамды қайтармасаңдар, Қарағанды облысы әкіміне шағымданамын» деп шенеуніктерге сес көрсеткен. Жәбірленушінің айтуынша, қазір ісі сотта қаралып жатқан Нұра ауданы әкімінің орынбасары Хакім Беков фермердің әлгі сөзінен кейін оған «бір жарым мың доллар мен 75 мың теңге берген».

Жер комиссиясының мүшесі болған кейбір куәгерлер фермер Жапановтың жер телімдерін ұзақ мерзімге жалға алу конкурсына қатысқанын сотта растады. Олар фермер осы жанжалға себеп болған жерлерге қатысты төрт лот бойынша «конкурста ұтылып қалған соң ашуға басқанын» айтады.

Куәгерлердің бірі «ақшаны фермерге беруді маған тапсырды» дейді. Тергеу болжамынша, жылқының ақшасын фермер облыс әкіміне шағымданамын деп қорқытқан соң қайтарған .

- Маған «мынау - жылқының ақшасы, Жапановқа бер» деп 350 мың теңге берді. Бірақ ол «менен ақшаны сен алған жоқсың» деп алудан бас тартты, - дейді жер комиссиясынан шақырылған куәлердің бірі сотта.

Ал жәбірленуші денсаулығына байланысты қатыса алмайтынын мәлімдеп, сот тыңдауын онсыз өткізуді сұрап, өтініш жазған. Бірақ сотталушының адвокаты мен айыптаушы тарап кейбір отырысқа жәбірленушінің қатысуын қамтамасыз етуді сұрады. Судья Талғат Құрманов олардың өтініштерін қанағаттандырды.

«КОРОПОРАТИВТІК ШАРАҒА» АРНАЛҒАН ЖЫЛҚЫ

Сот процесі біткенше Нұра ауданы әкімі орынбасары қызметінен шеттетілген сотталушы Хакім Беков тергеу кезінде де, сотта да бір позициясынан танбаған әрі тағылған айыпты терістейді. Оның айтуынша, жылқы «корпоративтік шара» өткізу үшін сатып алынған және сыйақы ретінде ешкімнен жылқы талап етіп, алаяқтық әрекетке бармаған.

Осакаров аудандық сотының ғимараты. Қарағанды облысы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Кейбір куәгерлер сотта бұл ақпаратты растап, «салтанатты шараны өткізу үшін әкімдіктің әр қызметкерінен ақша жиналған, бесбармақ әзірлеу үшін жылқы сатып алуға ақша қосқанбыз» дейді.

Сотталушы баспасөз өкілдерімен сөйлесуден бас тартты. Сотта адвокаты екеуі фотоға түсіруге қарсы екенін мәлімдеді.

Істе есімі де аталатын Нұра әкімінің үстінен сотқа дейінгі жеке тергеу өндірісі қозғалған. Бірақ айғақ жеткілікті болмағандықтан, іс уақытша тоқтатылған. Азаттық тілшісіне әкіммен хабарласудың сәті түспеді.

ҚАЙШЫ ЖАУАПТАР

Мемлекеттік айыптаушының пікірінше, іс бойынша жауап алынған куәгерлердің кейбірі қайшы жауаптар берген. Фермер мен шенеунікті араздастырған жылқыны сатқан куәгер Димбаев «жалған куәлік етті» деген күдікке ілікті. Сотта әлгі куәгер «биыл ақпанда фермер Жапанов пен әкімнің орынбасары Беков келіп жолығып, семіз жылқылардың бірін таңдап кетті» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, біраз уақыттан кейін фермер келіп, әлгі жылқы үшін 350 мың теңге төлеген. Ал кейінірек әкімдіктің бірнеше қызметкері жылқыны алып кеткен.

Куәгердің мәлімдеуінше, жылқыны әкетіп бара жатқан кезде шенеуніктердің бірі «Хәкім жіберді» деп айтып қалған. Кейінгі жауаптарында куәгер Димбаев бұл сөзінен айнып қалған. Димбаевқа сұрақ қойған мемлекеттік айыптаушы Ақжол Ахметов:

- Сөздеріңіз бір-бірімен мүлде қабыспайды. Әуелі бір жауап бересіз, кейін басқалай сөйлейсіз, - деді.

Соттағы тағы бір куәгердің айтуынша, жылқыны алып кеткен күннің ертеңінде әкімнің орынбасары Беков телефон соғып, «Димбаевпен хабарласып, жылқының ақшасын төледі ме, біл» деп тапсырма берген.

- Димбаевқа телефон соғып сұрап едім, ол ақшаны алғанын айтты, - дейді куәгер.

Қазанның 7-сі күні белгіленген келесі сот отырысына кейбір фактілерді анықтау үшін әрі сотталушының адвокаты мен мемлекеттік айыптаушының өтініштері бойынша жаңа куәгерлер мен жауап алынған куәлер тағы шақырылатын болды.

Қазақстан заңы бойынша қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін үш жылдан жеті жылға дейін бостандығынан айыру жазасы мен дүние-мүлкін тәркілеп, белгілі бір қызмет түрлерін атқару құқығынан айыру жазасықарастырылған.