Желтоқсан айында Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов 10 жылға, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев бес жылға сотталды. Талай айға созылған сот марафонында 21 сотталушының алтауынан өзгесі тағылған айыптарды мойындамады. Іске қатысты айыпталғандардың көбі түрмеге кесілді.
Серік Ахметовті 10 жыл соттап қана қойған жоқ, дүние-мүлкін тәркілеп, бес жылға мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды әрі жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды. Бұл көпшілік мұқият бақылаған санаулы сот процестерінің бірі болды.
ТҮРМЕГЕ ТҮСПЕГЕНДЕРДІ АРҚАСЫНАН ТҮЙГІШТЕДІ
Қарағандының кейбір тұрғындары сотқа келіп, процесті арнайы бөлінген бөлмелердегі монитор экрандарынан бақылады. Сот залынан орын жетпегендер дәлізде отырды. Сот процесінен қалмай келіп, көзге жиі түскен кей адамдар Азаттыққа «мына сот процесі мен сотталушылардың тағдырына бейжай қала алмадым» деген болатын.
Үкім жарияланған кезде және одан кейін сот ғимаратында болған адамдар (көбі сотталушылардың туыстары) үкімге наразылық білдіріп, шу шығарды. Біреулерге үкім әділетсіз болып көрінді. Кей әйелдер талып қалды. Дәліз жақтан жылаған дауыстар мен үкімге наразылардың балағаты естілді. Үкімге наразы топқылмыстық жауапкершіліктен босап, сот залынан шыққандарды арқасынан түйгіштеп, олардың соңынан «Мынадан кейін қалай өмір сүрмексің?», «Түрмеге сен кетуің керек еді» деп айқайлап жатты.
Азаттықтың Ахметов ісінің үкімі шыққан сәтте түсірген видеосы:
Your browser doesn’t support HTML5
Бұрынғы премьер Серік Ахметовтің сотына қатысты әлеумет пікірі екіге жарылды. Біреулер Ахметовке «ор қазған» деп санаса, енді біреулер «Ахметов расымен айыпты шығар» деп жорамалдайды. Бірақ «неліктен өзге емес, Серік Ахметов ілікті?» деген сұрақты терең қаузағандар да бар.
Әлеуметтік желі пайдаланушыларының кейбірі былай деп жазады:
«Сұмдық!!! Ақыры экономикалық, қайталаймын - экономикалық қылмыс екенін дәлелдедік деп санасаңдар, бүкіл ақшасын тартып алып, есеп-шоттарын, дүние-мүлкін тәркілеңдер! Бірақ 10 жылға соттаудың керегі не, бұл нағыз Сталин заманы болды ғой («хат-хабар алу құқығынан айыруды» неге ұмытып кеттіңдер?!)! Өмірінің ойранын шығарғандарың не? Айуандыққа пара-пар бұл неткен қатыгездік?!» деп жазады қарағандылық жазушы әрі ҚарЛАГ тарихын зерттеуші Екатерина Кузнецова Facebook желісінде.
«Қорқау қасқыр сияқты жан-жақтан талап тастады, енді санай бастадыңдар ма? Ал жоғары жақта тапжылмай отырғандардың «ауыр еңбекпен жиған-тергені» қанша екенін ойладыңдар ма? Әлде олардың ақшасын санап, сұрауға әлдерің келмей ме? Ал Серік Ахметов үлкен саясаттағы белгілі адамдардың бәсекелесі болды. Ол өзге шенеуніктер мен «халық қызметшілерімен» салыстырғанда, салиқалы, ақылды және жөні түзу адам еді. Тек ол өзгелер сияқты жағымпаздануды, қитұрқы әрекеттермен айналысуды білмейді» деп жазады Ердәулет есімді желі қолданушысы.
Тағы бір пайдаланушы «Мейлі кішігірім шенеунік, мейлі премьер-министр болсын, мемлекеттік қызметші деген атқа кір келтірген кез келген мемлекеттік коррупционерге ең қатал жаза қолдануды» ұсынады.
«БҰЛ ОЙЫННЫҢ БІЗГЕ ТІПТІ ҚАТЫСЫ ЖОҚ»
Қарағанды тұрғыны, азаматтық белсенді әрі Серік Ахметовті Қарағанды облысы әкімі кезінен жақсы танитын Павел Шумкиннің пікірінше, Серік Ахметовке тағайындалған жазаның әділдігіне қатысты дауласқысы келетіндер кей жайттарды ескергені жөн. Атап айтқанда, елде «сот төрелігі бар ма әлде әзірше жоқ па», әділ сот пен прокуратура, тәуелсіз адвокаттар, кәсіби тергеушілер мен «демократиялық құқық институтының өзге нышандары» бар ма? Жұрт, міне осыны ойлануы тиіс. Егер мұның ешқайсысы жоқ болса, сот шешімдерінің себеп-негіздеріне қатысты жорамал жасауға тырысу - «өнбес дауды қуудың кері» дейді Павел Шумкин.
- Драматургиялық спектакль деп атауға лайық бұл «шараның» мән-мақсаты қоғаммен мүлде шаруасы жоқ режиссерлеріне ғана аян. Сондықтан «шындық пен әділдік» «тап қазір» орнай қалса дейтін жерлестерімнің уайымын түсінбеймін. Жұрттың ол кісіні жақсы көретініне шәк келтіруден аулақпын, бірақ әлдебір ғажайыпты күткендеріне қайран қаламын. Ешқашан болмаған ғажайып дәл Ахметовке келгенде неге көктен түсе қалуы тиіс? Қандай еңбегінің өтеуі үшін? Ол қайда, кімге және не үшін бара жатқанын білді әрі қоғаммен ақылдасқан жоқ қой, сондықтан оған бола қайғырудың қажеті жоқ. «Ол - өзекке тепсе де кетпейтін өз адамы». Бұл ойынға біздің қатысымыз жоқ, - дейді Павел Шумкин Азаттыққа берген комментарийінде.
Ол жұрттың «қымбатшылық қысқан мына заманда бөтен біреудің қамын ойлап» уайымдауы орынсыз деп санайды.
Тағы бір азаматтық белсенді Андрей Цуканов «Меніңше, оны өзгелерге сабақ болсын деп жазалаған сияқты. Өзгелер сескенсін десең, өз адамдарыңды таяқта деген сөз бар емес пе?» дейді Азаттыққа.
Ширек ғасырдан бері президент қызметінде отырған Нұрсұлтан Назарбаев орнын түбі бір босататыны белгілі, сондықтан болашақ билікке таласқан кландар арасында әлдебір тартыс жүріп жатқаны жайлы әңгімелер кейінгі кезде жиі естілетін болды. Оның тарапынан ешқандай саяси амбиция байқалмағанымен, бұл әңгімелер әсіресе Серік Ахметов қамалғаннан кейін қыза түсті. Газеттер мен интернетте Ахметовтің қудалауға ұшырау себебін болжаған жорамалдар пайда болды. Кейбіреулердің пікірі «Серік Ахметов сияқты жоғары лауазымды шенеуніктің сотқа тартылуы - кланаралық тартыстың салдары әрі қарсылас кландар әзірше тақ үміткерлері кім екені белгісіз боғанымен, бір-бірінің атына осылай кір келтіргісі келеді» дегенге саяды.
НАЗАРБАЕВТАН КЕШІРІМ СҰРАУ
Үкім жарияланғаннан кейін Серік Ахметов пен кейбір сотталушылардың адвокаттары сот залынан ұнжырғасы түсіп шықты. Серік Ахметовтің төрт адвокаты Николай Лесник, Георгий Матвеенков, Владимир Меркулов және Марал Жамбырбаева сот кезінде жаңа дәйектер келтіріп, жаңа куәгерлер әкеліп, клиенттерін ақтауға тарысқан. Ахметовтің кейбір адвокаттары сотта куәгерлермен, мемлекеттік айыптаушы және судьямен ұрсысып та қалған болатын.
Серік Ахметовке және өзге сотталушыларға нақты қандай айыптар тағылғаны үкімге дейін кей адамдарға түсініксіз болды. Тағылған айыптардың мазмұны үкім жарияланатын кезде ашылды. Үкімде жазылғандай, Ахметов «Транспорт-логистикалық кешен» компаниясы жұмысына араласып, кешенді салуға жер телімін бөлу кезінде қызмет бабын асыра пайдаланғаны; «Топарские теплицы», «Топар» асыл тұқымды мал шаруашылығы, «Сарыарқа Агро Маркетинг» компанияларын құрғаны, «Топарские теплицы» компаниясы құрылысы мен құрал-жабдығының бағасын мемлекет есебінен асыра көрсеткені; «СтальЦинк» компаниясы мүддесін қорғап, заңды кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі келтіргені; Қарағанды қаласындағы еркін экономикалық аймаққа кіретін «Металлургия-металлөңдеу индустриалдық паркі» компаниясының кәріз-тазарту жүйесі құрылысына бөлінген бюджет ақшасын жымқырғаны үшін сотталды.
Соңғы сөзінде «жанжалға ілігіп, сенімін ақтамағаны» үшін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрағанымен, Серік Ахметов бұл айыптарды мойындамайды. Сотталған шенеуніктердің Назарбаевтан кешірім сұрауы Қазақстанның қоғамдық өміріндегі жаңа жораға айналған, бірақ Ахметовке бұл көмектеспеді.
Коррупциялық іске қатысты айыпталған 21 адамға әр түрлі жаза тағайындалды. Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ғабит Мұхамбетов, Қарағанды қаласы жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Ернар Дәрібеков - үш жылға, «Металлургия және металл өңдеу» компаниясының бұрынғы директоры Анатолий Эссе - жеті жылға, оның бұрынғы орынбасарлары Оразалы Әйменбетов пен Болатбек Ысқақов үш жарым жылға сотталды. Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин төрт жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленетін болды. «ҚазАгро» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Дулат Айтжанов - үш жылға, «Сарыарқа» СПК» компаниясының бұрынғы менеджері Ерлан Қисықов үш жылға сотталды.
Алты адам - жер қатынастары бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары Марлен Шалтақов, премьер-министр кеңсесі бастығының бұрынғы орынбасары Ғабит Матаев үш жылға шартты жазаға кесілді. Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығының бұрынғы бөлім басшылары Айдос Жәкенов пен Мұхтар Адамбеков, сәулет-құрылыс басқармасының бұрынғы қызметкерлері Бақтыгүл Асқарова мен Қанат Мұсаев та шартты жаза арқалады.
Айыбын мойындап, өкінетінін мәлімдеген «ҚазАгроФинанс» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Ғұмар Рахымжанов, «Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы» компаниясы бас директорының бұрынғы орынбасары Әлжан Ақмолдаев пен алматылық бизнесмен Думан Нұрбаев қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Испаниялық RufepaTecnoagroSL компаниясының Орталық Азия елдеріндегі сауда менеджері Камилла Піралиева төрт миллион 600 мың теңге айып төлейтін болды.