Әлемдік БАҚ Орталық Азияны теріс сипаттай ма?

Наурыз мейрамы кезінде Әзірет Сұлтан мешітінің жанына тігілген киіз үйлер. Астана, 22 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Әлемдік баспасөз құралдарынан Орталық Азия туралы жақсы пікір табу қиын. Ірі телеарналар мен газет-журналдар аймақ жайлы көп айтпайды.

Орталық Азия елдеріне әлем назары аймақ үлкен дағдарысқа тап болғанда ғана ауады. Халықаралық жаңалықтарды тыңдайтындар 2005 жылы Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласында бүлік болғанын, қауіпсіздік күштері шерушілерге оқ атқанын еске түсірер. Енді біреулер 2005 және 2010 жылдары Қырғызстанда төңкеріс болғанын, аймақтың Ауғанстанмен шектесетінін немесе бұрын Совет Одағы құрамында болғанын айтуы мүмкін. Жақсы пікір қалыптастырмайтын деректер. Орталық Азия халқының басым көбі мұсылмандар екенін де ешкім ұмытпайды.​

«ТЕК ДІНИ ТҰРҒЫДА ҚАРАЙДЫ»

Кейінгі айларда «Орталық Азия - елдері бүлік ошағы, экстремистерге қолайлы аймақ; мұсылман тұрғындары Таяу Шығыстағы, Ауғанстан мен Пәкістандағы немесе басқа аймақтағы шиеленістерге қатысып жатуы мүмкін» деп сипаттаған мақалалар көп шықты.

Орталық Азиямен жақсы таныс, аймақта тұрып көрген журналистер мен ғалымдар мұндай көзқараспен келіспейді. Кейбір ақпараттар - түбегейлі қате, болжамдар жаңсақ. Әлемдік БАҚ пен сараптама орталықтарындағы Орталық Азия елдеріне қатысты пікірлерді талқылау үшін Азаттық дөңгелек үстел өткізді.

Жиынды Азаттықтың БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері Мұхаммед Тахир жүргізді. Хабарға «Өзгеше қоғам және дінмен ынтымақтастық орнату қауымдастығы» (CEDAR) өкілі, «Ислам дінін ұстанушылар: Қырғызстандағы білім, тәжірибе және әлеуметтік навигация» кітабының авторы Дэвид Монтгомери (Массачусетст), Колумбия университетінің зерттеушісі, Гарриман институты мүшесі, Таяу Шығыста соғысқан Тәжікстан азаматтарын зерттеп жүрген Эдвард Лемон (Нью-Йорк), Джордж Вашингтон университетінде Орталық Азия жөніндегі бағдарлама зерттеушісі, Регистан сайтының бас редакторы, қазір Азаттыққа қызмет ететін Ной Такер мен Азаттық тілшісі Брюс Панниер Прагадан қатысты.

Ұйғыр ақсақалдары. Қырғызстан, 25 наурыз 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

Алдымен ескертетін жайт, жиынға қатысушылар біреудің жұмысын, мақаласын немесе нақты бір баспасөз құралын сынамайды.

Такер айтқандай, Орталық Азияның бес мемлекетінің кез келгені экстремизм мен зорлық-зомбылықтың ошағына айналуы мүмкін деп болжаушылар бұрыннан бар.

- 1980 жылдарды еске алайық. Адамдар Орталық Азия туралы жиі айтатын. Советтік кезеңде «Совет Одағына ислам діні қатер төндіреді: Мәскеудің мұсылмандарды сынауы» тәрізді кітаптар көп еді, Совет Одағының күйреуіне Орталық Азия елдері ықпал етеді деген болжамдар айтылды, - дейді Такер.

Совет Одағы кезінде Орталық Азия мұсылмандары ислам дінін ашық ұстана алмады. 1991 жылы Совет Одағы тарағанда 75 жыл бойы ислам әлемінен оқшауланып қалған Орталық Азия мұсылмандары 8-ғасырдан бері ата-бабалары ұстанған дінді дереу еске алды. Аймақ тұрғындарының жаңа мешіттер салып, ислам дініне тән саналатын киімдер киіп, діннің сыртқы белгілеріне мән бергенінен шошып, бұның соңы экстремизмге әкеледі деушілер болды.

«СОҒЫСЫП ЖҮРГЕНДЕРДІҢ БӘРІ ДІНШІЛ ЕМЕС»

Монтгомери «Біреу тым діншіл болып, мұсылман дінінің талаптарын ынты-шынтысымен орындай бастаса, оған қауіпті адам ретінде қарайтындар көбейді» дейді.

Біреу тым діншіл болып, мұсылман дінінің талаптарын ынты-шынтысымен орындай бастаса, оған қауіпті адам ретінде қарайтындар көбейді.

Жалпы саны 70 миллионға жететін Орталық Азия халқының бірнеше мыңы соңғы бес жылда таяу Шығыс, Ауғанстан мен Пәкістанға кетті. Орталық Азия азаматтары әлем халқын шулатқан бірнеше теракт жасады. 2014 жылы Карачидегі Джинна халықаралық әуежайына, 2016 жылы Стамбулдағы Ататүрік әуежайына шабуылдады, жаңа жыл түні Стамбулдағы клубта оқ атқандар да солар деседі. Адамдар осындай жағдайларды есте сақтайды, соның негізінде Орталық Азия туралы пікір қалыптастырады.

Зерттеулер көрсеткендей, Таяу Шығыс немесе басқа жердегі экстремистік топтарға қосылған Орталық Азия жастарының ислам діні туралы білімі таяз. Көп жағдайда олардың соғысу себебі дінге қатыссыз болып шығады.

Такер Донецкіде ресейшіл сепаратистер жағында соғысқан тәжікстандық өзбектің оқиғасын баяндады.

- Оның ауылындағы жастардың көбі әртүрлі жерге соғысуға кеткен, негізінен ИМ-ге ("Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы. Бұл ұйымға Қазақстанда тыйым салынған - ред.) қосылған . Оның шетелдік төлқұжаты болмапты, сондықтан Сирияға жете алмайды, бірақ бұрынғы советтік елдер арасында жүре алатын болған. Ол бір жаққа шығып, ақша жасап, соғысқысы келеді, шытырман оқиғаны іздеген жас жігіт еді, - дейді ол.

Сирияға барған қазақ "жиһадшылары" видеосынан алынған скриншот. 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Лемонның айтуынша, экстремистік топтарға барып қосылатындар көбіне «ерлерге тән намыс деген түсінікпен барады... қайда, кіммен соғысқаны маңызды емес, «жиһад жасасам» деген «діншілдігінен» гөрі қызық іздеген әуестігі басым».

Такердің зерттеуінше, Сирия мен Ирактағы Орталық Азия азаматтары түрлі топтарға қосылған, кейде бір-біріне қарсы соғысып жүреді.

- Мұндай жағдайдың бар екенін терістей алмаймыз, - деген Монтгомери Орталық Азия туралы кейбір материалдарды оқығанда «жағдай өте нашар тәрізді, бұдан да ушыға беретіндей, ислам дінінен басқа назар аударатын ештеңе жоқ сияқты көрінеді» деді.

Жиынға қатысушылар аймақтағы ислам дінінің дәстүрлі және заманауи сипатына тоқталып, үкімет саясатының дінге қатысы және тағы басқа мәселелерді талқылады.

Дөңгелек үстелдің аудио нұсқасын тыңдаңыз (ағылшын тілінде):

Your browser doesn’t support HTML5

Majlis Podcast: Is Central Asia Being Unfairly Portrayed In The Media?

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.