"Тәушеннің" авторы ашаршылықты жаңаша көрсетпек

Кинорежиссер Қалила Омаров. Алматы, 14 қыркүйек 2010 ж.

Деректі фильмдері арқылы танымал болған қазақ режиссері Қалила Омаров ашаршылық туралы жаңа деректі фильм түсіріп, Қазақстан тарихындағы зор нәубеттің біріне Батыстың назарын аудартқысы келеді. Режиссердің Азаттық радиосына берген сұқбатын ұсынамыз.

Кино өнерін жетік білетін қауымға деректі фильмдері арқылы танылған Қалила Омаровтың өнердегі жолы советтік заманда «Бір үзім нан» деп аталатын ауыл сахнасында қойылған спектакьлдегі басты рөлден басталыпты. Қалиланың осылайша Жаңақорғандағы ауыл сахнасынан бастау алған актерлік жолы 1989 жылы «Қазақфильм» киностудиясында режиссерлікке ұласады.

Қалила алғашқы түсірген «Тәушен» деп аталған деректі картинасын интернетте ең көп көрілетін шығарманың бірі дейді. Айтыс ақыны Тәушеннің өмірі арқылы қазақ әйелінің бейнесі, ішкі жан-дүниесі, қуанышы мен мұңы советтік идеологиядан тыс көрсетілген болатын деп еске алады Қалила.

Қалила Омаровтың қазақ кино өнеріне қосқан үлесі ретінде «Нәубет» деп аталған ашаршылық туралы және қазақтың саяси қайраткерлері жайлы түсірген бірнеше деректі фильмін атауға болады.

ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ ТҮСІРУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Режиссердің айтуынша, деректі картиналарының тізімі елуге жуық. Деректі фильм түсірудің өзіндік ерекшеліктерімен қатар қиындықтары өз алдына бір төбе дейді ол.

«Көркем фильмді түсіру барысында режиссер ойдан шығарған, қиялынан туған жайттарды көркемдеп жеткізе алады. Ал деректі фильмде шындықты жеткізу жолында түрлі кедергілерге кез боласың, кейіпкерлерің айтқысы келмейтін немесе айта алмайтын тұстар болады, – деді Қалила Омаров. – Кез келген қазақ философ, жалпы мен кино түсіргенде ұлы адамдардың бойынан қарапайымдылықты іздеймін, қарапайым адамның бойынан ұлылықты іздеймін».

Деректі дүние түсіру болашақ үшін керек деп білетін Қалила «өшкенді жандырып, өлгенді тірілту, тарихтың көмескі тұстарын ашу» арқылы біреуден алғыс, ал тағы біреулерден өкпе, реніш еститінін де жасырмайды.

«Жұрт ұлағат тұтып жүрген жандардың ғұмырының көп назарынан тыс қалған тұстарын көрермен санасында жаңғыртасың. Осының өзінен мақсатың орындалғандай масаттанасың» дейді кәсібі жайлы әңгімелегенде Қалила Омаров.

АШАРШЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫНА ҚАЙТА ОРАЛУ

Лондонда тұратын қазақ кәсіпкері Шыңғыс Құлжановтың қазақты қырғынға ұшыратқан өткен ғасырдың 30-шы жалдарындағы ашаршылық нәубетін терең зерттеген картина түсіріп, оны шетелдік көрерменнің назарына ұсыну идеясы мен демеушілік жасауы Қалиланың ашаршылық тақырыбына қайта оралуына себепкер болыпты.

«Өткен тарихты жай ғана «қазағым, қазағым» деген жалаң сөзбен емес, түрлі көзқарастар, түрлі жүйелердің тоғысында, деректілігі өз алдына, жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеп, жасау керек. Осы ретте Еуропа ғалымдарымен, басқа да зерттеушілермен ақылдасып, пікірлесіп жатырмыз» дейді режиссер.

Қалиланың деректі фильмдерінің техникалық-компьютерлік көркемделу, безендірілу тұстарына ендігі ізбасары болып қалған ұлы Бауыржан көмектеседі екен.

Қазақстандық деректі фильм режиссері Қалила Омаров және оның ұлы Бауыржанмен Азаттық радиосының Прагадағы студиясында болған сұқбаттың толық нұсқасын мына арадан тыңдай аласыздар.

Your browser doesn’t support HTML5

Режиссер Қалила Омаровпен сұқбатты тыңдаңыз