Қазақстан жастары қалай киінеді?

"Барахолка" көрінісі. Алматы, 19 қаңтар 2013 жыл.

Қазақстан жастары киімді қара базардан да, қымбат сауда орталықтарынан да сатып алады. Киімін өзі тігетіндер де бар.
Гүлнұр Арыстан Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 5-курсында оқиды. Ол осында ісмерлікті үйреніпті.

ҚОНАҚҚА БАСҚА БІРЕУМЕН БІРДЕЙ КӨЙЛЕК КИІП БАРМАУ ТӘСІЛІ

Гүлнұр Арыстанның айтуына қарағанда, қазір Қазақстан жастарының киім талғамы жоғары. Мәселен, дүкендегі киімдер Гүлнұрдың көңілінен шыға бермейді, сондықтан ол кейбір киімін өзі тігеді.

- Базардан, дүкеннен қалаған дүниеңді табу қиын. Тапсаң да бір жері келіспей жатады. Ал өзім тіккен киімді қалауымша дене мөлшеріме өлшеп-пішіп, жарасатындай, әрі қиялымдағыдай етіп шығарамын. Өзім дизайнер болғандықтан, кез-келген киім көңілден шыға бермейді. Өзің тіккен көйлектің үлгісі басқа ешкімде болмауы да көңілге қуаныш сыйлайды. Мен қонаққа, салтанатты шараға арналған киімдерімді өзім тігемін, - дейді дизайнер.

Гүлнұр Арыстан, студент. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


Оның айтуынша, «бір көйлектік сапалы матаны 30 мың теңгеге алуға болады. Ал тура сондай матадан тігілген салтанатты кеш көйлектері 60 мың теңгеден кем тұрмайды».

Алматы студенттерінің көбі киімдерін негізінен базарлардан алуға бейім болса, жұмысқа араласа бастаған жастар дүкеннен киінгенді жөн көреді.

«БАРАХОЛКА» МЕН ДҮКЕН

Аудармашы болып істейтін жас маман Айнұр Омарова:

– Осы күні сауда орталықтарында (дүкендерде - ред.) жеңілдіктер жарияланып жатады және бағасы арзан киімдерді де табуға болады. «Барахолка» сияқты үлкен базарларда қыстыгүні тоңып жүріп киім іздеу қиын. Тіпті интернет арқылы да киім таңдап, сатып алған кезіміз болды, – дейді.

Айнұр Омарова, аудармашы. Алматы, 13 желтоқсан 2012 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


Айнұр Омарованың айтуынша, «Сапалы матаға арнайы тапсырыспен киім тіктіру қымбатқа түседі. Сахнада жүрген өнерпаз болмаса, былайғы жұрт дайын киім тиімді».

Киіміне ерекше көңіл бөлетін әнші Жалын Тілеубергенов «Жас кезде жарқырап жүру керек» дейді.

- Классикалық та, еркін киімдерді де кие беремін. Бастысы - жарасқаны. Көптің бірі болып жүргім келмейді. Ерекшеленген дұрыс. Көбінше бренд кигенді дұрыс көремін және оларды Алматыдағы сауда орталықтарынан аламын. Жақында 50 мың теңгеге пиджак алдым. Негізі одан да жоғары бағаға іздеймін. Киімге қарап қарсы алып, ақылыңа қарап шығарып салатын заман ғой. Бір көргенде адамдардың көзқарасы түзу болу үшін жақсы киінген дұрыс. «Орда», «Ринго» топтарының киімі ұнайды. Біз шетелдік, атап айтқанда батыстық және корей әншілерінің киімдерін ұнатамыз, - дейді ол.

Алайда оның ойынша, «хип-хоп киім үлгісіне қатты беріліп кетуге де болмайды».


ЖАСТАР СТИЛІ

Алматыдағы сауда орталығында киім сататын жігіттердің бірін сөзге тартқан едік.

– Қазір классикалық киімнен гөрі спорт киімдеріне сұраныс басым. Еркін стильді ұнататындар көп. Толық адамдар «арықтау етіп көрсетеді» деп қара түсті таңдап жатады. Бір қызығы, елдің көбі арзан әрі сапалы дүние іздейді. Ондай болмайды - арзан киім 3-4 мың теңгеден, сапалысы кемінде 6-7 мың теңгеден басталады. Түркия киімдері Қытайдікіне қарағанда қымбат, – дейді сатушы Бексұлтан Тоқтар.

Жастардың арасында киіміне жазу жаздыртып алатындар да бар. Өзін «Айгүл» деп таныстырған базардағы сатушы:

- Киіміне жазу жаздыратындар – көбіне жасөспірімдер. Аты-жөндерін, руларын, спорттық командадағы нөмірін жаздырып алады. Жазда жастар футболкаларды жиі сұрайды. Осы күні қара, қоңыр, ақ киімдерге қарағанда қызыл, жасыл, сары, көк сияқты қанық түсті киімдер жақсы өтеді. Қыздар ғана емес, ер балалар да ашық түсті әрі денеге жабысып тұратын киімді ұнатады. Қыста тоқыма киімдер көп өтеді. Базарға негізінен киім іздеп студенттер келеді. Екі-үш мың теңгенің киімін көреді, бес мың теңгеге ақша жеткізе алмай ойланып қалады, - деді.

"Алма" сауда орталығындағы киімдер. Алматы, 31 қаңтар 2013 жыл.


Бұдан кейін қазақ рулары жазылған бас киімдер мен футболкалар сатылатын дүкенге кірдік. Тігінші, әрі сатушы Катя бізге сұхбат беруден бас тартты.

ШОЛАҚ ШАЛБАРЛАР

Дархан Әбдіразақ атты сатушы:

– Жастар қазір корей сериалдарын көріп, соған еліктейді. Сондағы жігіттерше шаш қояды, денеге жабысып тұратын, мойын алқымы салбыраған киімдер сатып алады. Балақтары тырысып қалған «сигаретка» киеді, -дейді.

Ол брендтік киімдердің Қытайдан келетінін айтты. "Қытай брендтердің көшірмесін әп-сәтте жасайды" деген ол оның бағасынан да хабардар етті.

- Қатарластарымыз еуропалық әйгілі брендтерге құмар-ақ. Алайда осы киімдердің көбісінің жай ғана көшірме екенін қаперден шығарып алады. Мәселен бренд киімдер негізінен 15 мың теңге тұрса, біз көшірмесін 5-6 мың теңгеге сатамыз,- дейді Дархан Әбдіразақ.

Ол дінге бет бұрған жастардың киім ерекшелігі жайында да айтты.

- Ашық түстер арқылы елден ерекшеленуге құмарлар көбейген. Көп жастардың намазға жығылуына байланысты тобыққа жетпейтін, бірақ балағы тізеден төмен, шолақ шалбарларға да сұраныс бар, - деді сатушы.

Қазақстанда жастар санатына 14 пен 29 жас арасындағы азаматтар жатады. 2012 жылдың қараша айындағы мәлімет бойынша, қазір Қазақстанда 4 миллион 483 мың жас азамат бар.