16 СУРЕТТЕГІ 16 ТАҒДЫР
Алматыдағы «Тенгри Умай» галереясында апта соңында ашылған фотокөрмеге жыныстық зорлау, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған я жыныстық өзгешелігіне байланысты қысым көріп жүрген 16 әйелдің оқиғаларын баяндайтын суреттер қойылған.
Your browser doesn’t support HTML5
Фотограф Марина Константинова жобаға кейіпкер іздеу оңай болмағанын, дағдарыс орталықтарында бірқатар қыз-келіншекпен әңгіме барысында зорлық туралы ашық айтып, суретке түсуге көпшілігі келіспегенін айтады. Себебі, олар әлі көпшіліктің айыптауынан қорқады не ұят санайды дейді ол.
- Егер біз зорлық-зомбылық жайлы ашық айтатын болсақ, оның саны азаяды. Себебі, таяқ жеген - ұят емес, ұрып-соғу, жәбірлеу - ұят. Әйелдердің көбі осыны түсінбей, жан жарасын жасырып қалуды жөн санайды, - дейді Марина Константинова.
Алматы тұрғыны 43 жастағы Гүлзада - фотокөрмеге суреттері ілінген 16 кейіпкердің бірі. Ол өзін дәстүрлі ұғымға жатпайтын әйелмін деп санайды.
- Дәстүрлі қалыптасқан – ана немесе жұбай болу деген ұғымнан өзгеше де әйелдер бар. Оларды әдетте жыныстық азшылық өкілдері дейді. Біздің қоғамда оларды ауру деп қабылдайды. Біз қазір әлеуметтік зерттеу жүргізіп жатырмыз. Оның қорытындысы келесі жылы жарияланады. Ал әзірге анықталғаны Қазақстанда мен тәрізді әйелдер саны 100-ден асады екен. Оларды өз туыстары бақсы-балгерге апарып, түрлі ем-дом жасап, қамшымен сабап, тіпті қамап ұстап отырғандарына куә болдық, - дейді Гүлзада.
Ол адамдардың өзара қарым-қатынасы жынысы я оның физикалық ерекшелігіне емес, ішкі жан-дүниесіне байланысты қалыптасқан жөн дейді.
- Егерде сіз үйреншікті бір қалыпқа сай болмасаңыз, айталық, 20 жасқа дейін оқып, одан кейін тұрмыс құрып, бала тумасаңыз біздің қоғамда сізге үрке қарайды. Ал кез-келген зорлы-зомбылық құрбаны, таяқ жеуден шаршап күйеуден қайтып келген я болмаса зорланған қызы көмек сұраса өзге емес өз туысы «бізді ұятқа қалдырдың» дейді. Бұл - үлкен проблема. Олар зорлық көрген қызды емес, өзгелер алдындағы «өз ұятын» ойлап, қызының тағдырын құрбандыққа шалады. Психологтар бұл ретте зорлық жасайтын адамның өзіне де көмек керек деп бекер айтпайтын болар, - дейді Гүлзада.
Гүлзада үлкен әпкелерінің ара-тұра күйеулерінен зорлық-зомбылық көрсе де, әлі шыдап келе жатқандарын айтады. «Бұл олар үшін де, тіпті мен үшін де қалыпты жағдай болып кеткені өкінішті» дейді ол.
ЖЫЛЫНА 400 ӘЙЕЛ ҚАЗАҒА ҰШЫРАЙДЫ
Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының жетекшісі Зүлфия Байсақова елде құқықтық тәрбие ақсап жатыр дейді.
- Қазақстанда әр 8-әйел зорлықтың әлде соның бір түрінің құрбаны. Әрбір 7-бала отбасындағы ұрып-соғудың куәсі болғандықтан «өзіне қатысты зомбылық болады-ау» деген қорқынышпен үйіне барғысы келмейді. Ал жыл сайын 400 әйел отбасындағы зорлық-зомбылық кесірінен көз жұмады. Көп жерде әйелдер де, оларға қорлық көрсететіндер де құқықтарын білмейді. Осы мақсатта бірігуіміз керек, - дейді Зүлфия Байсақова.
Оқытушы-ғалым Молдияр Ергебеков Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен өшпенділіктің азаймай отырғанын айтады.
Қазақстанда жыл басынан бері отбасындағы зорлыққа шыдамаған 316 әйел өз-өзіне қол жұмсаған, ал одан да көбі әлі күнге дейін зорлық-зомбылық зардабын шегіп келеді.
- Елімізде жыл басынан бері отбасындағы зорлыққа шыдамаған 316 әйел өз-өзіне қол жұмсаған, ал одан да көбі әлі күнге дейін зорлық-зомбылық зардабын шегіп келеді. Бұған әйел теңсіздігі себеп деп білемін. Әйелге қарсы зорлық-зомбылықты тудыратын нәрсе - қоғамның осы проблемаға енжарлығы, ерлер гегемониясын қолдайтын мәдениет, әйелдеріміздің сауатсыздығы мен ерлерге экономикалық тәуелділігі, - дейді Молдияр Ергебеков.
Ол жағдайды оңалту үшін әйелдердің гендерлік сауатын ашу және олардың экономикалық еркін болуы үшін мүмкіндіктер жасау қажет деп біледі.
25 қараша - әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күніне орайластырылған Алматыдағы «Тенгри Умай» галереясындағы фотокөрмені Орта Азиядағы «БҰҰ-әйелдер» ұйымы, Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы, Феминита ұйымы мен Орталық Азиядағы ВИЧ дертіне шалдыққан адамдар қауымдастығы ұйымдастырған.
Галереяға көрменің ашылуына журналистермен бірге ондаған адам қатысты. Ұйымдастырушылар келгендерге қорлық көрген әйелге жиі айтылатын: «Әйел болып туған соң – шыда!», «Өзің кінәлісің», «Тілі ұзын-ау шамасы...», «Ұрды ма? Ештеңе етпес» деген сөздер жазылған қағаздар таратты. Көрме соңында оған қатысушылар қорлық көрген әйелді емес, оны қорлаған адамды айыптау керек деген мақсатта әлгі қағаздарды жыртып, қоқыс жәшігіне тастады.
Фотокөрмеге 16 сурет іріктеліп алуының себебі бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, желтоқсанның 10-ы – дүниежүзілік адам құқығы күніне дейінгі аралықтағы 16 күн бойы әлемде БҰҰ-ның бастамасымен «Бар айыпты әйелге тақпа!» атты компания өтеді. Оның аясында әйелдерге қарсы заңбұзушылықтың кез келген түрін жоюға бағытталған іс-шаралар өткізілмек. Алматыдағы көрме желтоқсанның 10-ына дейін жалғасады.