«Дербес деректер туралы» заңға күмән айтылды

Әкімдіктегі жеке азаматтардың құжаттары. Ақтөбе, 2010 жылдың қыркүйегі. (Көрнекі сурет)

Қарашаның 25-інен бастап «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң күшіне енеді. Мамандар заңның жүзеге асуының құқықтық және қауіпсіздік жағына алаңдайды.
Журналист Инга Иманбай күнделікті жұмысына осы заңда көрсетілген дербес деректердің (азаматтың тегі, аты-жөні, туған жылы, туған жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, мекен-жайы, төлқұжат нөмірі, отбасы және әлеуметтік жағдайы, мүліктері, білімі, кәсібі сияқты жеке өміріне қатысты барлық мәліметтер) кейбірі керек екенін айтады.

Ол дербес деректерді мемлекеттік құпия дәрежесінде қорғап, оны жариялаған азаматтарды әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартатын заңды «тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ-тың) тежегіші» деп сипаттайды.

Журналист Инга Иманбай. Алматы, 23 сәуір 2012 жыл.

– Бұдан былай «мен туралы жеке деректі жария етті» деп, тәуелсіз БАҚ өкілдерін сотқа беретіндердің көбейетініне сенімім мол. Мысалы, билік өкілі халыққа тиесілі бюджет қаржысын жымқырса, оны дәлелді түрде оқырманға жеткізу үшін шенеуніктің өзінің және туыстарының атындағы есепшоттар мен мүлікті айтуға тура келеді. Ал жаңа заң бойынша, ол да – жеке дерек, – дейді Инга Иманбай.

Оның пікірінше, осылай қауіптену кесірінен журналистің өзін-өзі шектеуі арта түседі.

«ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕ» ТУРАЛЫ ЕКІ ПІКІР

«Бұл заң журналистер жұмысына бөгет болады» деген пікірді «Правовой медиа-центр» қорының заңгері Гүлмира Біржанова да қолдайды.

Ол заңдағы «адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақталған жағдайда журналист заңды кәсiптік қызметiн жүзеге асырып, жеке деректерді рұқсатсыз жариялай алатыны» жайлы бапқа күмәнданады.

– Заңның бұл тұсы анық емес. Айталық, егер басылымда менің тегім мен әкемнің аты жазылса, ол маған өте қатты әсер етпеуі мүмкін. Бірақ басқа біреу аты-жөнінің жариялануына қарсы болуы мүмкін, – дейді ол.

Оның айтуынша, заңның тағы бір кемшілігі – онда «қоғамдық тұлға» және «қоғамдық мүдде» ұғымдары жоқ.

​– Бұл заң күшіне енген Украина немесе Ресейде заңға байланысты сот шағымдары түсіп үлгерді. Онда журналистердің пайдасына шешім шығып, «қоғамдық және лауазымды тұлғаларда жеке дерек болмауы тиіс» деген пікір айтылды, – дейді заңгер Гүлмира Біржанова.

Журналистер. Алматы, 5 мамыр 2013 жыл.

Дербес деректер туралы заңды талқылауға қатысқан адамдардың бірі, Қазақстан парламенті мәжілісі депутаты Рамазан Сәрпеков «жаңа заң журналистердің қызметін шектейді» деген пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, «қоғамдық маңызы бар деректер болса, онда кез-келген адам билік органдарына шағымдануға мүмкіндігі бар».

– Кейде адамдар мұндай нәрсені жеке ренішпен немесе жеке мүддесі үшін жорамалмен айтып жатады. Әрине, егер бір адам қылмыскер болса, сыбайлас жемқорлыққа қатысы болса, қоғамға жат әрекет жасап жүрген болса, [журналиске] «оны жазба» деп ешкім айтпайды. Бұл заңның кейбір нормаларын дұрыс пайдаланбай жатса, оны да жазсын, – дейді мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпеков.

ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЖАЗАСЫ

Жаңа заң бойынша, барлық ұйымдар қызметкерлері туралы дерек қорын жасап, 2014 жылдың ақпан айына дейін арнайы органдарға өткізуге міндетті.

Бірақ жеке компаниялар мен мемлекеттік органдардың ІТ инфрақұрылымына аудит жасайтын «Қазақстандық софтверлік компаниялар қауымдастығының» президенті Азаматхан Әміртаев бұл бастамаға күмәндана қарайды.

– Еліміздің ақпараттық жүйесі өте әлсіз. Мысалы, мемлекеттік органдарда негізінен екі компьютер пайдаланылады. Біреуі ішкі құжат айналымы үшін, екіншісі – интернет үшін. Бірақ бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды, – дейді Азаматхан Әміртаев.

Көрнекі сурет.

Оның айтуынша, «хакерлік тәсілдер күн сайын жетіліп бара жатқан қазіргі заманда мемлекет бұл деректердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайды».

Қазақстанда жеке деректердің ұрланғаны туралы хабарлар жарияланып жатады. 2012 жылы азаматтардың бірі «салық органдары, жол полициясы, тағы басқа органдардың деректері Алматыдағы базарда сатылатынын» премьер-министрдің блогында жазып шағымданған.

Мәжілісі депутаты Рамазан Сәрпеков Азаттыққа берген сұхбатында дербес деректерді рұқсатсыз жариялағандар 50-400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (87 мың теңгеден 692 мың теңгеге дейін) айыппұл төлейтінін, қылмысы ауыр адамдар 3 жылға дейін түзеу жұмыстарына не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілетінін айтқан.

2013 жылы көктемде Қазақстан парламенті мақұлдап, ел президенті қол қойған, қарашаның 25-інде күшіне енетін «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының авторы – ішкі істер министрлігі. Министрлік «заңның мақсаты – азаматтардың дербес деректерін жинау және өңдеу кезінде оның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету» екенін хабарлаған.