Маңғыстау облысының тұрғыны Иса Құлтумаев баласы Әбдірахман Асқанбаевты 2014 жылы «өзге адамның қолынан қаза тапқанымен», полиция оның өлімін «өзіне қол жұмсаған дей салды» деп шағынады.
Your browser doesn’t support HTML5
Осы облыстың тағы бір тұрғыны Мәриза Құрақова былтыр желтоқсанда Ақтау қаласы әкімдігі ғимаратында оққа ұшқан қызы – полиция лейтенанты Қарлыға Жаңабергенованың өлімінің себебі дұрыс тексерілген жоқ деп шағымданады.
Жәбірленушілер заң сақтау органдары мен қоғам назарын аудару үмітімен бұл жайлы осы аптада Алматыда өткізген баспасөз жиынында айтты.
Полиция «Иса Құлтумаевтың баласы Әбдірахман Асқанбаев өзіне қол салған» деп мәлімдейді. Ақтау қаласы әкімдігі ғимаратында оққа ұшқан полиция лейтенантының қазасына қатысты да осындай болжам жасалған.
«ҰЛЫМДЫ ҚАРАУСЫЗ ГАРАЖДА АСЫЛҒАН ЖЕРІНЕН ТАПТЫМ»
Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Мұнайшы ауылының 55 жастағы тұрғыны Иса Құлтумаевтың айтуынша, ол 2014 жылы қарашаның 16-сында 16 жастағы баласы Әбдірахман Асқанбаевты ауыл шетіндегі қараусыз қалған гараждан асылып тұрған күйінде тапқан. Баланың өліміне қатысты қозғалып, талай рет уақытша тоқтатылған істі тексеру екі жылдан бері созылып келеді, тергеушілер "бала өзіне қол салған" деген болжам жасаған.
Баласын жерлегеннен кейін әкесі өз тексеруін бастаған. Оның сөзінше, тергеушілер оқиға орнында жан-жақты сараптама жүргізбеген, ал полиция Иса Құлтумаев күдіктенетін әрі баласы Әбдірахманмен бұрын араласқан жас жігіттерді дер кезінде тергеудің орнына суицид болжамына ғана назар аударған. Әлгі жасөспірімдердің кейбірінің әке-шешесі «намаз оқуға мәжбүрлеп, баласын өзіне қол салуға дейін жеткізді» деп Иса Құлтумаевтың өзін айыптауға тырысқан. Бұл болжам тексерілмеген.
Құлтумаевтың болжамынша, баласының өліміне негізгі кінәлі адам - еш жерде жұмыс істемейтін әрі жасөспірім балаларға үстемдігін жүргізетін жергілікті «авторитет» жігіт. Құлтумаевтың сөзінше, әлгі жігіт жасөспірімдерге үстемдігін жүргізгені аздай оларды «рулетка» сияқты ойынға еліктірген. Ол ойынның ережесі бойынша, бір топ адам ортада бөтелке айналдырады, ал оның аузы кімге қарап тоқтаса, сол адам кімге болсын үйленуге міндетті. Иса Құлтумаевтың айтуынша, бірде жеребе әлгі «авторитеттің» өзіне түсіп, ол ойын ережесін қалай орындау керектігін көрсетіп үйленген. Оның сөзінше, екінші жолы жеребе түскен жасөспірім мектепте оқитын қыз баланы қалыңдығы ретінде үйіне ертіп апарған, бірақ қызды келесі күні әке-шешесі үйіне алып кеткен. Үшінші жолы жеребе Құлтумаевтың ұлы Әбдірахман Асқанбаевқа түскен, бірақ ол үйленуден үзілді-кесілді бас тартқан. Марқұм болған баланың әкесінің айтуынша, содан кейін жергілікті «авторитет» пен оның айналасындағылар баласына қысым көрсете бастаған.
Иса Құлтумаев қастандық жасалған деген болжамының дәлелі ретінде баласының басынан сарапшылар тапқан, айналасы жырымдалған жараны келтіреді. Ол «әуелі баламды басынан әлдебір қатты затпен ұрып, кейін асып қойған» деп болжайды.
Иса Құлтумаевтың адвокаты Әбілғазы Нағиев "тергеу амалдары талапқа сай емес әрі әділ жүргізілмеген" деп санайды. Оның айтуынша, марқұм Әбдірахман Асқанбаевтың телефонында сақталған ақпарат тексерілмеген әрі тергеу сараптамасы сапасыз жүргізілген.
Ал Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Айболат Мырзашев сараптама қорытындысына сілтеме жасап, «16 жастағы Әбдірахман Асқанбаев өзіне қол салған» дейді. Тергеушінің мәлімдеуінше, Асқанбаевтың басындағы әкесі айтқан жара мәйітті сойып, сот-медициналық сараптама жүргізген кезде пайда болған.
Иса Құлтумаев Әбдірахман Асқанбаевтың өліміне қатысты қозғалған іс бойынша Қарақия аудандық прокуроры Мақсат Жақаев шығарған ең соңғы ұйғарымды қазан айының басында алған. Ол ұйғарымда прокурор Жақаев «мойынның буынған тұсындағы ойықтан бөлек қатты затпен ұрған соққыдан тиген, айналасы жырымдалған жара да бар» деп көрсеткен. Бұған қоса, прокурордың жазуынша, сот сарапшылары «Асқанбаев мойын тұсындағы органдар қысылған кездегі механикалық асфиксия салдарынан қайтыс болған» деген ұйғарым жасаған. Ұйғарым соңында прокурор «кәмелетке толмаған Ә.Асқанбаевтың буыну арқылы суицид жасағаны туралы мәліметтер бойынша қылмыстық әрекеттер жоқ» деген уәжбен Асқанбаевтың қазасына қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы тергеуші Мырзашевтің қаулысымен келіскен.
Кәмелетке толмаған жасөспірім Әбдірахман Асқанбаев қаза болған күннен бері екі жылдай уақыт өткен.
ӘКІМДІКТЕ АТЫЛҒАН ОҚ
Маңғыстау облысының тағы бір тұрғыны Мәриза Құрақованың айтуынша, оның полицияда жұмыс істеген қызының өліміне қатысты жайттар да дұрыс тексерілмеген. 32 жастағы полиция лейтенанты Қарлыға Жаңабергенованың табельдік қаруынан атылған оқ тиген денесі ол 2015 жылғы желтоқсаннның 19-ы күні кешкісін кезекшілік атқаруға келген Ақтау әкімдігі ғимаратынан табылған.
Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті (ІІД) өкілдері «ол қатерлі ісік дертіне шалдығып, күйзеліске түскен, сондықтан өзіне қол салған» деп мәлімдеген. Іс төрт айдан кейін жабылған.
Ал марқұмның туыстары Қарлыға Жаңабергенова «облыс басшыларының коррупциялық немесе өзге де қылмыстық әрекеттері жайлы біліп, сондықтан оны қастандықпен өлтіруі мүмкін» деп топшылайды. Олар бұл болжамның дәлелі ретінде «суицидті» асығыс-үсігіс Қарлыға Жаңабергенова шалдықпаған дертке жаба салды деген уәжге сүйенеді.
Бірақ марқұмда қатерлі ісік дерті болмағанын дәлелдейтін медициналық куәліктерді келтіріп, бас прокуратураға Жаңабергенованың туыстары жолдаған шағымнан кейін тергеу амалдары қайта басталған. Алайда 2016 жылғы шілдеде суицид болжамы негізінде істі қайта жапқан. Іс сол күйі сотқа жеткен жоқ.
Есесіне қыркүйектің 14-інде марқұм Қарлыға Жаңабергенованың Астанада тұратын туысы Гүлжихан Жаңабергенова сондағы Есіл аудандық сотына арыз берген. Ол жауапкер ретінде бас прокуратураны көрсеткен.
Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов "қылмыскерлердің көп ақшасы немесе мықты тамыр-таныстары болса, істі дұрыс тексеру мен әділ сот төрелігіне қол жеткізу тіпті Алматы мен Астана сияқты орталықтың өзінде қиын, ал аймақтарда тіпті мүмкін емес нәрсеге айналады" деп санайды.
– Бұл – сұмдық жағдай. Қазақстанда құқық қорғау органдарынан әділдік іздеу барған сайын қиындап барады. Ал ауылдық жерлерде тіпті қиын, – дейді Сергей Дуванов.
Ол мұның себебін туыстықпен, ақша және тамыр-таныстықпен байланыстырады. Сондықтан, оның пікірінше, кейінгі кезде Қазақстанда кісі өлімі себептерінің көбін суицидке жаба салады, ал "қастандық жасалған" деген болжамдар дұрыс тексерілмейді.
Маңғыстауда бір апта бұрын Иса Құлтумаев пен Мәриза Құрақова және олар сияқты жағдайға тап болған тағы екі тұрғын Ақтауға сапармен келеді деп жоспарланған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына жазылуға талаптанып көрген. Бірақ «президент суық тиіп, сырқаттанып қалды» деп ресми жарияланғаннан кейін сапар болмай қалды. Маңғыстау облысы әкімдігі өкілінің мәлімдеуінше, ол азаматтарды енді облыс әкімі Алик Айдарбаев қабылдауы тиіс. Әкімдік өкілі «азаматтардың шағымы қайта тексеріледі» деген уәде берген.