Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр желтоқсанда демократиялық реформалар жайлы кезекті уәдемен жариялаған «Қазақстан Республикасының конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Кеше конституциялық кеңес парламент қабылдаған заң жобасы қазіргі конституцияға қайшы емес деп тапқан. Президенттің бірқатар өкілеттіліктерін үкімет пен парламентке беруді көздейтін конституциялық өзгерістер енгізуді Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған.
Қоғам түзетулер жобасын әрқилы қабылдады. Азаматтық белсенділер, тіпті үкіметке бүйрегі бұратын қоғамдық тұлғалар мен мәдениет қайраткерлері конституцияның шетелдіктердің жеке меншігін қорғау ұсынылған 26-бабын өзгертуге қарсылық білдірді. Ал либерал опппозиция өкілдері мұны Назарбаевты экономикадағы үлкен қателіктері үшін жауапкершіліктен «босататын жым-жырт конституциялық төңкеріс» деп атады. Елде «бұл – 1989 жылғы маусымнан бері елді үзбей басқарып келе жатқан президент Назарбаевтың авторитарлы режиміне бола конституцияны тағы кесіп-пішу» деген пессимистік сарындағы сөздер де айтылды.
ОРТАЛЫҚСЫЗДАНДЫРУ ЖӘНЕ БИЛІК ТРАНЗИТІ
Азаттық әңгімелескен саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов конституцияға енгізілген түзетулерді оң бағалайды.
Позитивті тұрғыдан бағалаймын және конституция алаңындағы өзгерістер болу фактісінің өзі барынша жағымды деп есептеймін.
– Негізі, мен [түзетулерді] жағымды тұрғыдан бағалаймын және конституция алаңындағы өзгерістер болу фактісінің өзі барынша жағымды деп есептеймін. Түзетулер жобасын талқылау кезінде қоғамда қол жеткен консенсус өзгерістерді референдумсыз қабылдауға мүмкіндік берді, – дейді ол.
«Альтернатива» зерттеулер орталығы директоры Андрей Чеботарев ұйым сайтында жарияланған комментарийінде «қазақстандық жүйені орталықсыздандыру бағытында белгілі бір қадамдар жасалды» деп жазған. Бірақ Андрей Чеботарев бұл шараларды «серпінді реформа» деп атауға болмайды, бұл өзгерістер «сынақ реформа» тәрізді, одан кейін үлкен, оның ішінде «билік транзиті» мәселесіне қатысты конституциялық реформа болуы мүмкін деп болжайды.
Ол сарапшылардың көбі Қазақстандағы жоғарғы биліктің ауысу процесі бұлыңғыр, ал президент Назарбаев таяу арада бәрібір мемлекет басшылығынан кетеді деп санайды. Қазір Назарбаев – бұрынғы советтік республика билігіне совет заманында келген жалғыз басшы.
Кей сарапшылар конституцияға енгізілген түзетулерде ескерілген ұсыныстар ғана емес, ескерілмеген ұсыныстардың да маңызы бар деп санайды. Оның ішінде мәжіліс депутаты, президентшіл «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің сенатты жою жайлы ұсынысы да бар.
Андрей Чеботарев пен Уәлихан Қайсаров таяуда сенатты жою мәселесі қозғалуы мүмкін деп болжайды.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев пен бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсаров таяуда парламенттің жоғарғы палатасы – сенатты жою мәселесі қозғалуы мүмкін деп болжайды. Уәлихан Қайсаров «Азат Перуашевтің әлгі ұсынысы кездейсоқ емес, Ақорданың тапсырысы» деп санайды. Қайсаров Азаттыққа берген комментарийінде қоғамның сенат тағдырына немқұрайды екеніне Ақорда осылай көз жеткізді деп топшылайды.
Бұрынғы сенат депутаты Ғани Қасымов «конституциялық сотты жаңғырту туралы ұсынысымды» конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы авторлары ескермеді деп қынжылады. Елде ертеректе жойылған конституциялық сот жоқтығын блогер Денис Кривошеев те айтады. Бірақ екеуі де «құр өкінгенмен конституциялық сот жаңғырмайды ғой» деп тұжырды.
КОНСТИТУЦИЯНЫ ТҮЗЕТКЕНДЕГІ МАҚСАТ НЕ?
Ағайынды заңгерлер – Арман мен Уәлихан Шәйкеновтер «конституцияға енгізген түзетулердің анық мақсаты қаржы саласына қатысты, яғни «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) туралы заңды легализациялау» дейді. Бұрынғы әділет министрі Нағашыбай Шәйкеновтің ұлы мен інісі бұл жайлы Forbes.kz сайтындағы «АХҚО конституцияға сай ма және конституцияға түзетулердің себі тие ме?» («Конституционен ли МФЦА и помогут ли поправки в Конституцию?») деген мақалада жазған. Авторлар бұл мақаланы елдің қазіргі конституциясы авторларының бірі, биыл 6 наурызда туғанына 70 жыл толған Нағашыбай Шәйкеновке арнаған.
«АХҚО туралы заң конституцияға сай ма? Сай болмаса, конституцияға түзетулер енгізу арқылы оны заңдастыру мүмкін бе?» деп сұрайды мақала авторлары. Олар бұл сауалға: «Заң конституцияға сай емес, конституцияға жай түзетулер енгізу арқылы конституциялық кедергілер жеңілмейді» деп жауап береді.
Халықаралық қаржы орталығы ретінде Гонгонгы бар Қытай үлгісі Қазақстанға сай емес, өйткен Қытай де-факто унитарлық мемлекет емес.
Шәйкеновтердің пікірінше, гәп конституцияға түзетулер енгізудің пайдасыздығында ғана емес. Олардың сөзінше, ең үлкен мәселе – ол түзетулердің ұлт бірлігіне және мемлекеттік тұрақтылығын сақтауға кесірі. Халықаралық қаржы орталығы ретінде Гонгонгы бар Қытай үлгісі Қазақстанға сай емес, өйткен Қытай де-факто унитарлық мемлекет емес – сондықтан Қытай мен Гонконгте параллель құқық нормалары жүреді дейді олар.
Мақала авторлары Астанада «қазақстандық қаржы Гонконгын» жасау ниетімен және оны конституцияға Астананың ерекше юрисдикциясын ескере отырып түзетулер ретінде енгізумен келіспейді. Биліктің осылай параллель құқық нормаларын қолдану амалы Қазақстанның унитарлығын бұзады дейді олар. Қытай Гонконг мысалында халқын біріктіруді бетке алған, ал қазақстандық билік АХҚО құру арқылы халықты жікке бөлуі мүмкін дейді Шәйкеновтер.
Саясаткер, оппозияциялық коммунистер партиясының бұрынғы басшысы Серікболсын Әбділдин «Қазақстан қоғамы «Суперхан» жобасы негізінен жүзеге асып болғанын 25 жылда байқамай қалды» деп біледі.
– Конституциялық емес монархияға көптен бері жылжып келеді. Демократия жоқ және болған да емес, ал автократия көптен бері бар, – дейді Серікболсын Әбділдин.
«Суперхан» деген жоба бар дегенді әуелі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев жазған еді. Қазақстан билігі елде билікті Назарбаев пен оның әулеті иеленіп алардай еш жоспар жоғын айтады.
Конституцияға түзетулер енгізу туралы заң жобасы парламентке 3 наурызда ұсынылған. Ал парламент наурыздың 6-сында бір сағатқа жетпейтін уақытта конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заңды қабылдап, оны президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюына жіберген.