Мақташылар терімшіге зар болып жүр

Өзбекстанның Сырдария облысынан келген мақта терушілер. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Мақтаралдағы диқандар әзер өсірген мақталарын терер кезде де қиналып жатқандарын айтады. Ал жергілікті билік «биыл мақта бітік шықты, шаруалардың еңбегі ақталады» деген пікірде.

Мақта терімі науқаны кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданына барған Азаттық тілшісі бірнеше ауылдағы мақта алқаптарын аралап, дихандармен тілдесті.

Ауданның Есентаев ауылындағы тас жолдың екі жағындағы егін алқаптарында қауын-қарбыз, жүгері, мақта егілген. Әр жерде мақта салынған трактордың арбасы көрінеді. Кейбір мақта алқабында мақта терілген. Көбінде мақта ашылып, жинауға дайын тұр. Бірді екілі алқапта бес-алты терімші болмаса, топтасып жүрген терімшілер көрінбейді.

Жинаған мақтасын тасып жүрген өзбек жігіті. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Азаттық тілшісі көрген алты мақта алқабындағы жағдай әрқилы. Бір алқаптарда мақта бітік шыққан, ал енді бірінде сирек. Сол алқаптардың бірінің иесі, өзін Гүлжамал деп қана таныстырған диқан мақтасының биылғы шығымына разы емес.

- Биыл мақтамыздың мазасы жоқ. Құрт жеп қойды. Дәріге бой бермеді, – дейді ол.

«ЕҢБЕКТІ АҚТАМАЙДЫ»

Мақтаның өсіміне разы болмай отырған диқанның енді бірі – Әбдәшім Әбдубаитов. 35 жылдан бері мақта егіп келе жатқан ол кісі биылғы сәтсіздіктің бірнеше себебі бар екенін айтады.

- Биыл мақтаның мазасы жоқ. Тыңайтқыштарды уақытылы сатып ала алмай, бермедік. Жақсылап қарап, тыңайтқыштарды уақытылы берсе, гектарынан үш-төрт тонна мақта алуға болатын еді. Дұрыс суғарылмады, су ішпеген соң салмағы да болмай тұр. Ары кетсе гектарынан екі тонна өнім аламыз ба деп үміттеніп отырмыз, – дейді ол.

Әбдәшім Әбдубаитов жерді жыртқаннан бастап мақта теріміне дейін есептегенде шығын көп болғанын айтады. Сондықтан ол өнімді жинап алған соң көп пайдаға кенеле қоярына күмәнданады.

Таразы басында жинаған мақтасын өткізіп тұрған өзбек келіншегі. Терімшілердің көбі күннен қорғану және шаң жұтпау үшін беттерін орамалмен тұмшалап алады. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

- Қара жұмысының бәрін өзіміз істесек те, шиті, дәрісі, техникасы бар – гектарына 80-90 мың теңге шығын кетіп қалды. Енді терімшілердің ақысы бар, жалға алынатын техника бар, оны қоссақ тағы әжептәуір шығын шығады. Ал мақтаның бағасы мақта қабылдау пунктерінде килограмына 146-148 теңге болып тұр. Еңбекті ақтамайды. Бағаны жергілікті монополистер қолдан түсіріп отыр, – дейді Әбдәшім Әбдубаитов.

Диқан мақта терімінен де қиналып жатқанын айтады. Оның сөзінше, мақтаны гектарына 40 мың теңге төлеп комбайнға тергізу – шығыны көп іс.

- Гектары төрт тонна, ең болмағанда үш тонна өнім берсе, комбайн салуға болады. Екі тонна мақта алатын жерге комбайн салу обал, – дейді диқан.

Сондықтан мақтасын қолмен теруге кіріскен Әбдәшім Әбдубаитов терімші таппай тағы біраз әуреге түскен. Оның сөзінше, ауылда Өзбекстаннан келген терімшілер қолдан-қолға тимей жатыр.

Наманганнан келген өзбек әйелінің сөзінше, ауылдастары олардың Қазақстанда мақта теріп жүргенін білмейді. Егер полиция, ауыл әкімі тұрғындардың Қазақстанға өтіп мақта тергенін білсе, айыппұл салуы мүмкін. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

- Терімші жоқ. Бүгін ауылда іздеп жүріп тапқан үш-төрт терімшімен бірге өзбекстандық 17 терімшіні салдым. Терген мақтаның келісіне 20 теңгеден ақы төлеймін. Өзбекстандық терімшілер өндіріп тастайды. Еңбекқор. Күніне кем дегенде әрбірі 150 килограмм мақта тереді, – дейді ол.

«МАҚТА ТЕРІМІ КЕЗІНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА ӨТКІЗБЕЙДІ»

Әбдәшім Әбдубаитовтың мақтасын теріп жүрген өзбекстандық 17 терімші көрші елдің Сырдария облысынан келген. Күн мен шаңнан қорғану үшін беттерін орамалмен байлап алған терімшілер жүйек-жүйекке түсіп, бас көтермей мақта теріп жүр. Көп сөйлемейді. Әрбірінің белінде үлкен қап. Оған қоса бос қапты байлап алған. Бірінен соң бірі терген мақталарын трактордың арбасының жанында тұрған таразыға әкеліп өлшетеді де, босаған қабын алып жүйекке түсіп, жұмысын жалғастырады.

Терімшілердің бірі – Нәзира есімді 28 жастағы өзбек қызы Қазақстанға екі жылдан бері келіп, мақта теріп жүргенін айтады.

Өзбекстаннан мақта теруге келген 28 жастағы Нәзира. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

- Қазір ауылдағы жалдамалы пәтерде 14 адам тұрып жатырмыз. Пәтер ақысына сол үйдің мақтасын тегін теріп береміз. Келгенімізге 15 күн болды. Шекарадан өтуге қиналдық. Таңертең шығып, кешке әрең жеттік. Бір айға жұмыс істеуге рұқсат алдық. Үлгерсек, екінші терімді де тереміз деп отырмыз, – дейді Назира.

Өзбекстандық терімшілердің енді бірі 24 жастағы Сухраб күніне 250-300 килограмм мақта теріп, әрбір килограмына 20 теңге ақы алады екен. Оның сөзінше, жұмысқа жалдаған диқан жатын орнымен және ас-суымен қамтамасыз етеді.

Мақта теріп жүрген өзбекстандық терімшілердің көбі «Өзбекстанға барғанда қысым көруіміз мүмкін» деген уәж айтып, тілшімен сөйлесуден қашқақтайды. Солардың бірі – 13 жылдан бері Мақтарал ауданына келіп, мақта теріп жүргенін айтқан Лоборхон есімді наманғандық орта жастағы әйел.

- Биыл 10 адам болып келдік. Бізді танып қойса, Өзбекстаннан шығарып жібереді, – дейді ол.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Мақтаралда мақта терушілер (суретті басыңыз)

Мақтаралдағы мақта терімі

Лоборхонның сөзін жалғаған өзбекстандық тағы бір әйел қызын ұзату үшін ақша табуға Қазақстанға келгені айтады.

- Бізде мақта теру науқаны кезінде Қазақстанға өтуге рұқсат жоқ. «Өзімізде мақта тұрғанда шетке шығып неге мақта тересіңдер?» дейді. Полиция, учаскелік полиция, ауыл билері, одан қалса әкім бар. Тапқанымыздың бәрін айыппұлға төле дейсіз бе? Ертеңгі күні үйқамауға алса қайтеміз? – дейді аты-жөнін айтқысы келмеген өзбекстандық терімші.

«БІР ГЕКТАР ЖЕР ЕКІ ЖАРЫМ ТОННА ӨНІМ БЕРЕДІ»

Оңтүстік Қазақстан облысындағы диқандардың көбі мақтаны қолмен теріп жатқанын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов та растайды.

- Мақтаның 70 пайызы қолмен, 30 пайызы комбайнмен теріліп жатыр. Қазіргі уақытта диқандар өз мақтасын өздері теріп жатыр. Ақша – терімшілерде. Бұрын Өзбекстаннан терімшілер келетін, Қазір жергілікті тұрғындардан артылмайды, – дейді шенеунік.

Өзбекстандық терімшілердің ас-суын мақташылар дайындап береді. Терімшілер түс мезгілінде тамақты мақта алқабында дастархан жайып ішеді. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Тұрғанбек Оспанов дихандардың «мақтаның килограмын 146 теңгеден қабылдау шығынымызды ақтамайды» деген сөздерімен келіспейді.

- 146 теңге диқанның еңбегін ақтайды. Мысалы, дихан бір гектар жерге мақта егіп, өнім алғанша 160 мың теңге ақша жұмсайды. Шығынның 35 мың теңгесін өкімет өтеп, жеңілдік береді. Бір гектар жер 2,5 тонна өнім береді, – дейді ол.

Диқандарға гектарлық субсидия бері ісі тоқтап қалғанын айтқан Тұрғанбек Оспановтың сөзінше, оларға 35 мың теңгелік жеңілдік тұқым, дәрі, су, жанар-жағармай арқылы көрсетілген.

- Қазір ауыл шаруашылығы министрлігімен келісім-шарт жасасып жатырмыз. Егер келісім күшіне енсе, 20 қазаннан бастап мақташыларға гектарына 15 мың теңге, өткізген әр тонна мақтаға 6 мың теңге көмек беріледі, – дейді ол.

Қолмен жиналған мақтаны мақта қабылдау пунктіне алып кетіп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Тұрғанбек Оспанов биыл мақта өсіру барысында Мақтарал ауданындағы диқандардың судан тапшылық көргенін мойындайды.

- Мақтарал ауданы ағын суды Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан алады. Бірақ көрші елдер мемлекетаралық келісімді бұзды. Аудандағы 81 мың гектар жер суарылып, 2 мың гектарға су жетпей қалды, – дейді Тұрғанбек Оспанов.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы дерегінше, биыл Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоғыз ауданда 109,6 мың гектар жерге мақта егіп, әр гектардан екі жарым тонна өнім алуды жоспарлап отыр.