Азаматтардың кірісін жаппай декларациялаудан мән іздеді

Астананың орталығы. 30 қыркүйек 2015 жыл.

Парламент мәжілісі жеке тұлғалардың кірісі мен мүлкін декларациялау туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Қазақстанда қарапайым азаматтардың бәрі жаппай декларация тапсыратын жүйені 2020 жылға қарай іске қосу жоспарланған.

Халықтың кірісін декларациялаудың жаңа жүйесін қаржы министрлігі құрастырған. Оны екі кезеңмен жүргізуді көздейді. Әуелі 2017 жылдан бастап бұл жүйеге халықтың көбірек «дайындалған бөлігі» –антикоррупциялық заң талаптарына сәйкес, қазір міндетті декларция тапсырып жүрген жандарды тарту жоспарланған. Олар – депутаттар, судьялар, мемлекеттік қызметшілер және осы тұлғалардың жұбайлары.

Қаржы министрлігінің есебінше, кейінірек олардың қатарына ұлттық компания әкімшілігінде жұмыс істейтіндер мен мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері қосылуы тиіс.

Қаржы министрлігі 2020 жылға қарай жаппай декларация жүйесіне халықтың негізгі бөлігі – ересек қарапайым азаматтарды тартуды жоспарлайды.

ЕКІ ДЕКЛАРАЦИЯ

Заң жобасына сәйкес, Қазақстанда екі түрлі декларациялау жүйесі қарастырылған. Олар– бір рет көрсетілетін активтер мен міндеттемелер және жеке тұлғалардың кірісі мен мүлкі туралы жыл сайын тапсыратын декларациясы.

Базарда ақша санап тұрған адам. Алматы, 24 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Активтер мен міндеттемелер декларациясында адамның жинаған ақшасы мен дүние-мүлкі, оның ішінде шетелдегі активтері, банктерден өзге тұлғалардан алған қарыздары және өзге тұлғаларға берген қарызы туралы деректер көрсетіледі.

Жыл сайын тапсыратын кіріс және мүлік декларациясында азаматтың бір жылда тапқан табысы сатып алған, сатқан және оның ішінде тіркеуге қойылуы тиіс дүние-мүлкі көрсетіледі. Бұлар – жылжымайтын мүлік, көлік, құнды қағаздар, компания не фирмалардағы үлесі. Мемлекеттік қызметші, депутат сияқты тұлғалар жоғарыда аталған мүлікті сатып алуға жұмсаған қаражат көзін де көрсетуі тиіс.

Қаржы министрлігі жалақы немесе зейнетақы түрінде кіріс алатын тұлғалар үшін кезекті декларация тапсырудың әлдебір соманы көрсетпейтін сауалнама түріндегі қысқаша формасы енгізіледі деп уәде етеді.

ДЕКЛАРАЦИЯЛАР МЕН ЖАРИЯЛЫЛЫҚ

Қоғамдық белсенділер кірісті декларациялау туралы заң қабылдауды 2008 жылдан бері ұсынып келе жатқанын айтады. Бірақ олар депутаттар мен мемлекеттік қызметшілердің кірісі мен шығысы ашық жарияланады деген шарт қойған.

«Санж» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосованың айтуынша, қазір Қазақстанда шенеуніктер мен депутаттардың жария декларацияларын тауып, танысу мүмкін емес. Оның сөзінше, жаппай декларациялау практикасы көп елдерде бар. Жанар Жандосова АҚШ-та тұрған кезде жыл сайын декларация тапсырғанын, оны толтыру қиын еместігін әрі халыққа арнайы нұсқаулықпен қоса қазір көбінесе электронды түрде жіберетінін айтады.

«Санж» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова.

– Көптеген мемлекеттік қызметшілер кіріс-шығысын, алған парасын туыстары арқылы пайдаланатыны құпия емес. Мүлкін жиеніне немесе өзге жақын туыстарының атына жазып қояды да, әлгі туысының екі Maybach, үш Lexus көлігі немесе тағы басқа мүлкі бар болып шыға келеді. Бұл жағынан алғанда шенеуніктерге мұндай мүмкіндік қалдырмауға тырысқан қаржы министрлігін түсінемін, – дейді Жанар Жандосова.

Оның пікірінше, Қазақстанда билікке, қаржы бөлу немесе мемлекеттік сатып алу саласына қатысы бар әрі әлдебір пайда табу мүмкіндігі бар жандардың кіріс декларациясын жариялау тәртібін енгізу қажет.

– Мысалы, Грузияда бәрі ашық жарияланады да, кез келген адам сайтқа кіріп қарай алады. Кеденде жұмыс істейтін орташа деңгейдегі шенеунік «бір көлігім, бір пәтерім бар» деп мәлімдеді делік. Бірақ мен оның мүлде өзге көлікпен жүргенін, ал отбасы зәулім үйде тұрып жатқанын байқадым. Ал кез келген тұрғын тиісті орынға жазып, хабарласа, бақылау қызметі бұл жайтты тексеруі тиіс. Мұндай жариялылық мемлекетке бақылау орнатуға мүмкіндік береді әрі бақылаушы органдардың көп ұстаудың да қажеті болмай қалады, бұл бақылауға жұмсалатын шығынды бірден азайтады, – дейді Жанар Жандосова.

Ресейлік сарапшы әрі Transparency International халықаралық ұйымының Мәскеудегі бөлімшесі мен «Антикоррупциялық зерттеулер мен бастамалар орталығы» ұйымының бас заңгері Денис Примаков кіріс декларациясын тапсыру биліктегі адамдар үшін ғана коррупцияға қарсы іс-қимыл жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді деп санайды.

– Ресейде шенеуніктер кіріс-шығысын бірдей декларациялауы тиіс деген заң бар. Егер жұмсаған шығының үш жылдық табысыңнан асып кетсе, ондай дүние-мүлкіңді прокурорлар тәркілеуі мүмкін. Қазір Қазақстанда мұндай әдістер жоқ, бірақ шығыс декларациялары түсе бастаған кезде пайда болуы мүмкін, – дейді Денис Примаков Азаттыққа.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков пен жұбайы Татьяна Навка.

Бірақ Ресейде шенеуніктердің декларациясы мен шынайы фактілер арасындағы айырма үлкен. Мысалы, биыл тамызда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жұрттың көбі шамамен 620 мың доллар деп бағалаған сағатқа қатысты жанжалға іліккен. Кейін оппозициялық белсенділер Дмитрий Песков Мәскеудің орталығындағы 15,6 миллион доллар тұратын үйін үйлену тойынан жарты жыл бұрын қалыңдығына – мәнерлеп сырғанау шебері Татьяна Навканың атына рәсімдеді деп мәлімдеген.

Ресейлік сарапшы Денис Примаков «Қазақстанда кірісті жаппай декларациялаудың мәні жоқ әрі бұл декларацияларды кім тексереді?» дейді.

– Қаншама миллион адамның декларациясын кім тексеріп жатады деп ойлану керек. Өйткені оларды жинаудың өзі қиын, жинаған соң оларды талдау керек қой. Онда талдаумен айналысатын бөлімдер ашуды қарастыру керек болады. Бұл мемлекеттік секторға тағы салмақ, – дейді Денис Примаков.

Қаржы министрлігі «заң жобасы қабылданса, салық саласына толық бақылау орнайды, коррупциямен күрестің тиімділі артады, көлеңкелі экономика азаяды» деп болжайды.