Ескі фасадқа жағылған «тағы бір қабат бояу» сияқты реформа

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев телеарна арқылы конституциялық реформа туралы үндеуін айтып отыр. Астана, 25 қаңтар 2017 жыл. (Видеодан скриншот)

Freedom House ұйымының жаңа есебінде «популизмнің күшеюі мен демократиялық құндылықтардың құлдырауы Еуропа мен Еуразиядағы тұрақтылыққа қатер төндіруі», ал Қазақстандағы билікке талас «болжанбайтын бағытта өрістеуі мүмкін» деп жазылған. Сарапшылар Астана бастаған «өкілеттіліктерді қайта бөлу» реформасын «қатып қалған автократтық режимнің» сыртындығы ескі демократиялық фасадқа жағылған «тағы бір қабат бояу» деп атайды.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы өтпелі кезең елдеріндегі демократияның ахуалы туралы «Nations in Transit 2017: The False Promise of Populism» (Өтпелі кезең елдері — 2017: Популизмнің алдамшы уәделері) атты жыл сайынғы есебін жариялады

Есепте зерттелген 29 елдің жартысынан көбінде демократия рейтингі төмендегеніне алаңдаушылық білдірілген. Демократия тейтингі 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін қатты құлдыраған еді. Бұл жолғы құлдырау - содан бергі ең үлкен екінші төмендеу. Қатып қалған авторитарлық режимдердің рейтингі демократия орныққан елдерден жоғары болуы рейтинг тарихында бірінші рет тіркеліп отыр.

Ұлыбритания мен АҚШ-тағы популистердің жеңісі постсоветтік кезеңде орнаған тәртіпті шайқалтып, Еуропа мен Еуразиядағы тұрақсыздыққа қатысты қауіпті күшейтті. Freedom House 2016 жылды кейінгі 10 жыл бойы «трансатлантикалық тәртіпті шайқалту үшін Еуропа мен АҚШ-тағы популистерді қолдап келген» Ресей президенті Владимир Путиннің жеңіске жеткен жылы деп атайды.

Ресей президенті Владимир Путин Францияның «Ұлттық майдан» әсіреоңшыл партиясы лидері, Франция президенті сайлауына кандидат Марин Ле Пенмен амандасып тұр. Мәскеу, 24 наурыз 2017 жыл.

Баяндамада Ресей экономикасындағы ұзаққа созылған тоқырауға қарамастан, Путин «Батыс пен Ресейдің ықпал аймағы ретінде Еуропаны жаңадан бөліске салуды көздеген мақсатына жетуге мүлде жақын қалған сияқты көрінеді» делінген.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қазір Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев - «Еуразия елдері ішінде билікте ең ұзақ отырған басшы», сондықтан оның қазасынан кейін елде билікке өзара талас болмайтынына кепілдік жоқ. «Жеке-дара билік жүйесі тұлға маңына шоғырланатыны белгілі, ал элита өзара бекіткен, билікті сақтап қалу немесе беру жайлы келісімдер болжап болмайтын бағыттарда құрдымға кетуі мүмкін» делінген баяндамада.

Кейінгі үш жылда Қазақстан үкіметінде жиі болып тұратын ауыс-түйістер мен режимді тазарту шаралары «жойқын қарқынмен» жүрді. Мұнай бағасы мен Ресей экономикасының тез қалпына келу мүмкіндігі аз тұста Қазақстан экономикасы «қиын заманды өткеріп жатыр, сондықтан ұлтшылдық үндер зорайып, күш жинап келеді».

Баяндаманың конституциялық реформаны талдаған бөлімінде «2017 жылдың басында ел парламенттік жүйеге көшуі мүмкін деп жарияланды. Бірақ бұл ескі демократиялық фасадқа жағылған тағы бір қабат бояу мен билікті нақты бөлуді тағы шектеудің әрекеті тәрізді көрінеді» деп жазылған. Қазақстан билігі кейінгі конституциялық реформаны билік тармақтары арасында «өкілеттіктерді бөлу» және парламент пен үкіметтің рөлін күшейту деп атаған болатын.

ВИДЕО: Парламент конституциялық реформаны мақұлдады:

Your browser doesn’t support HTML5

Парламент конституциялық реформаларды мақұлдады

Freedom House ұйымы құқық қорғаушылары Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдері кірген «қатып қалған автократтық режимдер» тізіміне алдыңғы жылдардағы сияқты Қазақстанды да енгізген.

«ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БЕЙІМ» МИРЗИЯЕВ

Өзбекстандағы биліктің ауысуы жан-жақты талданған баяндамада «болмай қалған нәрсе аймақтағы ең маңызды оқиғалардың біріне айналды» деп жазылған. Сарапшылардың көбі Ислам Каримовтің қазасынан кейін елде аласапыран басталуы мүмкін деп қауіптенген, бірақ билік транзиті тыныш өтті. Баяндамада Шавкат Мирзияевтің президент ретіндегі әрекеттеріне «өзгерістер басым» әрі ол экономиканы либералдандыру үшін «өзгерістер енгізгісі келуі мүмкін» деген баға бепрілген. Бірақ егер ол өзгерістер енгізсе, «жеке бақылауына қатер төндіреді, өйткені ол жүргізуі тиіс реформалар қысқа мерзімді қиындықтарға ұласады, сондықтан қазіргі жүйеден ұтып отырған мүдделі тұлғалар өз инвестицияларын қорғауға жұмылады». Есепте «Қазақстан да осындай дилеммаға тап болды» деп жазған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп тұр. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.

Былтыр Армения мен Қырғызстан қазіргі тәртіпті сақтауды көздейтін конституциялық реформалар жүргізді.Баяндамада Армения президенті Серж Саргсян мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев өзгерістер парламент билігін нығайту үшін қажет деп мәлімдегенімен, «реформалардың нәтижесінде президенттердің партиялары мен олигархтар элитасы одан сайын күшейді» делінген.

Биыл 21-рет жарияланған жыл сайынғы «Nations in Transit 2017» есебі бұрынғы Совет Одағы, Орталық және Шығыс Еуропа мен Балқанның 29 посткоммунистік еліндегі демократияландыру процесінің жай-күйін зерттейді. Биылғы баяндама 2016 жылғы қаңтардың 1-інен бастап желтоқсанның 31-іне дейінгі болған оқиғаларды талдаған. 27 парақтан тұратын есепте Қазақстан мен Орталық Азияға бірнеше бет арналған.