Әлсіз Ресейдің күшті билеушісі

Ресей премьер-министрі Владимир Путин. Мәскеу, 16 желтоқсан 2010 жыл.

Батыс баспасөзі Ходорковскийдің соңғы соты кезінде Ресейдегі саяси биліктің Владимир Путиннің уысынан шықпағаны анық көрінді деген пікір айтады. Ал қытайлық мамандар Путин басқарған Ресейді «сөніп бара жатқан ең ірі саяси күшке» теңеп отыр.
Ұлыбританиялық Guardian («Гардиан») газетінің желтоқсанның 28-і күнгі саны Ресейде Путиннің жеке-дара билеп-төстеу саясатына ешкім қарсы келе алмайды деп жазады.

ПУТИНИЗМНІҢ ШАРЫҚТАУЫ

Guardian басылымы Путиннің сілтеген таяғы тағы да бұрынғы мұнай магнаты, 2003 жылдан бері түрмеде отырған Михаил Ходорковскийге тиді дейді. Желтоқсан айында өткен тікелей эфир арқылы сұхбат кезінде әлі сот үкімі шықпай жатып, Путин Ходорковскийді «ұры» деп атаған болатын. Іле-шала бизнесменді айыпты деп тапқан Мәскеудің Хамовнический соты ұзын-сонар үкімін төрт күн оқып, желтоқсанның 30-ы оны он үш жарым жылға бас бостандығынан айырған. Guardian Ресейде Путиннің «Ходорковский - ұры» деген сөзімен келіспеуге дәті шыдайтын сот өкілі жоқ екенін айтып, мысқылдап өтеді.

Газеттің жазуы бойынша, бірбеткей Путин бұған дейін де өзіне қарсы шығады-ау деп санайтын адамдарды аямайтын, реті келсе көзін құртып жіберетін. Ондайда ресейлік премьер орыстарда ертеден келе жатқан билеп-төстеу саясатын ұстанады. Бұл стратегия оның халық алдындағы танымалдық көрсеткішінің 70 пайызға дейін өсуіне себеп болып отыр деген тұрғыда баға береді аталмыш басылым.

Владимир Путин қарсыласымен күресте тұқырту саясатын алғаш 1999 жылдан бастап қолданған. Сол кездегі президент Борис Ельциннің тағайындауымен үкімет басына келген Путин Ресейдің бас прокуроры Юрий Скуратовты орнынан тайдырды. Guardian газетінің жазуынша, басшылыққа келе салысымен өз билігін нығайтқан Путиннің қаталдығы бұдан кейін де күшейе түсті. Мәселен, «Единая Россия» партиясының тегеурінімен оппозициялық партиялар қысымға ұшырады. Михаил Касьянов сияқты саясаткерлер биліктен аластатылды. Кезінде Путинге жақтас болған Борис Березовский сияқты олигархтар қазір қудалаудан қашып, Лондонда жүр.

Путин WikiLeaks («Уикиликс») сайтында жарияланған, өзінің басқаруындағы елдің коррупцияға белшеден батып, мафиялық құрылымға айналғаны туралы мәліметтерге қарсы шығып отыр. Желтоқсан айында сөйлеген сөзінде Путин оппозиция өкілдері Борис Немцов, Владимир Милов және Владимир Рыжковты «билікке өз қалталарының қамы үшін ұмтылатындар» деп айыптап, «егер билік тізгінін ұстатсақ, олар тұтас Ресейді сатып жібереді» дегенін келтіреді Guardian. Ал аталған оппозиция өкілдері болса, моральдық шығын келтіргені үшін Путинмен соттасуға бел байлап отыр.

КӨРШІҢМЕН КЕҢІРДЕК ЖЫРТЫСПА

Путиннің өзіне қарсы шыққандармен жеке бас араздығы ел ішінде ғана емес, халықаралық аренада да жиі байқалып жүр. Путиннің айтқанына көніп, айдағанына жүре қоймаған Украинаның бұрынғы президенті Виктор Ющенкомен қарым-қатынасы салқын болса, 2008 жылы Ресей Грузияға басып кіргеннен кейін-ақ Грузияның қазіргі президенті Михаил Саакашвилимен ара-қатынасы тіпті ушығып кетті. Бұған қоса Еуропада Зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі, Косовоның тәуелсіздігі мен 2006 жылы Лондонда өлтірілген Александр Литвиненконың ісіне байланысты да Путиннің жеке басына айтылар сын көп.

Келесі бір ұлыбританиялық Times («Таймз») газеті желтоқсанның 28-інде шыққан санында қазір Ресейде түрмеде отырған бұрынғы мұнай магнаты Михайл Ходорковскийдің үстінен қозғалған сот ісі Ресейдегі заң аясына еш сыймайтындығын айтады. Құқықтық жүйе күштілердің зорлық-зомбылық құралына айналған деген ой айтады мақала авторы.

Елдегі демократиялық қоғам институттарының қызметінің әлсіреп, өлімші халге айналуы, саяси хаостың басы Борис Ельцин кезінен бастау алады. Ельциннен осындай жүйені қабылдап алған Путин елдегі олигархтарды, саяси оппоненттерді тықсыра бастады. Олигархтар иелігіндегі байлық халық игілігіне өтеді делінгенімен, ол орындалмады. Ресейліктер Владимир Путиннің орнына Дмитрий Медведев билік басына келсе, елде либерализациялау мен модернизациялау процесі жүреді деп үміттеніп қалған. Алайда президент Медведев тек елдегі құқықтық жүйенің кері кетушілігін, билікті жеке бас мүддесіне пайдалану мен коррупцияның етек жайғанын сынағанымен, Ходорковскийдің ісі секілді саяси мәселелерде Путиннің тасасынан шыға алмады. Соңғы кездердегі Путиннің қимылы оның 2012 жылғы президент сайлауына түсуге дайындықты бастап кеткенін көрсетеді дейді Times.

«АЮДЫҢ АҚЫРҒЫ ДЕМІ»

Ал мәскеулік Moscow Times («Москау Таймз») газеті желтоқсанның 28-і күнгі санында қытай сарапшыларының "ақ аюдың жан тәсілім етер күні жақын" деген болжамын келтіреді. Соңғы 20 жылда Ресейді кірпік қақпай бақылап келе жатқан қытай мамандары Ресейдің саяси, экономикалық, мәдени һәм технологиялық жағынан дамымай, күйзеліске ұшырауының мерзімі мен себептерін Путин билікке келген кезеңмен ұштастырады. Ресейді қазіргі әлемдегі «сөніп бара жатқан ең ірі саяси күш» деп атайды.

Соңғы он жылдықтағы Ресейдегі өзгерістерді тәптіштеп келтірген Қытай мамандары елдегі адам потенциалының дамуы деңгейінің төмендегенін, білім мен адам капиталына салынатын инвестицияның азайғандығын келтіреді. Бұған қоса мемлекетте коррупция мен қылмыс күшейіп, эконмикадағы мемлекеттік бақылаудың артқанын тиімді жұмыс істемейтін халге жетті дейді қытай сарапшылары. Өмір сүру деңгейінің төмендігі және басқарушы элитаның билікті жеке бас мүддесіне пайдалануы ресейліктердің басым бөлігінің түрлі арсыздықтарға баруына әкеліп соқтырған. Ең бастысы әрі қауіптісі – қазіргі билік елдің болашаққа деген бар үмітін жойды. Аймақтарды басқаруда империялық саяси тәсілдерді қолданған Кремль Солтүстік Кавказ, Калининград пен Қиыр Шығыста сепаратистік көңіл-күй туғызды, ал бұл шет аймақтар мен орталықтың арасын ажырата түсуге түрткі болады деп толықтырады сарапшылар.

Осы жайларды алға тартқан Moscow Times Владимир Путиннің келесі 2012 жылғы президент сайлауына түсу, билікте қалу ниеті жоғарыда аталған елдегі ауыр саяси, экономикалық және әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістіруі мүмкін деп жазады. Бұдан сорақысы, жемқорлық пен заңсыздықтың етек жаюы және экономиканың монополизациялануы Ресейден қисапсыз қаржы мен милллиондаған талантты адамдардың сыртқа кетуіне, ақыр соңында елдің толықтай ыдырауына соқтыруы мүмкін. Егер қазіргі билік ауыспайтын болса, келер он жылда-ақ осы болжамдар расқа айналады деп қорытындылайды Moscow Times.