ПАНДУСЫ ЖОҚ ҮЙ
40 жастағы Жасұлан Сүлейменов анасы екеуі Астананың ескі бөлігіндегі бес қабатты үйдің екінші қабатында тұрады. Мүгедектер арбасына таңылған азамат далаға өздігінен кіріп-шыға алмайды - ол тұрып жатқан совет өкіметі кезінде салынған үйде лифт жоқ, баспалдақ қана бар. Совет заманындағы үйлердің көбінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус болмайтын.
Жасұлан пәтері орналасқан екінші қабаттан төменге түсіп, қайта жоғары көтерілу үшін өзгенің көмегін пайдалануға мәжбүр. "Көмек сұрау үшін есік алдында көршілерді немесе ары-бері өткен жүргіншілерді күтіп тұруға тура келеді" дейді ол. Мүмкіндігі шектеулі жанға далаға шығудың бұдан өзге амалы болмай тұр.
1996 жылы Астанадағы Еуразия университетінің 1-курсында оқып жүргенде теледидар антеннасын орнатамын деп бесінші қабаттан құлап кетіп, жұлынын зақымдап алған Жасұлан Сүлейменов қазір мерзімі шектеусіз 1-топ мүгедегі. "Терроризм" айыбымен сотталып, түрмедегі сегіз жылын көбінесе кереуетте таңулы күйде өткізген ол Ақмола облысы Степногорск қаласындағы колониядан биыл ақпанда босап шыққан. Оның жүріп-тұруына түрмеде де жағдай жасалмаған еді.
Сәуірдің басында Жасұлан Сүлейменов далаға шыға алмай қалғанына шағынып, "Орион" пәтер иелері кооперативінен (ПИК) өзі тұратын үйдің подьезіне пандус немесе көтергіш құрал орнатып беруді сұраған. Бұған қоса, Жасұлан Сүлейменов Қазақстан бас прокуратурасы мен Астана қалалық әкімдігіне шағым жазған. Бас прокуратура оның хатын еңбек және әлеуметтік қорғау комитетіне жолдаған, ал ол жақтан шағымы комитетке қарасты департаментке түскен.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің жауабында "Орион" пәтер иелері кооперативін жоспардан тыс тексеру нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғауға қатысты заң талаптарын бұзу фактілерін жою туралы ұйғарым шығарылды" делінген.
Ведомствоның тағы бір жауабында "көп жұмыс жүргізу қажеттігіне байланысты ұйғарым талаптарын орындауға биылғы қарашаның 2-сіне дейін мұрсат берілгені" жазылған.
ПАНДУСТЫҢ ОРНЫНА ХАТТАР
Шамамен алты айдан кейін "Орион" пәтер иелері кооперативі "Мүгедекке арналған көтергіш құрал орнату" мәселесін талқылау үшін тұрғындар жиналысын өткізуді ұйғарды. Қыркүйектің 6-сы күні 20-дан аса тұрғын қатысқан жиналыс өтті. "Орион" пәтер иелері кооперативінің төрағасы Уәлихан Оспанов жиналысқа қатысқандарға тұрғын Жасұлан Сүйлейменовке пандус немесе көтергіш құрал қажеттігін, бірақ "техникалық себептерге байланысты подъезде пандус орнату мүмкін емес" екенін айтты. Содан кейін көтергіш құрал түрлері көп екенін, бірақ олардың бағасы 350 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін тұратынын айтып, құжаттарды көрсетті.
– Біздің үйге аса қажет 400-500 мың теңге тұратын бойлер сатып алу үшін ақшаны екі жылда әрең жинаймыз, ал сіз болсаңыз, бірден талап етесіз... Бұл мына үй бюджетінің үштен бірі. Көтергіш құрал сатып алуға ақша жоқ, - дейді Уәлихан Оспанов.
Ол тұрғындарға қала әкімдігіне олардың атынан хат жазып, көтергіш құрал орнату үшін ақша бөлуді немесе Жасұлан Сүлейменовті пандусы бар өзге үйге көшіруді сұрап хат жазуды ұсынды.
Әлгі жиналыста тұрғындардың көбі сөйлеген жоқ. Жиынға қатысқан әйелдердің бірі "біз Жасұлан Сүлейменовке қарсы емеспіз,тұра берсін, бірақ бұл мәселені қала әкімдігіндегі билік шешуі тиіс деп санаймыз" деді.
– Ресми шешім шыққанға дейін қамтамасыз етіңіз. Инженер, сантехник сізде де бар ғой, мені серуенге солар шығарсын, өйткені Қазақстан президенті жанындағы омбудсмен БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі өкілімен кездескен кезде "Қазақстанда тұратын мүгедек жандарда ешқандай проблема жоқ, бәріне қолайлы жағдай жасалған" деп есеп берді ғой. Ал әлгі қолайлы ортасы қайда? – дейді Жасұлан Сүлейменов.
Бұған "Орион" ПИК төрағасы "Бізде, Қазақстанда мүлде проблема жоқ" деп жауап берді.
– Проблема жоқ болса, онда мені далаға проблемасыз шығарып тұрыңыз, - дейді Жасұлан Сүлейменов.
Азаттық тілшісінің "Жасұлан Сүлейменов енді үйінен қалай шығады?" деген сұрағына "Орион" пәтер иелері кооперативі төрағасы жүре алмайтын науқастарға күтім жасайтын еріктілер бөліп беруі тиіс әлеуметтің қорғау министрлігіне жүгінуді ұсынды.
– Волонтерлер болуы тиіс. Сіз ол кісіге серуенге шығарып тұратын волонтерлермен қамтамасыз етіп көмектесе аласыз. Ал мен адам құқығы уәкіліне, қалалық әкімдікке, әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жазамын, - дейді Уәлихан Оспанов.
Қыркүйектің 5-інде Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл (омбудсмен) Асқар Шәкіров БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агиларға "соңғы бес жылда уәкіл атына мүгедек жандардан баспана, еңбек және өзге құқықтарына қатысты 201 өтініш түсті, ал омбудсмен қызметкерлері кейінгі бес жыл ішінде қарттар мен мүгедектерге, психоневрологиялық дертке шалдыққан, оның ішінде балалар да бар мүгедектерге арналған арналған 44 мекемені, Қазақ зағиптар қоғамы мен Қазақ саңыраулар қоғамына қарасты оқу-өндірістік кәсіпорындарды аралады" деп есеп берді. Омбудсменнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Каталина Девандас Агилар "Қазақстандағы омбудсмен мекемесінің жұмысын оң бағалаған".
Астаналық Жасұлан Сүлейменов өзі тұратын үйге пандус немесе көтергіш құрал орнату мәселесін қараған тұрғындар жиналысына әлгі ведомствоның мемлекеттік құқық қорғаушылырынан біреуін шақырып, омбудсмен аппаратына да жүгінген. Олардың ешқайсысы жиналысқа қатысқан жоқ, ал мүмкіндігі шектеулі азаматқа келген жауапта оның өтініші бір ай қаралатыны жазылған.