15 ЖЫЛ ОТАСҚАННАН КЕЙІН
Жолқұдық ауылында (Павлодар қаласынан 15 километр жерде орналасқан) тұратын 67 жастағы зейнеткер Қайыр Көшелеков кәмелетке толмаған төрт баласын былтырғы қарашадан бері жалғыз асырауға тырысып келеді. Оның айтуынша, 15 жыл отасқан әйелі Әлия жұмыстан кейін үйге келмей қойған. Қайыр Көшелеков «әйелім бұрын да көбінесе түн ортасынан ауып кеткенде келетін» дейді. Бірақ бұл жолы Әлия үйінен біржолата кетіп қалған, Қайыр Көшелековке мұны оның құрбысы айтқан.
Your browser doesn’t support HTML5
- Екеуміздің жас айырмамыз әсер еткен сияқты. Бала-шағамды асырау қамымен жұмыс істеп жүргенде ол бәріне риза еді. Балаларға қарап, үйде отырсын деген оймен оны жұмысқа шығармап едім. Екі жыл бұрын егістікке жұмысқа кірген. Кейін кешігіп келетінді, ішуді шығарды. Үнемі «біреудің туған күні болды» деп сылтаурататын, - дейді Қайыр Көшелеков.
Екеуі танысқан 2000 жылы Қайыр 51 жаста, ал Әлия 21-де болған. Сол жылы екеуінің тұңғыш қыздары Жұлдыз дүниеге келген. Отағасының сөзінше, үйдегі проблемаларәйелі үй шаруасымен айналысуды қойып, «ішімдікке салына» бастаған кезде басталған. Ол кезге қарай екеуі төрт балалы болып үлгерген.
«ЕШТЕҢЕГЕ ҚАРАМАСТАН» АНАЛАРЫН ЖАҚСЫ КӨРЕДІ
Үйінен кетіп қалған шешесіне әсіресе үйдің кенжесі Ербол «қайтып келші» деп қатты жалынған.
- Үйден қашып кеткен кездері де болды! Қайткенмен, шешесі ғой... Оны «анда жүр, мында жүр» деп алдап, көңілдерін аулап қоятынмын. Оны талай рет іздеп, тауып, «үйге қайт немесе тым болмаса балаларды жұбатып кет» дейтінмін, - дейді Қайыр Көшелеков.
15 жастағы Жұлдыз әкесінің қолғанатына айналған. Ол бес жасар сіңлісі Шолпанға «анасын» жоқтатпауға тырысады. Жұлдыздың екі інісі – 13 жасар Ерсұлтан мен 9 жасар Ербол да әпкесін тыңдайды. Әкесі «үлкен қызым тамақ пісіріп, кір жуып, бауырларын тәртіпке баулиды» деп қатты қуанады. Балалар «анамызды, ештеңеге қарамастан жақсы көреміз, оған ренжімейміз» дейді. Бірақ бұл жайлы айтқылары келмейді.
Үйдің ұлдары бақшадағы жүйектерді суарып, биылғы нөсер жауыннан қатты бүлінген үйдің сыртын қаптауға жәрдемдесіп, әкесінің шағын шаруашылығына қолғабыс жасайды. Үйдің ішін сыз тартқан, кей тұстары көгеріп кеткен.
Қайыр Көшелеков «өзге қиындығымыз аздай, бала-шағамның нәпақасын айырып, күн көріп отырған автомобилім сынып қалды» дейді. Оның 30 мың теңге (шамамен 80 доллар) зейнетақысы көп нәрсеге жетпейді. Ол «балаларға қысқы киім-кешек керек, көп ұзамай жаңа оқу жылы басталады, біз сияқты жарлы отбасыға бұл да қосымша шығын» дейді.
Бәрі керек! Балаларға шұлықтан бастап киім сатып алып, үйдің шатыры мен көлігімді жөндету керек. Көлігім жүріп тұрса, ешкімнен көмек сұрамас едім.
- Бәрі керек! Балаларға шұлықтан бастап киім сатып алып, үйдің шатыры мен көлігімді жөндету керек. Көлігім жүріп тұрса, ешкімнен көмек сұрамас едім, - дейді Қайыр Көшелеков.
ШАЙҚАЛҒАН ШАҢЫРАҚ ЖАЙЛЫ ПІКІРЛЕР
Әлиямен хабарласудың сәті түспеді. Енді оның тұрғылықты жері жоқ, ал бұрынғы күйеуі оны қайдан табуға болатынын білмейтінін айтады. Оны іздеп жүргенде өзін «оның әпкесімін» деп таныстырған Айгүл деген әйелмен сөйлесудің сәті түсті. Ол Қайыр Көшелековтің сөздерін жоққа шығарып, «бәріне өзі кінәлі» дейді. Ол «өзі өнегелі отағасы бола алмады, әйелін жөн-жосықсыз қызғанып, жанжал шығаратын, кейде қол көтеретін» дейді.
- Бұрын ол кісіні [Қайыр Көшелековті] сыйлаушы едім. Бірақ кейін пікірім өзгерді. Жуырда Әлиямен жолығып, балаларын тастап кеткені үшін ұрыстым. Ол күйеуін көргісі келмейтінін, одан қорқатынын айтты, - дейді Айгүл.
Айгүлдің сөзінше, Әлия балаларын қайтарғысы келетін «сияқты», бірақ бұрынғы күйеуімен кездесуден қорқады. Айгүл Тоқмолаеваның айтуынша, Әлия қазір шаруа қожалығына жұмысқа орналасқан. Азаттық тілшісі Айгүлге «сіңліңіз редакцияға хабарласып, өз болжамын айтсын» деген өтінішін жеткізуді сұраған, бірақ Әлия сол күйі хабарласпады.
Ауылдастары Қайыр Көшелековтің отбасының ешбір ерекшелігі жоқ, жұрт сияқты кәдімгі отбасы болғанын айтады. Көршісі Бибігүл Сыздықова «қарапайым отбасы болатын, күйеуі таксист болып қосымша ақша табатын, әйелі үй шаруасымен айналысып әрі көршілерінің бақшасының шөбін жұлу, күзде өнімін жинауға көмектесу сияқты ақша табудың кез келген мүмкіндігін пайдаланатын» дейді.
Көрші әйел «Бұрын Көшелековтер отбасының шағын шаруашылығы - екі сиыры, бақшасы болған. Әлия сиырын өзі сауатын, кейінгі жылдарға қарағанда, ол кезде тұрмыстары тәуір болатын» деп еске алады. Бұрынғы ерлі-зайыптылар жайлы Бибігүл Сыздықова жақсы пікір айтады.
Әлия ешқашан ешкімді ренжітпейтін, балалары да оны жақсы көреді.
- Салынып ішпейтін, тұрақты жұмысы жоқ болса да, бізден ештеңе сұрап келмейтін. Әлия ешқашан ешкімді ренжітпейтін, балалары да оны жақсы көреді, - дейді ол.
«Шаңырақ шырқы неге бұзылды?» деген сұраққа Бибігүл Сыздықова «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды ғой» дегеннен өзге ештеңе айтпады.
Павлодар облысы Алғабас ауылдық округы әкімі Мирхат Валитов журналистер келгенін естіп, отағасымен сөйлесіп жатқан мезетте келді. Жалғызілікті әке «ертерек көмек сұрап келген жоқ» деп қынжылған жергілікті билік өкілі «енді әкімдік оның отбасына қарайласуға тырысады» деп уәде етті. Жолқұдық – шағын ауыл, сондықтан бұл шаңырақтың проблемасын ауыл тұрғындарының көбі баяғыдан біледі.