Жаңа мәжіліске үш партия қайта өтті

Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері дауыс беру жәшігіндегі бюллетеньдерді санауға кірісті. Қызылорда облысы, 20 наурыз 2016 жыл.

ЕҚЫҰ бақылаушылары кезектен тыс сайлаудың "елеулі кемшіліктерін" айтты. ОСК жыл басында өзін өзі таратқан мәжіліс құрамында болған билікшіл үш ұйым - «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстан коммунистік-халықтық партиялары парламентке тағы өткенін мәлімдеді.

Қазақстандағы кезектен тыс парламент сайлауын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясы Қазақстанды азаматтық және саяси құқықтарды кеңейтуге бағытталған реформалар жүргізіп, демократиялық сайлау бойынша өзіне алған ЕҚЫҰ міндеттемелерін орындауға шақырады. Бұл туралы 21 наурызда Астанадағы баспасөз мәслихатында миссия өкілдері мәлімдеді.

Your browser doesn’t support HTML5

ЕҚЫҰ бақылаушыларының мәлімдемесі. Аудиоподкаст.

– Бұл сайлауда біраз ілгері жылжу байқалғанымен, Қазақстан ЕҚЫҰ аясында демократиялық сайлаулар өткізу туралы халықаралық міндеттемелерін орындау үшін әлі көп шаруа атқаруы керек, - деді қысқа мерзімді миссияның жетекшісі әрі арнайы үйлестірушісі Мариетта Тидеи.

Ол елде сайлау туралы заң жетілдірілмегенін, сайлауға қатысқан саяси партиялардың барлығына тең жағдайда болмағанын атап айтты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі бар жарнама тұрған жерден өтіп бара жатқан әйел. Алматы, 30 қараша 2015 жыл.

– Көптеген жылдар бойы билікте бір партияның үстемдігі орнаған. Мемлекеттен қаржыландырылатын баспасөз құралдары барлық кандидаттарға бірдей мүмкіндік беруге тырысқанымен, БАҚ- тарда президенттің қызметі жөніндегі хабарлар басым болды. Бұл, әрине, билік партиясына басымдылық берді, - деді Тидеи

ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы делегациясының басшысы Гир Йорген Беккервольд мәжіліс және мәслихаттар сайлауы кезінде байқалған «бюллетеньдерді топтап салу және сайлау күні тізімге көптеген адамдарды қосу оқиғаларына» байланысты алаңдаушылық білдірді.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы сайлау барысында байқалған «елеулі кемшіліктер» қатарында сайлаушылар үшін шынайы саяси таңдаудың жетіспеушілігін және плюрализмнің жоқтығын атаған.

«Сайлау күні дауыс беру, дауыстарды санау барысында елеулі процедуралық қателіктер және өзге де сәйкессіздіктер байқалды. Дауыс беру кезінде бақылаушылар дауыс беру жәшігіне жалған бюллетендер салу, сайлаушылар тізімдерінде бірдей болып көрінген бірқатар қолдар, топпен және сенімді тұлға арқылы дауыс беру жағдайларын байқады» делінген миссия құжатында.

Мәжіліс сайлауына түскен саяси партиялардың сайлауалды дебаты. Астана, 16 наурыз 2016 жыл.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мәлімдемесінде соңғы жылдары Қазақстан Конституциясында сөз бостандығына кепілдік беріп, цензураға тыйым салғанына қарамастан, БАҚ бойынша құқықтық базада бірқатар шектеулер бары айтылған. Халықаралық бақылаушылар сайлауға қатысушы барлық алты партияның қатысуымен алдын ала түсірілген бір теледебаттың «формалды сипаты интерактивті пікір алмасуға мүмкіндік бермегенін» атап өткен.

Миссия мемлекеттік БАҚ-тар тарапынан сайлауалды науқан кезінде партияларға тең мүмкіндік болмағанын атап көрсеткен.

«Мемлекет қаржыландыратын арналар Жалпыұлттық-социал демократиялық партия басшысына сөйлеу мүмкіндігін сирек берді, спикерлерді көбінесе алыстан көрсетіп, жалпы алғанда партия науқанының тұғырнамасына емес, техникалық аспектілеріне, мысалы, кездесулер бағдарларына, таратылған үндеухаттардың санына, көбірек тоқталды» делінген мәлімдемеде.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстандағы кезектен тыс парламен сайлауы туралы түпкілікті есебі мен сайлауға қатысты өз ұсыныстарын шамамен екі айдан соң жариялайтынын хабарлады.

Қазақстандағы бұл жолғы сайлауда билік партиясына балама және плюрализмнің жоқтығын «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы да cайлау қарсаңында жариялаған мәлімдемесінде атап көрсеткен. Ұйымның Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бөлімінің жетекшісі Иоганн Бир «Демократиялық пікірталас болуы үшін тәуелсіз баспасөз құралдары болуы шарт, онсыз ешбір сайлау сенім тудырмайды» деп мәлімдеген.

ПАРЛАМЕНТКЕ ҚАЙТА ӨТКЕН ҮШ ПАРТИЯ

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы алдын ала есебін жария етерден бірнеше сағат бұрын Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан сайлау заңы бойынша парламентке сайлануға мүмкіндік беретін жеті пайыздық межені билікшіл үш саяси ұйым еңсергені туралы мәлімдеді.

Қазақстандағы кезектен тыс парламент сайлауының алдын ала нәтижесі.

Парламент сайлауының алдын ала ресми қорытындысына сәйкес, жеті пайыздық межеден «Нұр Отан» (82,15 %), «Ақ жол» (7,18 %) және Қазақстан коммунистік-халықтық партиялары (7,14 %) өткен. Биыл қаңтарда өз бастамасы бойынша таратылған бұрынғы мәжіліс құрамы да осы үш партиядан құралған болатын.

Ал кезектен тыс сайлауға қатысқан өзге үш партия: «Бірлік» - 0,29 %, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 1,18 % және «Ауыл» партиясы – 2 % дауыс алғаны хабарланды.

Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиялары хаттамалары негізінде парламент мәжілісі депутаттарын сайлаудың түпкілікті қорытындысы 26 наурыздан кешіктірілмей белгіленетінін хабарлады.

Заң бойынша, мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98-і - партиялық тізім бойынша, тоғызы – Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланады. Қазақстан халқы ассамблеясы бүгін Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кезектен тыс сессиясында осы ұйымнан парламентке сайланатын тоғыз депутатты анықтады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясының бүгін Астанада өткізген форумында сөйлеген сөзінде:

«Біз бүкіл әлемге республикамызда ашық, айқын әрі әділ сайлау өтіп жатқанын, соның нәтижесінде парламентте көппартиялы жүйе жұмыс істейтінін паш еттік», - деп мәлімдеді.

Бұл жиын сайлауға дауыс беруден үш күн бұрын жүздеген студенттің қатысуымен дайындық шарасы ұйымдастырылған «Сарыарқа» велотрегінде өткен.