31 наурыз күні Қазақстан бүкіл әлеммен бірге «Жер сағаты-2012» деп аталатын акцияға қатысады. Cенбі күні кешкі 20:30-да миллиондаған адам бір сағатқа электр жарығын сөндіреді. Бұл шараның мақсаты - ғаламдық климаттың өзгеру проблемасына назар аударту.
Алматы тұрғыны Камила есімді келіншек бірнеше жыл қатарынан «Жер сағаты» акциясына қатысып келе жатқанын айтады. Ол 31 наурызда да әлемдегі миллиондаған адам сияқты кешкі сағат сегіз жарымда 60 минут бойы үйіндегі жарық пен электр жабдықтарын сөндіріп қоймақ.
– Ғаламдық жылынумен күреске азғантай болса да үлесімді қосып жатқаныма қуанамын. Мен тек осы күні ғана емес, жалпы басқа күндері де энергияны үнемдеуге тырысамын. Бала кезімізде әке-шешеміз «үйдегі босқа жанып тұрған шамдарды сөндіріп жүріңдер» деп үйреткен, – дейді ол.
ҒАЛАМДЫҚ БАСТАМАҒА АЙНАЛҒАН ШАРА
«Жер сағаты» – Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры жыл сайын наурыздың соңғы сенбісінде өткізетін, халықты бір сағатқа электр жарығын пайдаланбауға үндейтін шара. Акцияның мақсаты – әлем жұртшылығының назарын ғаламдық ауа-райының өзгеру проблемасына аудару, адамдарды энергия мен басқа да табиғи ресурстарды үнемдеуге шақыру.
Алғаш рет бұл шара осыдан бес жыл бұрын, 2007 жылы Австралияның Сидней қаласында басталған. Содан кейін ол бүкіл әлемге тарап, халықаралық
«Жер сағаты» шарасы аясында биыл бүкіл әлем бойынша әйгілі архитектуралық нысандарда бір сағатқа жарықтан бас тартуды жоспарлап отыр.
«Жер сағаты» акциясының Қазақстан мен Орталық Азия бойынша бастамашысы Алан Бесеновтің айтуынша, соңғы бес жылда бұл халықаралық шараның тез арада халық арасында жайылуы миллиондаған адамның планетаны қорғауға қосып жатқан үлесін арттырғысы келетінін дәлелдейді.
– Қазақстанда бұл шара 2009 жылдан бері танымал бола бастаған. Өткен жылы жылы оған 5 миллионға жуық адам қатысты, ал осы жылы кемінде 8 миллион адам қатысады деп отырмыз, – дейді Алан Бесенов.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, елдің барлық аймақтары «Жер сағаты» шарасына қосылып отыр. Астанада «Бәйтерек», «Салтанат қақпасы» және тағы басқа 100-ден астам нысандардағы жарық сөнеді.
Сонымен қатар бұл акцияға үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтар қосылып, әртүрлі шаралар ұйымдастырмақ.
Азаттық радиосына сұхбат берген «Вело-Алматы» бастамашыл тобының өкілі Светлана Спатарь:
- Біз жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 8:30-да жиналып, велосипедпен қаланы аралаймыз. Сосын бәріміз еліміздегі экологиялық ұйымдар ұйымдастыратын флэш-мобқа қатысамыз, - дейді.
«БІР САҒАТТА ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС БОЛМАЙДЫ»
«Табиғат» қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов «мұндай акцияны ұйымдастыру қажет, бірақ оның тиімділігі - өте төмен» дейді.
– Бір сағат ішінде Жерде, әрине, түбегейлі өзгеріс бола қоймайды. Бірақ адамдар энергияны үнемдей бастайды. Бұл шара адамдарға әрдайым энергияны үнемдеу керегін еске салады, – дейді Мэлс Елеусізов.
Оның айтуынша, экологиялық шараларды ұйымдастырушылар көптеген
– Адамдар тіпті қарапайым нәрселерді үйренгісі келмейді. Мәселен, біз жаңа тәсіл ұсынып, халықты тағам қалдықтарын өзге қоқыстардан ажыратуға шақырдық. Бірақ зерттеу нәтижесіне қарағанда, солай жасайтын адамдардың саны аз болып шықты, – дейді Мэлс Елеусізов.
Қазақстандағы экология жағдайды «нашар» деп бағалаған Елеусізов ғаламдық ауа-райының жылынуына қатысты проблемаларды айтты.
– Бүкіл әлемде мұздықтардың 40 пайызы еріп үлгерді. Бұл өте үлкен мәселе болса да, оған алаңдап отырған адамдар аз. Мұздықтар болмаса, теңіздер жойылады, соның кесірінен тұщы суға қатысты проблемалар пайда болады. Ондай проблемаларды тек үлкен күш-жігер салып қана шешуге болады. Адамдар суды үнемдеуі үшін тәулік бойы насихат іс-шараларын жүргізу керек. Бұған билік бармайды. Бір сөзбен айтқанда, бәрі тоқырап қалған, – дейді «Табиғат» қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов.