Экологты өлтіргенін мойындаған адам 10 жылға сотталды

Эколог Нұрлан Өтеулиев. Алматы облысы, 4 наурыз 2013 жыл.

Эколог Нұрлан Өтеулиевті өлтірді деп айыпталған адам қылмысын мойындады. Қаза тапқан экологтың туыстары мен жақтастары бұл қылмысқа қатысты жайттар толық анықталғанына сенбейді.
Тамыздың 15-і күні Қарасай аудандық сотының судьясы Еркін Сейітов Алматы облысының Қаскелең қаласында 27 жастағы Дмитрий Жабинді «Тастыбұлақ кентінің тұрғыны, эколог Нұрлан Өтеулиевті өлтірді» деп, 10 жылға түрмеге кесті.

«ЖЕКЕ БАС АРАЗДЫҒЫМЫЗ БОЛҒАН»

Сот болжамы бойынша (айыптаушы тараптың болжамымен сәйкес келеді), Дмитрий Жабин бизнеске байланысты жеке бас араздығынан бөлесі Нұрлан Өтеулиевті қасақана өлтірген.

Дмитрий Жабин Нұрлан Өтеулиевті мылтықпен атқанын айтты. Қылмысын өзі келіп мойындап, түсінік беріп, тергеуге көмектескен Дмитрий Жабин «қасақана өлтірдім» деген сөзінен танбады. Ол соңғы сөзінде айыбын мойындайтынын, істеген қылмысына қатты өкінетінін мәлімдеді.

Нұрлан Өтеулиевтің анасы, жәбірленуші Манат Өтеулиева «жеңіл жаза берді» деп, сот үкімімен келіспейді. Оның үкімді қайта қарау жөнінде шағым берер-

Нұрлан Өтеулиевтің анасы Манат Өтеулиева. Қаскелең, 5 тамыз 2013 жыл.

бермесі әлі белгісіз. «Ұлымды Дмитрий Жабин жалғыз өлтірген жоқ, мұның артында басқа адамдар да бар» деп пайымдайды Манат Өтеулиева.

– Қылмысқа қатысты басқа адамдар бары анық, бірақ оларды жасырып отыр, – дейді марқұмның анасы журналистерге.

Сотталушының адвокаты Айнагүл Көшкінова Дмитрий Жабиннің «полицияға өзі келіп, абайсызда кісі өлтіргенін шын көңілден мойындағанын, тергеу жұмысына барынша көмектескенін», бұрын сотталмағанын, қарауында екінші топ мүгедегі әрі жүйкесі сырқат анасы барын ескеріп, соттан оның жазасын жеңілдетуді сұрады.

Дмитрий Жабиннің ағасы Мұрат Дадабаев журналистерге «қорғаушы тарап үкімге қатысты шағым беру туралы әлі шешімге келмегенін» айтты.

Нұрлан Өтеулиевтің соңында жұбайы мен 10 жасар ұлы қалды. Оның анасы Манат Өтеулиева – мүгедектігі бойынша зейнетке шыққан адам. Ол кісінің қарауында мүгедек ересек екі баласы бар.

БЕЛСЕНДІЛЕР КҮРЕСІ

Алматы облысы Қарасай ауданы Тастыбұлақ кентінің тұрғыны, «Табиғат» экологиялық қозғалысының белсендісі Нұрлан Өтеулиевтің денесі биыл 10 наурыз күні Алматыға жақын маңнан, Алатау бөктерінен табылған еді.

КӨРІҢІЗ: Қоғам белсендісінің мүрдесі табылды

Нұрлан Өтеулиев көз жұмарынан бір апта бұрын кент бағында ғасырлар бойы өсіп тұрған ағаштарды кесуге қарсы шыққан. Мұндай жанжалдар бұрын да болған.

«Табиғат» экологиялық қозғалысы белсенділерінің Тастыбұлақ бағындағы ағаштарды кесуге қарсы күресіп келе жатқанына төрт жыл болды. Алматы

Нұрлан Өтеулиевтің анасы Манат Өтеулиева мен азаматтық белсенділер ағаш отырғызып жатыр. Алматы облысы Тастыбұлақ ауылы, 5 сәуір 2013 жыл.

түбіндегі көрікті жерде орналасқан бақтағы тоғайды отау туралы дау жайында жергілікті ақпарат құралдары бірнеше рет жазған. Баспасөзде көтерілген шудан кейін билік ғасырлар бойы өсіп тұрған ағаштарды кесуді заңсыз деп тауып, ол іс біразға дейін тоқтатылған.

Ауылдың белсенді тұрғындары тоғайды сақтау үшін азаматтық белсенділерге айналып, саясаткер Мэлс Елеусізов басқаратын экологиялық қозғалысқа кірді. Баспасөзде «сатылып кеткен жерлерде ежелгі сақ қорғандары бар екен» деген хабарлар да шықты. Алатаудың етегіндегі Тастыбұлақ кенті Алматы қаласының жоғарғы бөлігімен шектеседі.

Нұрлан Өтеулиевтің өлімі Алматы қаласы мен облысында элиталық тұрғын үй салу үшін қорықтық жерлерді жою әрекетіне қарсы белсенділердің наразылығын тудырды. Өтеулиевтің жақтастары «оны өлтіру арқылы бізді қорқытпақ» деп болжайды.