Египетке кеткен алты студенттің екеуі – 1995 жылы туған Еламан Жазылхан мен 1994 жылы туған Қанат Берік Алматыдағы Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері қазақ университетінің араб және түркі тілдері филологиясы мамандығы бойынша магистранттары. Курстас бойдақ жігіттер бакалавриатты да сол оқу орнында тамамдаған.
«ДІНДІ ТЕРЕҢ ҰСТАНБАЙДЫ»
Еламан Жазылхан мен Қанат Беріктің туыстары шілденің 25-і күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдерімен кездесіп, студенттердің жайын айтты.
Туыстарының сөзінше, магистратураның бірінші курсын аяқтаған жігіттер Египет астанасы Каирдегі «Ніл» оқу орталығының жазғы тіл курстарына кеткен. Шілденің 11-інде Алматыдан Шарджаға, одан кейін Александрия арқылы Каирға жеткен жастар соңғы рет шілденің 20-сына қараған түні хабарласқан. Еламан мен Қанат Каирда жыл басынан бері оқып жатқан басқа төрт қазақ студентінің жанына – Наср-Сити ауданындағы пәтерге қоныстанған.
– Олардың (Еламан мен Қанаттың) жауапкершілігі жоғары. Ешкімге айтпай бір жаққа кетіп қалуы мүмкін емес. Дінді де терең ұстанбайды. Өзіміз сияқты ғана ислам дінінде. Дінге қатты кіріп кеткен әрекеттері болған емес, – дейді Еламан Жазылханның туысы Еркін Әшімхан.
Қанат Беріктің немере ағасы Арман Исабековтің сөзінше, інісі соңғы рет WhatsApp желісіндегі туыстарының ортақ тобына Каирдің көріністері бейнеленген видео жіберіп, қайырлы түн тілеген.
– Інім – Павлодар облысы, Баянауыл ауданының тумасы. Қазір әке-шешесімен Алматыда тұрып жатыр. Мектепті Алматыда бітірген. Үйде екі ағайынды. Бұл – кішісі. Әсіредіншілдігі жоқ, – дейді Арман Исабеков.
Жастардың хабарсыз кеткенін Facebook парақшасы арқылы жариялап, дабыл қаққан Айбол Исабековтың айтуынша, екі жігіт те намаз оқыған, бірақ әсіредіншіл емес.
Қанат ешбір тарапты, діни афераларды қолдамайтынын, Қазақстанның бейтарап ұстанымын құптайтынын айтты.
– Олар жолға шығар алдында Қанатпен Skype арқылы сөйлестім. Ол Таяу Шығыс елдеріндегі шиеленіс жағдайлары [кесірі] өздеріне де тиіп кете ме деген үрейімен бөлісті. Ол ешбір тарапты, діни афераларды қолдамайтынын, Қазақстанның бейтарап ұстанымын құптайтынын айтты. Еламан Жазылхан да осындай ұстанымға толық қосылады, – дейді Айбол Исабеков.
Студенттердің туыстарының сөзінше, «олармен байланыс үзілген соң Каирдегі жастардың бірі үйлеріне барған, бірақ үйде ешкім болмаған, үйдің күзетшілері оларды әлдебір әскерилер алып кеткенін хабарлаған».
«БӘРІНІҢ АТЫ-ЖӨНІН БІЛЕМІН, БІРАҚ АЙТА АЛМАЙМЫН»
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақовтың сөзінше, ол мекеме хабарсыз кеткен Қазақстан жастарын Египет билігімен байланыса отырып іздестіріп жатыр.
– Жоғалған алты қазақстандық студенттің аты-жөндері белгілі. Екеуін білесіздер. Қалған төртеуінің кім екенін айта алмаймын. Өйткені төртеуінің туыстары сыртқы істер министрлігіне хабарласқан жоқ, – деді Әнуар Жайнақов.
Министрлік өкілі түстен кейін "алты қазақстандық қазір Египет территориясында екенін, оларды полиция ұстағанын" хабарлады.
"Олардың өмірі мен денсаулығына еш қауіп жоқ. Қазақстанның Египеттегі елшілігі олардың ұсталу себебін анықтап жатыр. Жақын уақытта елші Египет ішкі істер вице-министрімен кездеседі" деді сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов.
Еламан мен Қанаттың туыстары олардың «Ніл» оқу орталығына қазақстандық қор арқылы барғанын айтады. Бірақ олар қордың атауын естеріне түсіре алмады. Ал Алматыдағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің телефондарының ешқайсысы жауап бермеді.
Хабар-ошарсыз кеткен студенттердің аты-жөні белгілі екеуінің Facebook парақшаларында олардың тезірек табылуына тілек білдіріп пост жазғандар көп. Еламан Жазылхан парағында соңғы рет сәуірдің 15-і күні БҰҰ отырысынан үзінді видео жариялаған. Қанат Берік соңғы рет шілденің 12-сінде «Мысырдан жалынды сәлем» деп, Еламан екеуінің суреттерін салған.