«Каспий табиғаты» ұйымы қызметін тоқтатпақ

«Каспий табиғаты» ҮЕҰ төрағасы Махамбет Хәкімов. Астана, 12 мамыр 2009 жыл.

ҮЕҰ туралы даулы заң ережесімен келіспейтін атыраулық қоғамдық ұйым жабылатынын мәлімдеді. Билік оны «асығыстық жасады» деп санайды.

Атырауда 18 жылдан бері экология мәселелерімен айналысып келген «Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымы (ҮЕҰ) жұмысын тоқтатуға мәжбүр екенін мәлімдеді. Бірлестік жетекшісі Махамбет Хакімовтің Азаттыққа айтуынша, мұндай шешім қабылдауға Қазақстанда былтыр қабылданған заң өзгерісі – үкіметтік емес ұйымдарды қызметіне қатысты деректер беруді міндеттейтін ереже себеп болған.

Your browser doesn’t support HTML5

«Каспий табиғаты» ұйымы қызметін тоқтатпақ. Аудиоподкаст.

- Өзіміз туып, өзіміз өлтірдік деген осы. Бірақ бұл идеяларымыз таусылады деген сөз емес. Бәлкім, басқаша түрде – жай азамат ретінде, не басқа бір ұйым мүшесі ретінде болсын, өз қоғамдық-экологиялық қызметімізді жалғастырамыз. Алайда біз қордың күйін кешетін үкіметтік емес ұйым болғымыз келмейді, - дейді Махамбет Хәкімов.

Заң талабына сәйкес, Қазақстанда тіркелген ҮЕҰ құрылтайшысы, басшылары мен қызметкерлері жайлы дербес деректерді - донор ұйымы және дүние-мүлкі туралы мәліметтер толық көрсетілген есепті наурыздың 31-іне дейін мәдениет және спорт министрлігіне тапсыруы тиіс. Оны орындамағаны үшін Қазақстан әкімшілік кодексінде 50 айлық есептік көрсеткіш (120 мың теңге шамасында) мөлшерінде айыппұл салу және қызметі тоқтату жазасы қарастырылған. Махамбет Хәкімов өзі басқаратын қоғамдық ұйымда ондай көлемде айыппұл төлейтін қаржы жоқ екенін айтады.

- «Каспий табиғаты» ешкімнен ақша алған емес. Біз жұмысымызды өз қаражатымыз есебінен жүргізіп келеміз, - дейді ол.

ЖАҢА ЕРЕЖЕГЕ НАРАЗЫЛЫҚ

«Каспий табиғаты» ұйымы жабылатыны туралы мәлімдемені ҮЕҰ-ға дербес деректері туралы есепті мәдениет және спорт министрлігіне тапсыруға берілген мерзім бітуге бір күн қалғанда жариялады. Махамбет Хәкімовтің айтуынша, соның ертеңінде, наурыздың 31-і күні оны Атырау облыстық әкімдігіне шақырған.

Каспий жағасына шығып қалған өлген итбалықтар. Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, 27 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

- Әкімдік жанындағы үкіметтік емес ұйымдар жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында маған 2016 жылы есеп тапсырмағаным үшін ешқандай айыппұл салынбайтынын түсінбегенімді, мұның «жақсы өнеге емес» екенін айтты, - дейді ол.

Бірақ Махамбет Хәкімов ҮЕҰ-ларға «биыл айыппұл салынбайды» деген сөзге күмән келтіреді. «Заң талабы қалай бір күнде өзгере қалады?» деп таңданыс білдірген белсенді қоғамдық ұйымды жабу туралы қабылдаған шешімдерінен бас тартпайтындарын мәлімдеді.

- Оны (бірлестіктің қызметін тоқтату) әкімдіктің түсіндіруінен соң тоқтата салатындай мен жалғыз қабылдаған шешім емес, бұл – ұжымның ұйғарымы, - дейді Махамбет Хәкімов.

Оның сөзінше, «Каспий табиғаты» елдегі барлық басқа қоғамдық ұйымдар тәрізді әділет министрлігінде, статистика органдарында, салық комитетінде тіркеуде тұр және ондаған жылдар бойы тоқсандық, жылдық есептерін уақтылы тапсырып келеді. Ал биылдан бастап қолданысқа енген жаңа ережеге сәйкес, тағы бір мемлекеттік орган – мәдениет және спорт министрлігіне де тіркелу, оған да есеп тапсыру керек. Мұны қағазбастылық бюрократияны қолдан тудыру деп білетін «Каспий табиғаты» қоғамдық ұйымы жетекшісі бұған дейін өз наразылықтарын білдіріп Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін шағым жазғандарын айтады.

Каспий жағасына шығып қалған өлі итбалықтар.

Атырау облысында ресми тіркелген 537 үкіметтік емес ұйым бар. Солардың арасындағы ең белсенділерінің бірі – «Каспий табиғаты» экологиялық қоғамдық бірлестігі 1998 жылы сәуірде бір топ азаматтың бастамасымен құрылған. Ұйым 2000 жылы Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылып жатқаны туралы дабылды бірінші болып көтеріп, өлген теңіз жануарлары саны 33 мыңға жеткенін жария еткен болатын.

ҮКІМЕТ ГРАНТЫ МЕН СЫЙАҚЫ

Атырау облыстық әкімдігінің ішкі саясат басқармасы бастығы Әсия Қыстаубаева Азаттыққа «Каспий табиғаты» қоғамдық бірлестігінің қызметін тоқтататыны туралы мәлімдемесінен соң ұйым жетекшісі Махамбет Хәкімовті әкімдік жанындағы қоғамдық ұйымдар жөніндегі кеңеске шақырып, ҮЕҰ-ларға есепті тапсыруға байланысты «биыл ешқандай жаза болмайтынын» айтқанын растады.

- Мәдениет және спорт министрлігімен селекторлық жиналыс өтті. Бұл алғаш рет болып отырғандықтан, биыл ешкім де жазаға тартылмайды, - дейді әкімдік өкілі.

Мәдениет және спорт министрлігімен селекторлық жиналыс өтті. Бұл алғаш рет болып отырғандықтан, биыл ешкім де жазаға тартылмайды.

Ол мәдениет және спорт министрлігіне тіркелу үкіметтік емес ұйымдар үшін пайдалы деп сендіреді.

- Келесі жылдан бастап арнайы портал ашылып, сол жерден ең белсенді ұйымдар анықталып, оларға бөлінетін гранттан бөлек сыйақы да беріледі. Сыйақыны толық өз мақсатына, ал гранттың 10 пайызын өз дамуы үшін пайдалануға мүмкінідік бар, - дейді шенеунік.

Әсия Қыстаубаева «Каспий табиғаты» қоғамдық ұйымы «тым асығыс шешім қабылдап отыр» дейді.

СОТҚА ШАҒЫМ

Алматыдағы «Халықаралық құқықтық бастама» қорының президенті Айна Шорманбаева жаңа ереже белсенділік танытып жүрген қоғамдық ұйымдардың қызметін ғана емес, конституцияда бекітілген бірлесу құқығын да шектейді деген пікірде.

- Біздің пікірімізше, бұл асырасілтеушілік және ол идеологиялық мақсатта істелінген. Бұл арқылы мемлекет тапсырысымен жұмыс істейтін ҮЕҰ-лар емес, көбіне өзіндік жеке пікірі бар, ықпалды қоғамдық ұйымдардың қызметі шектелуі мүмкін, - дейді ол.

«Халықаралық құқықтық бастама» қорының президенті Айна Шорманбаева.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоры даулы ережелерді әзірлеген органның үстінен әуелі Астананың Есіл аудандық сотына арызданған. Есіл соты оны қараудан бас тартқан соң, Астананың ауданаралық экономикалық сотына шағым берген. Экономикалық сот судьясы А.Кәрімованың наурыздың 17-сі күні шығарған сот анықтамасында «арыз заң талабына сай жолданбағандықтан, иесіне қайтарылғаны» туралы жазылған. Бірақ «Халықаралық құқықтық бастама» қоры судьяның уәжімен келіспейтінін айтып, Астана қалалық сотына шағым берген.

- Егер қордың шағымын Қазақстанда ешбір сот қарамаса, БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне шағымдануымызға тура келеді, - дейді Айна Шорманбаева.

Қазақстан үкіметінің бастамасы бойынша парламент 2015 жылы үкіметтік емес ұйымдар туралы заңға енгізген түзетулер азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ілінген еді. Елдегі ондаған ҮЕҰ бұл заңға вето қоюды сұрағанымен, президент Нұрсұлтан Назарбаев былтыр желтоқсанда даулы заң өзгерісін күшіне енгізу туралы жарлыққа қол қойған.

(Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты)