«Президент саясатын қолдаушы» қызмет этикасы

Атырау облыстық әкімдігі қызметкерлері Қазақстанның гимнін айтып тұр.

Сарапшылар жаңа президент жарлығына сәйкес қабылдана бастаған қызмет этикасының қағидалары шенеуніктердің аузын одан сайын буа түседі деп санайды.
Қаңтардың 13-і республикалық ақпарат құралдарында «Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасының қағидалары» жарияланды. Қағидадағы: «Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк саясат және қызметтiк iсiнiң мәселелерi жөнiндегi өз пiкiрiн, егер ол мемлекет саясатының негiзгi бағыттарына сәйкес келмесе көпшiлiк алдында бiлдiруiне болмайды» деген тарау жұртшылық назарын аударды.

Осы министрлікке қарасты ведомствоның Азаттық радиосына хабарласып, аты-жөнін жарияламауды өтінген қызметкерлерінің бірі «мемлекеттік қызметкерлер бұл қағидасыз да Елбасының саясатына қайшы пікір айтып жүрмегенін, айтқан жағдайда қызметінен айрылуы оңай екенін» жеткізді.

«САЯСАТТАН АУЛАҚ»

Жаңа қызмет этикасы қабылданғанын аталған министрліктің ресми сайты да хабарлады. Алайда министрліктің баспасөз хатшысының орнында болмауына байланысты бұл мәселеге қатысты ешкім түсінік бере алмады. Бірақ аты-жөнін атағысы келмеген министрлік қызметкерлерінің бірі «мемлекеттік қызметкердің

Әкім сайлауына кандидат ұсыну жиынына келген ауыл тұрғындары. Тау самалы ауылы, Алматы облысы, 11 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

ар-намысы туралы этикаға сәйкес жасалған қағидаға жұртшылықтың аяқ астынан назар аудара қалғанына таң-тамаша» болып отырғанын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, «министрлік қабылдаған қағидалар президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен «Мемлекеттік қызметкерлердің ар-намыс кодексінен» алынған, яғни қандай да бір сын айтылса оның төркінін әлгі кодекстен іздеген дұрыс».

Бір қызығы, Азаттық тілшісі хабарласқан мемлекеттік қызметкерлердің қай-қайсысы да бұл тақырыпты сөз етуден үзілді-кесілді бас тартты. Facebook әлеуметтік желісінде белсенділік көрсетіп жүргендер «саяси тақырыптан аулақ жүруге тырысамыз, шетелдің президенттерін сынау, одан қалса әншілердің клиптерін талқылаған жақсы» деп күлді.

Аты-жөнін айтпауды өтінген тағы бір қызметші сөзді «келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деп бастады. Оның сөзіне қарағанда «мемлекетік қызметкерлердің көпшілік алдындағы сөзі мен әрекеті қатаң түрде бақыланады.
Саяси ой-пікір түгілі жұмыс поштамыздың өзі тексеріледі, ал әлеуметтік желілерге кіруге шектеу қойылған.
Мемлекеттік қызметкер.

«Саяси ой-пікір түгілі жұмыс поштамыздың өзі тексеріледі, ал әлеуметтік желілерге кіруге шектеу қойылған. Егер өз компютерлеріміз арқылы кірсек, басқа кез-келген тақырыпта пікірлесеміз, бірақ елбасының (президент Нұрсұлтан Назарбаевтың – ред.) саясатына қайшы келетін пікірлерге араласа алмаймыз. Кейде дұрыс сөзіңнің өзі басшылыққа бұрыс жетуі мүмкін, сондықтан сізге де ештеңе айта алмаймын» деді ол.

«АШЫҚ КҮНГІ ҚОЛШАТЫР»

Мәдениет министрлігінің «жаңа қағидаларын» саяси сарапшылар да әрқилы қабылдайды, бірақ «бұранданы қатайта» түсудің не үшін қажет екенін түсіне алмайтынын айтады.

Мемлекеттік қызметкерлер билік вертикалі бойынша құрылған жүйенің бөлшектері болса да, конституциялық құқықтарын пайдаланып, қандай да бір шешім қабылданар алдында көзқарасын білдіруге құқылы. Ал қызметіне қатысты шешім қабылданғаннан кейін орындауға міндетті болады. Шешіммен үзілді-кесілді келіспеген жағдайда шенеунік мемлекеттік қызметтен кетуі тиіс болып жатады.

Журналист, саяси шолушы Сергей Расов «сірә, министрлік теріс пікірлердің біржола алдын алғысы келген болуы керек» деп ойлайды.

«Бұдан былай министрліктің қырына ілініп қалмас үшін бірде-бір қызметкер ауыз аша алмайтын болды» дейді ол.

Ал бұрынғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаев мәдениет және ақпарат

Бұрынғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаев.

министрлігінің бұл қадамын Антон Чеховтың «Құндақтаулы адам» әңгімесіндегі үнемі қауіптеніп, «жаңбыр жауып қалуы мүмкін» деп ашық күнде қолшатыр ұстап жүретін кейіпкердің күдікшіл әрекетіне ұқсатады.

Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметкер этикасы туралы нормалар басқа елдерде де бар қалыпты жайт. Бірақ егер мәдениет және ақпарат министрлігі бұл норманы арнайы ережелермен одан әрі нығайтып жатса, бәлкім өз қызметкерлерінің «артық сөз» айтып қоймауынан қауіптенеді.

«Бірақ біз осыған дейін де пікірін ашық білдіріп жүрген мемлекеттік қызметкерлерді көрмеппіз. Тіпті, қызмет бабы бойынша ашық пікір айтуға мүмкіндігі барлардың өзі тартынады. Енді мынадай ережелерден кейін мәдениет және ақпарат министрлігінен ақпарат алу одан сайын қиындай түседі» дейді ол.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік қызметкерлерінің қызмет этикасының қағидалары бекіту» туралы министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің

Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.

бұйрығы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» 2005 жылғы 3 мамырдағы жарлыққа өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы жарлығына сәйкес шығарылған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған бұл жарлықта «ар-намыс кодексінің» екінші тарауы мемлекеттік қызметші «Президент саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, өзінің іс-әрекетімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекет институттарының беделін түсіретіндей іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге» тиісті деп өзгертілген.

Ал осы жарлықтың соңғы тарауында «Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар екі ай мерзімде мемлекеттік қызметкерлердің қызмет этикасының қағидаларын бекітсін» деп жазылған. Демек «қызмет этикасының қағидаларын» алдағы уақытта басқа да министрліктер жаппай қабылдай бастауы мүмкін.