«Еуразияда» көрші үш елдің бір фильмі жоқ

"Еуразия" кинофестивалі биыл Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатыр. Фестивальге қатысушы режиссерлердің бірі. Алматы, 15 қыркүйек 2014 жыл

Алматыда Х халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды. Бағдарламаға Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің фильмдері енбеген. Есесіне бұл жолы Қытай фильмдері көп.

«Еуразия» байқауын ағылшынның әлдебір басылымы әлемдегі ең ықпалды 35 кинофестиваль тізіміне енгізгенін «Еуразия» кинофестивалі президенті Ермек Аманшаев бірнеше мәрте мәлімдеген еді. Бірақ скептиктер «әлемдік премьералар саны жөнінен бұған сену қиын» дейді.

Халықаралық Мәскеу кинофестивалінің бағдарламалар жөніндегі директоры Кирилл Разлоговтың айтуынша, фестивальдер арасында премьералық фильмдерге бәсеке күшті. «Еуразия» кинофестивалі бұл бәсекеде ұтылғаны байқалады. Биылғы халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне енген фильмдер тізіміне қарағанда, 12 кинокартинаның 11-інің премьерасы Канн, Карловы Вары сияқты өзге кинофестивальдерде өтіп қойған. «Еуразия» кинофестивалінің бағдарлама директоры Диана Әшімованың Азаттық тілшісіне айтуынша, әзірше Азия аймағы елдері фильмдерінің премьералары басым.

«Еуразия» кинобайқауының негізгі шарасы - халықаралық конкурсқа Еуропа мен Азия елдерінің 12 кинокартинасы қатысады. Қыркүйектің 20-сы күні номинациялар бойынша жеңімпаздар аталып, жүлделер тапсырылады. Көрермендер халықаралық конкурсқа қатысатын фильмдерден бөлек, «Серпінді қазақ киносы», «Кәріс киносы күндері», «Шәкен Аймановтың 100 жылдығы» сияқты арнайы жеті бағдарлама аясында да фильмдер көре алады.

Актер Нұржұман Ықтымбаев зайыбымен "Еуразия" кинофестивалінің қызыл кілемінде келе жатыр. Алматы, 15 қыркүйек 2014 жыл

Биылғы байқауға «автократтармен достығы үшін» батыс баспасөзі жиі сынайтын француз актері Жерар Депардье түскен Ермек Шынарбаевтың «Дала үні» фильмі Қазақстан атынан қатысады. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, фильм идеясын да Жерар Депардье ұсынған.

Конкурсқа қатысушылардың арасында Оңтүстік Корея, Жапония, Ирак, Албания, Италия, Грузия, Эстония, Ресей, Франция, Хорватия, Исландия, Германия, Норвегия, Испания, Ирландия, Израиль елдері кинематографистерінің фильмдері бар. Қатысушы елдердің көп болу себебі - байқауға түрлі елдер кинематографистері бірігіп түсірген бірнеше кинокартина кірген.

Биылғы халықаралық кинофестивальдің бір ерекшелігі, жыл сайын келетін Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан немесе Әзербайжан елдерінің бірде бір фильмі байқау бағдарламасына енбеген.

ҚЫТАЙ ФИЛЬМДЕРІ КӨП

Биылғы халықаралық кинофестивальдің тағы бір ерекшелігі - Қытай кинематографтарының көп қатысуы. Бұрынғы байқауларда Тайвань, Гонконгтен қонақтар келген, Шыңжаң қазақтары түсірген фильм жүлде алған. Бірақ көрші ел болса да Қытай кинематографиясы онша көзге түспейтін. Ал биылғы «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің қазылар алқасының төрағасы болып белгілі Қытай режиссері, сценарист әрі актер Цзя Чжанкэ тағйындалды. Конкурстан тыс өткізілетін «Шығыс-Батыс кинокөпірі» бағдарламасы аясында оның «Платформа» және «Натюрморт» деген екі фильмі көрсетілмек.

"Еуразия" кинофестиваліне қатысушы қытайлық режиссер Цзя Чжанкэ. Алматы, 15 қыркүйек 2014 жыл

Алматыда өткен баспасөз жиынында Цзя Чжанкэ Қытай көрермендері «Еуразия» кинофестивалін мұқият бақылап отырғанын, 1999 жылы режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Киллер» кинокартинасын көргеннен кейін қазақстандық фильмдерге деген қызығушылығы оянғанын айтқан еді. Ол «Үйлестік сабақтары» фильмін де көргенін айтып, оны «тамаша фильм» деп бағалады.

Белгілі Қытай актрисасы Чжао Тао да кинофестивальдің құрметті қонағына айналды. Ол Цзя Чжанкэнің Алматы кинофестивалі аясында көрсетілетін жоғарыда аталған фильмдеріне түскен.

ҮШ МЕРЕЙТОЙ

Биылғы «Еуразия» байқауы үш мерейтойға орайластырылған. Біріншіден, ол оныншы мәрте өтіп жатыр. Екіншіден, биыл оны Қазақстан театр және киносының көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арнаған. «Еуразия» байқауында бұл мерейтойға бірнеше іс-шара арналған. «Жамбыл», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атамекен» және «Атаманның ақыры» сияқты Шәкен Аймановтың өзі түскен немесе түсірген үздік фильмдер көрсетіледі. Болат Нүсіпбековтің «Шәкен Айманов» деректі фильмінің премьерасы өтеді. Бұдан бөлек Шәкен Аймановты еске алу кеші мен оның өмірі мен шығармашылығына арналған альбом-кітаптың тұсаукесерін өткізу жоспарланған.

ҚОСЫМША: Шәкен Айманов және Сталиннен соңғы қазақ киносы

Ресейлік режиссер Сергей Соловьев (ортада) "Еуразия" кинофестивалінде. Алматы, 15 қыркүйек 2014 жыл

«Еуразия» кинобайқауы аясында тағы бір мерейтой – «қазақ жаңа толқынының» 30 жылдығын атап өту жоспарланған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтындағы (ВГИК) режиссер Сергей Соловьев шеберханасының 1980 жылғы түлектері – қазақ кинорежиссерлері шығармашылығын осылай атайды. Рашид Нұғманов, Абай Қарпықов, Ардақ Әміркұлов, Әмір Қарақұлов, Талғат Теменов, Дәрежан Өмірбаев және Серік Апырымов сияқты «жаңа толқын» өкілдері жоғары баға алған талай фильм түсірген. Биылғы «Еуразия» кинофестивалінде «жаңа қазақ толқынының» 30 жылдығына орай оның өкілдері түсірген фильмдер көрсетілімі, шеберлік сыныптары мен шығармашылық кештері сияқты арнайы бағдарлама жоспарланған.

Кинофестивальге Сергей Соловьев арнайы шақырылған. Әлем кинематографиясына қосқан үлесі үшін байқауды ашу салтанатында оған «Еуразия» байқауында дәстүрлі түрде тағайындалатын жүлде-мүсінше тапсырылды. Мүсінді Қытай БАҚ-тары сұлулығына назар аударған соң Азия әлеуметтік желілерінде фотосуреттері көп тараған жас волейболшы Сәбина Алтынбекова тапсырды. Ол биылға байқауға «Еуразия» кинофестивалін әлемге көбірек таныту мақсатында шақырылған сияқты.