Минск метросында Астана уақытымен 20 сағат 56 минутта жарылыс болды. Кем дегенде жеті адам қаза тапқан. Жараланғандардың саны елуден асты.
Сәуірдің 11-і күні кешкілік Минск метросында жарылыс болды. Төтенше жағдай қала орталығында, президент әкімшілігіне жақын «Октябрьская» станциясында болған.
Куә болғандардың айтуынша, метродан шыққандардың бет-ауыздары қан-жоса. Президент әкімшілігі ғимаратынан ондаған метр қашықтықта орналасқан станциядағы жарылыс себебі әзірге белгісіз. «Октябрь» алаңы - қаланың тарихи орталығы. Онда елдің әкімшілік орталығының нысандары бар. Мәліметтерге қарағанда, оқиғаның лаңкестік әрекет болуы да ықтимал.
Азаттық тілшісінің метро диспетчерлеріне сілтеме жасап хабарлауынша, метроға белгісіз біреулер жарылғыш қойып кеткен. Қалалық төтенше жағдай басқармасының хабарлауынша, оқиға орнына құтқарушылар аттанған.
Жарылыс болған жерде кем дегенде төрт бірдей «жедел жәрдем» бригадасы жұмыс істеп жатыр. Куә болғандардың айтуынша, қаза тапқандар да бар. Адам шығынын нақты атамаса да, қаза тапқандардың барлығын президент әкімшілігі де растаған. Беларусь президенті оқиға орнын барып көріп, шұғыл жиналыс өткізген. Беларусь теледидары қаза тапқандардың саны жетеу екенін хабарлады. Метродан шыққандардың арасында жарылыс салдарынан аяқ-қолдарынан айрылғандарды көргендер бар.
"Жедел жәрдем" өкілдері әзірге жараланғандардың санын айта алмай отыр. Жарылыстан зардап шеккендер Минскінің барлық ауруханаларына жіберіліп жатыр.