Атырау түрмесінде отырған Айзада «бөтен біреудің үш жарым миллион теңге тұратын мүлкіне қиянат жасады» деп айыпталып, жеті жылға сотталған. Балалар үйіндегі бес жасар қызын ол бір жылдан бері көрмеген.
«Тұтқын әйелдер деген кімдер?» деген зерттеу презентациясында фотограф әрі азаматтық белсенді Карла Нур осындай әйелдердің бірі - алты баланың анасы, «аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін» үш жылға сотталған Бекнұрдың тағдыры туралы айтып берді.
Карла Нур Қазақстанның түзету мекемелерін көп аралап, «ауыр қылмыс жасамаған тұтқын әйелдердің жазасын жеңілдету керек» деген қорытындыға келгенін айтады.
— Сотталған әйел ғана емес, оның баласы қоса жазаланады. Бір рет қателескен адамды бірден жеті жылға соттап жіберген. Жағдайды бұлай ушықтырудың қажеті қанша? Жеті жылдан кейін түрмеден шыққан әйел дұрыс жұмыс таба алмайды әрі төленбеген қарызы бар. Түрмеден шыққан әйел мемлекетке немесе жәбірленушіге қарызын төлеуі тиіс, - дейді Карла Нур.
ҚЫЛМЫСТЫ АЛҒАШ ЖАСАҒАНДАР КӨП
Астанада өткен апта таныстырылған Қарағанды және Алматы облыстарының екі колониясында жарты жыл бойы жүргізілген зерттеуге сәйкес, тұтқын әйелдердің 41 пайызы ұрлық жасағаны немесе біреудің мүлкіне қатысты қылмыс жасағаны үшін сотталған. Қалғандары есірткі мен зорлық-зомбылық қылмысы үшін жазаланған. Тұтқын әйелдердің көбі қылмысты алғаш жасаған.
«Халықаралық түрме реформасы» ұйымы сарапшылары әйелдердің гендерлік ерекшеліктері мен туысының алдындағы парызын ескере отырып, қылмыс жасаған әйелге бас еркіндігінен айыру жазасын қолдануды қысқартуды ұсынады. Жазаның бұл түрін мүмкіндігінше түрмеге қамаусыз өтеуін қарастыруды ұсынады.
Аймақтық «Халықаралық түрме реформасы» ұйымы директоры Сәуле Мектепбаеваның айтуынша, түзету колонияларында отырған әйелдердің 75 пайызының баласы бар. Бірақ олардың жеті пайызы ғана отбасымен байланысын үзбеген.
- Түзету мекемесіне түскен әйел отбасымен байланысын үзіп алады әрі әйелдердің көбі балаларын мемлекет қарауына өткізеді. Осы зерттеу аясында көп әйел «ең негізгі проблемалардың бірі - баламызды қайтарып алу» деп көрсеткен. Әлгі балалардың көбі қаңғыбастыққа салынады, көбі туыстарының үйін паналайды. Мұндай балаларды бақылауға алуды қаматамасыз ету үлкен проблема, - дейді Сәуле Мектепбаева.
СОТТАЛҒАНДАР САНЫ ӨСІП БАРАДЫ
«Халықаралық түрме реформасы» ұйымы зерттеуінде тұтқын әйелдердің 20 пайызы түрмеге түскенге дейін тұрмыста зорлық-зомбылық көрген деп жазылған. Ал әйелдердің 10 пайызы жыныстық зорлыққа ұшырағанын көрсеткен.
- Тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен әйелдердің істеген қылмысы арасындағы байланыс бар-жоғы әлі анық емес, бірақ бұл проблема бар. Тұрмыста жапа шеккен әйелдер қылмысқа көбірек баратыны анық, - дейді Сәуле Мектепбаева.
Зерттеуде Қазақстан және Қырғызстандағы үкіметтік емес ұйымдар «тұтқын әйелдерге жеткілікті деңгейде психологиялық және психиатриялық қолдау көрсетілмейтінін мәлімдейді» деп жазылған.
Зерттеу барак типтес түрмелерде жүргізілген. Яғни, үлкен бір бөлмеде жүз әйелге дейін отыруы мүмкін. Сарапшылардың мәлімдеуінше, мұндай жағдайда тұрып жатқан әйелдер үлкен стресс алады. Оларға душқа шайыну сияқты қарапайым жағдай жасалмаған. «Халықаралық түрме реформасы» ұйымының аймақтық директоры Сәуле Мектепбаеваның айтуынша, түрме ережелеріне сәйкес тұтқын әйелдер аптасына бір рет қана душқа түсе алады.
«Халықаралық түрме реформасы» ұйымы ақпаратына сәйкес, Қазақстанда үш мыңнан аса тұтқын әйел бар.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетінің статистикасы бойынша, сотталған, оның ішінде бас еркіндігінен айырылған әйелдер көбейіп барады. Биылғы жылдың алты айында түрмеге кесілгендер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға көп.