Желтоқсанның 5-і Астанадағы «Керуен» сауда орталығында АҚШ және Қазақстан компаниялары бірлесіп түсірген «Тоқал» көркем фильмінің тұсаукесері болды. Авторлары картинаны «әлеуметтік драма» деп сипаттайды.
Your browser doesn’t support HTML5
«ТОҚАЛ АЛУ САЛТЫ ПОЗИТИВТІ СИПАТЫН ЖОЙДЫ»
Премьераға «Тоқалдың» сценарий авторы және режиссері Евгений Чельцов (Ресей), бас продюсері (және басты рольдердің бірінде ойнаған) Гаухар Нұртас, басты рольдерді сомдаған Ерік Жолжақсынов және Жанель Мақажан келді. Кеште кинодағы негізгі кейіпкерлердің бірін сомдаған актер Тұңғышбай Жаманқұлов болған жоқ.
Баспасөз мәслихатында продюсер Гаухар Нұртас киноға өзек болған «тоқал алу» салты қазақта бұрыннан бар екенін, бірақ бұл дәстүр қазір «жағымды тұстарын жоғалтқанын» айтты.
- Тоқал алу - бағзыдан келе жатқан салт. Бірақ ол заманда бұл дәстүр ұрпақ жалғау үшін болатын. Жары бала таба алмаса немесе ұлды бола алмаса тоқал алатын. Қазіргі кезде бұл салт осы позитивті тұсын сақтап қалды деп айта алмаймын. Фильмде ешкімді кінәламаймыз. Адамдар өз өміріне сырттан қараса дейміз, - деді Гаухар Нұртас.
Сонымен бірге, Гаухар Нұртас ер адамның «қатарынан екі отбасын құру» мәселесі бүкіл әлемде бар екенін айтады. Бірақ Қазақстандағы жағдайдың бір ерекшелігі оның «ашық» екенінде.
- Батыс елдерінде ондай отағасын «үйленген тәтті әкетай» деп атайды. Сол сияқты ауқатты ер адамға тұрмысқа шығуды армандайтын қыздар тәрбиеленіп жатыр. Бірақ меніңше, Қазақстандағы ерекшелік мұны (ашынасы мен одан туған балаларын – ред.) олар «отбасым» деп, көңілдесін «зайыбым» деп атағысы келеді, - дейді Гаухар Нұртас.
«Тоқал» фильмі алматылық ауқатты отбасының тағдыры туралы баяндайды. Кәсіпкер отағасы «Қайрат» бірнеше жылдан бері жарының көзіне шөп салып жүреді. Алайда жасырын қатынас ашынаның жүкті болуымен ашылады. «Қайраттың» заңды жары күйеуіне тоқал алып, екінші отбасын құруға амалсыз келіскендей болады. Бірақ осы мезетте екі әйелдің тартысынан олардың жақындары да қатты күйзеліске душар болады. Фильмдегі еркек кейіпкерлердің бірқатары да Қайраттың мұндай «күнәсінен» ада емес. Фильмде жарын күйзеліске түсірген кәсіпкер әрекеті «кинодағы қоғам» тарапынан аса өрескел қылық ретінде бағаланбайтыны көрсетілген.
Фильм соңында титрмен әлемдегі отбасылардың 50 пайызы «көзге шөп салу» проблемасына тап болатыны, ондай әулеттің балалары қатты күйзеліске түсетіні жазылған деректер берілген.
КӨРЕРМЕН ПІКІРІ
«Шабыт» өнер академиясының 1- курс студенті Іңкәр Мұхтар кино «көңілімнен шықты» дейді.
- [Тоқал] көбіне бай-ауқатты адамдарда болатын сияқты. Ең қиыны – балаларына обал. Ұрпақ зардап шегеді, - дейді студент.
Премьераға келген журналист Гүлбану Әниятқызы «кинодағы жағдайды өмірінде де көргенін, Қазақстандағы өмірді шынайы суреттейтін фильм қоғамға ой салатынын» айтады.
- Өзім куә болғаным бар. Көп отбасыда қазір жігіттер балалары өсіп, өздері сәл-пәл ақша таба бастаса, жасырын тоқал ала бастайды. Оның арты шамамен кинодан көрген сияқты аяқталып жатады. Яғни [бұл фильм] - қазіргі қоғам көрінісі. Сондықтан кино қазіргі қоғамға қажет. Әсіресе, кинода екі отбасы бұзылғаны ой салады. Әке қылығын көрген қыздың күйзелгені - трагедия, - дейді Гүлбану Әниятқызы.
Кинотанушы Бауыржан Нөгербек «кинодан «қазақ байыса қатын алады» деген ел аузында тараған сөздің рас екенін тағы бір көргенін» айтады.
- Бұл құбылыс барлық қоғамдарға ортақ. Бізде де баршылық. Оның себебі - махаббат та, нәпсіқұмарлық та, көрсеқызарлық та болуы мүмкін. Сосын діни жолмен қарағанда рұқсат беріледі деп екінші әйел алып жатады. Кино бәрін де нанымды көрсеткен. Балалардың қиналғанын да, екі әйелдің тартысын да жеткізген. Голливудтық стандартпен түсірген ғой. Көрермен ретінде көруге болады, - дейді кинотанушы Бауыржан Нөгербек.
«Тоқал» драмасы Қазақстаннан бөлек Қырғыстан, Әзербайжан және Моңғолияда прокатқа шығады деп жоспарланған. Авторлары фильмге қанша қаражат бөлінгенін әзірге айтпай отыр.
Қазақстанда некенің қазіргі заманғы нұсқасы заңдастырылғандықтан, бірнеше әйелі бар адамдардың статистикасы жүргізілмейді.