Ауылдарды судан қорғайтын жал үю дауға ұласты

Су жібермейтін жал салу жұмыстары. Қарағанды облысы, Чкалов ауылы, 9 қазан 2017 жыл.

Қарағанды облысының Чкалов және Садовое ауылдарында топырақтан бөгет салып жатыр. Билік су тасқыны бола қалса, мұндай үйінділертосқауыл болады деп санайды. Жергілікті тұрғындар ауылдарды айналдыра үйілген топырақ бөгеттерден қауіптеніп отыр.

ЧКАЛОВ

Бірнеше күн бұрын Чкалов ауылында топырақтан бөгет салу жұмыстары басталды. Билік оларды "тосқауыл жалдар" деп атайды. Ал жергілікті тұрғындар оларды салуға қарсы.

Шағымымыз тым болмаса БАҚ арқылы билікке жетер деген үмітпен олар Азаттық тілшісіне қауіптері жайлы айтып берді. Жұрт егер топан су ауылға қарай жөңкілсе, мұндай топырақ үйінділерімен «ауылды қоршау» тасқыннан құтқармайды деп қауіптенеді. Олар су ағыны үйілген топырақты шайып әкетуі мүмкін деп уайымдайды. Тұрғындар Ақмола облысындағы Атбасар кентін мысалға келтіреді - 2017 жылдың көктемінде топырақтан нығыздап жасалған жал суға тосқауыл бола алмай жырылып, Атбасар кентін су алып кеткен болатын.

Тасқын болса үйімді су бірінші басады деп уайымдайтынЧкалов ауылының Иван А. деген тұрғынының айтуынша, қазір өзен арнасы қоқысқа толған, сондықтан кейде су көпірдің астына кептеліп, ақпай қалады.

- Атбасарда да топырақты осылай үйген, ал тасқын кезінде бәрін су шайып әкетіп, балшық аралас бүкіл қоқыс өзенге аққан, соның кесірінен өзен батпаққа айналып,ағатын арна таппаған су кентке қарай жайылған. Енді мына үйіп жатқан топырақ түк қалмай езіліп, тура менің аулама ағатын болады.Бұрын су бірдеңе етіп ағып кететін еді ғой, ал қазір жұрттың бәрі су қайдан келіп жатыр деп қайран қалады. Ертеректе мұны билік пен арнайы қызметтер қадағалайтын. Ақыры не болатынын білмеймін, халық әлгі бөгеттерді салуға қарсы, - дейді Азаттық тілшісімен әңгімелескен ауыл тұрғыны.

Қарағанды облысы Чкалов ауылында жүріп жатқан бөгет тұрғызу жұмыстары. Кейбір жерлерде бұл топырақ жалдар үйлерге тым тақау үйіліп жатыр, ол тұрғындарға ұнамайды.

Ауылдың байырғы тұрғыны Софья Шильцына да топырақ үйгеннен пайда жоқ деп санайды. Оның айтуынша, жол салу жұмыстарында 20 жыл істеген, сондықтан алғашқы нөсер жауыннан қалмай топырақты су шайып әкете бастайтынын біледі. Ол "бақшама техниканы жолатпаймын" дейді.

- Біздің және өзге ауылдарға су жайылуына жол бермеудің жалғыз амалы - Нұра өзеніндегі көпірдің қамыс пен қоқысқа толып қалған астын тазарту керек, суды дер кезінде ағызып жіберіп отыру керек. Енді мына топырақ үйінділерімен "ауылдарды қоршап" тастағаннан кейін су бүкіл ауылға жайылады. Су әлгі үйінділерге тіреледі де,оны шая бастайды, су бізге де, Теміртау қаласындағы жер үйлер орналасқан Оң жағалау мен Ескі қала аудандарына да жайылатын болады. Біздің пікірімізбен де санассын, артық қыламыз деп тыртық қылмау үшін проблеманы бірлесіп шешу керек, - дейді Софья Шильцына.

САДОВОЕ

2015 жылы жайылған судан ондаған үй қираған, ал 2017 жылы тағы су басқан көрші Садовое ауылының тұрғындары келер көктемді уайыммен күтіп жүр. Ауылдарының айналасын топырақ үйінділерімен қоршап жатқанын көріп жүрген олар тағы не боларын білмейміз дейді.

- Бізге топырақ үйіп, бөгет салғаннан кейін су жайылмайтын болады деп айтты. Бірақ бұлары су тасқынына төтеп бере ала ма - білмеймін, ал егер шайып кетсе, мал түгілі, өзіміз де мүлде шыға алмай қаламыз ғой. Адамдар мына үйінділерге қарсы. Негізі, жұрт мына жерден мүлде көшіріңдер деп сұраған. Алапат тасқын үйлерін қиратып кеткен соң бірнеше отбасы өзге кентке немесе қалаға көшіп кетті. Қыркүйекте өткен жиналыста тұрғындар көшіру мәселесін тағы қозғады, бірақ бізге бөгет салатындарын айтты, - дейді Садовое ауылында тұратын зейнеткер Қадиша Көшкінбаева.

Қарағанды облысы Садовое ауылының тұрғыны Қадиша Көшкінбаева.

Садовое ауылы тұрғындарының көбі топырақтан бөгет орнату бюджет ақшасын жөнсіз жұмсау деп санайды.

- Біз бөгет салуға қарсымыз. Бюджеттің миллиондаған ақшасын қаншама жылдан бері тасқын зардаптарын жоюға , қираған үйлердің орнына үй салып, бүлінгендерін жөндеуге жұмсаудың орнына өзге қауіпсіз жерден баспана сатып алу үшін тұрғындар бір рет өтемақы берсе ғой. Сонда бюджет ақшасын жұмсау көп азаяр еді, - дейді Құрмет Уәжіп.

Садовое ауылының тағы бір тұрғыны – үйінің жанынан топырақтан тосқауыл тұрғызып жатқан атай "үйіп жатқан топырақтарынан қайран боларына сенбеймін" дейді. 1997 жылдан бері осы ауылда тұратын зейнеткердің сөзінше, ертеректе - 2015 жылға дейін ауылда мұндай су тасқыны болмайтын.

ӘКІМДІК: ТОСҚАУЫЛ ЖАЛДАР КӨМЕКТЕСУІ ТИІС

Азаттық тілшісі жұмыс жүріп жатқан жерден шенеуніктердің ешқайсысын жолықтыра алмай Бұхар жырау ауданы әкімдігінен комментарий сұраған еді. Әкімдік өкілдері қазір Садовое мен Чкалов ауылдарында жалпы ұзындығы 800 метр болатын тосқауыл бөгеттер салынып жатқанын айтты. Ауылдың айналасына табаны 8-9 метр, үстіңгі жағы көлік жүретіндей 4-5 метр, ал биіктігі екі метрдей болатындай топырақ үйіп жатыр. Билік топырақ үйінділерінен бөлек, ішіне тас толтырылған темір тор – габиондарды орнатуды да жоспарлайды.

- Бұрын егер мұндай бөгеттер болмаса, көлікпен жүру мүмкін болмай қалатын, айналаны су шайып, ол жаққа ешкім бара алмайтын. Ал енді суды бөгейтін үймелер болады да, біз оның үстімен барып, жағдайды - судың беталысын, қаншалықты көтерілгенін бақылай аламыз, әлдебір қауіп байқалса, бірден қосымша нығайту шараларын қарастыруға болады. Тұрғындар пікірі әр қилы - құтқара ма, құтқармай ма, ертең не боларын ешкім білмейді ғой. Бірақ мен топырақ үйіп, суға тосқауыл болатын жал салу дұрыс деп санаймын, көмектесуі тиіс. Қазіргі кезде тосқауыл бөгеттер көп жерлерде салынып жүр, бұл дәстүрлі тәсілге айналған. Ауданымыздың кей ауылдарында мұндай бөгеттер бар, олардың суды ұстап тұрғанына қаншама жыл болды, - дейді Бұхар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаев Азаттыққа.

Қарағанды облысы Садовое ауылында да топырақтан бөгет үю жұмыстары басталған.

Садовое ауылы тұрғындарының қауіпсіз жерге көшіру өтінішіне қатысты аудан билігі "бұл мәселе әлі қаралған жоқ" дейді. Қазір ақша ауылдарды су жайылу қатерінен қорғауға бөлініп жатыр.

- Бәрін есептеп көрдік, комиссия құрып талқылап өз есебімізді жасадық, байырғы тұрғындармен ақылдастық, бұл амалды солар еске салды. Қазір ескі жазбаларды ақтарып жатырмыз, бұрынғы жылдары су деңгейі қаншалықты болғанын қарап, соның негізінде бәрін есептеп шығардық. Бізде, негізі нығайтуға 80 миллион теңге қарастырылған болатын. Екі ауылға бөгетті 49 миллион теңгеге жасап жатырмыз, ал сосын өзге ауылдарда да топырақ үйіп, қосымша нығайтамыз. Қарастырылған 80 миллион теңге бүкіл ауылға жетпейді, бірақ ақша бөлуды сұрап жыл сайын өтініш береміз, - дейді Бұхар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаев.

Ресми дерекке сәйкес, Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданында Нұра өзені арнасы бойын жағалай орналасқан 17 елдімекенді су басу қаупі бар.