Соңғы кездері бұрынғы совет республикаларында Азия тағамдарын дайындайтын мейрамханалардың еуропалық ас әзірлейтін мекемелерді ығыстырып жатқаны жиі айтылады. Мәселен, Қазақстанның қалаларында «Жапон сушиі», «Вьетнам асханасы» деген сияқты дәмхана, мейрамханалар көп ашыла бастады. Кейбір мамандар «Азия тағамдары құнарлы әрі жылдам дайындалады, сондықтан оған сұраныс көп» дейді. Олардың айтуынша, түрлі мәдениет өкілдері тұратын Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындарында Азия тағамдары көбейіп, Еуропанікі азая береді. Азаттыққа берген сұхбатында Алматыдағы «Асыл Арман» кафесінің бас аспазы Жарқынай Шүкенова:
- Біздің қонақтарымыз қазақша ет, лагман, палау, қуырдақ сұрайды. Котлет, тефтели, түшпара дегендер – орыс тағамдары екені рас, дегенмен Орталық Азия тұрғындары оларға өз дәмдеуіштерін қосып өзгертіп алған, - деді.
Оның айтуынша, Алматы тұрғындары мен қонақтары шығыс тағамдарын құнарлы болғаны үшін таңдайды. «Көп адамның рационы бұзылған, әдетте еуропалық тағамдар тез семіртеді, ал шығыс тағамында шөп-шалам көп, бұл астың тез қорытылуына жәрдемдеседі» дейді Шүкенова. Үйлену тойлары мен қонақасында халық көбіне қуырдақ пен етке тапсырыс береді дейді бас аспаз.
Шығыс асханасы Батысты ығыстырып жатыр дегенмен мүлде келіспеймін. Қанша адам болса, олардың талғамы да соншалық әркелкі болады, талғамға талас жоқ, бұлай долбарлау — бекершілік.
Еуропа тағамдарын әзірлейтін Veranda мейрамханасының Серік есімді әкімшісі (фамилиясын жариялағысы келмеді) шығыс тағамдары Еуропанікін ығыстырып жатыр деген пікірмен келіспейді.
- Біздің мәзірімізде шығыстың да, батыстың да тағамдары бар. Шығыс асханасы Батысты ығыстырып жатыр дегенмен мүлде келіспеймін. Қанша адам болса, олардың талғамы да соншалық әркелкі болады, талғамға талас жоқ, бұлай долбарлау — бекершілік. Еуропа тағамы тез семіртеді деген де жай сөз, себебі оған негізінен саумалдық пен жемістер, брокколи қосылады. Шығыс асханасы Еуропанікін ешқашан ығыстырып шығармайды, бұл — біреудің қиялынан туған ой. Еуропа асханасының тарихы мыңдаған жылға созылып жатыр, бәлкім бұл — көре алмайтындардың сөзі шығар, — деді Серік.
Жергілікті телеарнадағы «Бірге пісірейік» (Готовим вместе) хабарының бұрынғы жүргізушісі Мира Сейітжанның айтуынша, қазір Алматыда таңғы, түскі және кешкі асқа да Азия тағамдарын дайындайтын мейрамханалар көбейген. Азия тағамдарында май, қант және ұн көп болады, тіпті асүйлерін де араб, Марокко, Египет және Африка стильдерімен сәндейтіндер көбейген.
Мира Сейітжанның айтуынша, Шығыс асханасының басты ерекшелігі — әр тағамда алуан түрлі дәм болады, әр ел өз дәмдеуішін қосып, оны тіпті түрлендіріп жібереді. Болашақта мейрамханалардың ас мәзірінде Еуропа тағамдары азайып, Шығыс дәмдері көбейеді дейді ол.
Алматылық диетолог Елдос Әуезов «Шығыс тағамдарына көп үйір болмау керек» деп ескертеді. Оның айтуынша, бұларда дәмдеуіштер көп, ал бұл адам денсаулығына зиян.
Жұрт дәмді тамақтан бір минуттық ләззат алып, сосын өмір бойы денсаулығымен алысып жүреді.
- Біз салауатты өмір салтын ұстануымыз керек, ол үшін дұрыс тамақтану ләзім. Шығыс тағамдарына ащы бұрыштар көп қосылады, ал бұл — зиян. Мұндай дәмдеуіштерді тым көп пайдаланудың зиян екенін кез келген дәрігер айтып бере алады. Жұрт дәмді тамақтан бір минуттық ләззат алып, сосын өмір бойы денсаулығымен алысып жүреді, — дейді Елдос Әуезов.
Бұған қоса, ол қадағалаушы органдарды мейрамхана мәзірлеріндегі ас түрлерін тексеріп, «денсаулыққа зиянды» тағамдарды анықтауға шақырды.
Тұтыну нарығындағы жағдайға қатысты Қазақ тағамтану академиясынан пікір алмақ болған едік, басшысы орнында жоқ болғандықтан, қызметкерлер сұхбат беруден бас тартты.
Алматыда бес мыңға жуық мейрамхана мен кафе бар, олардың көбі Азия тағамдарын әзірлейді.