Қазақстан құрамасы жаттықтырушы күтіп жүр

Қазақстан футболшылары. Чехия, 3 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстан футбол құрамасы наурыздың 26-сы күні 2016 жылғы алғашқы жолдастық матчын өткізбек. Бірақ командаға әлі бас жаттықтырушы тағайындалмады. Футбол федерациясының төрағасы тренердің аты-жөнін жақын уақытта атаймын деп уәде етті, құрама ойыншылары мен сарапшылар жаттықтырушының жоқтығына «алаңдайды».

Қазақстан футбол құрамасының бас жаттықтырушысы 2016 жылы қаңтардың соңында белгілі болады деген еді. Алдыңғы жаттықтырушы – ресейлік Юрий Красножанмен келісімшарт ұзартылмады.

Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Ерлан Қожағапанов Prosport басылымына берген сұхбатында федерацияның бұл жайында футбол қауымына ескерткенін айтып, «құрама бапкерін іздеу – көп уақытты алатын жұмыс» деп мәлімдеді. Қожағапанов ҚФФ шорт-парағында үш үміткердің бар екенін айтып, олардың әрқайсымен «келіссөз жүріп жатыр» деді.

Бірақ наурыз айының басында спорттық басылымдар бірнеше танымал шетелдік мамандарды қамтитын үміткерлерді атағанымен, құрама бапкерінің аты-жөні әзірге белгісіз. KZ Football спорт бірлестігі әзілдеп «ҚФФ күнтізбесін» шығарды, онда бітіп қалған қаңтардың әлі жалғасып жатқаны көрсетілген, баспасөзде футбол сарапшыларының бұл жағдайды қалыптан тыс, ерсі деп атаған пікірлері жарияланды.

САЙТТАҒЫ САЙЛАУЛАР

ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов Юрий Красножанмен келісімшарт мерзімі аяқталған соңерекше тәжірибе жасайтындарын мәлімдеді: ҚФФ сайтында құрама жаттықтырушысына «халықтық» дауыс беру басталды.

ҚФФ сауалнамасының скриншоты.

Бірінші кезеңде сайтты қолданушылар «Құраманы отандық бапкер жаттықтыруы керек пе, әлде шетелдік пе» деген сұраққа жауап беруге тиіс болды. Дауысқа салудың міндетті шарты бойынша қаңтардың 15-іне дейін 50 мың пайдаланушы дауыс беруі керек екен, сонда ғана нәтижесі заңды саналады. Бірақ белгіленген мерзімге дейін 3 мыңға жетпейтін пайдаланушы дауыс берді.

«Халықтық дауыс берудің» жерге қаратқанына қарамастан, ҚФФ басшылығы өз тұжырымын айтты. 3 мыңға жуық дауыс берушінің көп бөлігі шетелдік бапкерді қолдапты, сондықтан қаңтардың 22-сі күні Ерлан Қожағапанов Prosport басылымына берген сұхбатында тренердің қазақстандық азамат болмайтынын ескертті.

Солайша оралдық «Ақжайық» клубының жаттықтырушысы Талғат Байсуфиновтың аты тізімнен сызылды. Байсуфинов жаттықтырушы болу «әскерге шақырғанмен бірдей, өз құрамам үшін соғысуға дайынмын» деп тегін жұмыс істеуге әзір екенін көпшілік алдында мәлімдеген еді.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов. Астана, 21 қараша 2015 жыл.

Ерлан Қожағапанов наурыздың 2-сі күні Азаттыққа келіссөз әлі де жүріп жатқанын, бапкер тағайындау жақында аяқталатынын айтты. «Жаттықтырушының аты жақын күнде аталады. Шорт-парақ екі үміткерге қысқаруы мүмкін. Бұл мәселені атүсті шешуге болмайды. Біз келіссөз жүргізіп жатқан мамандар арасында баспасөзде айтылған жандар бар, бірақ есімі аталғандардың бәрі емес» деді ҚФФ президенті.

НЕГІЗГІ ҮМІТКЕРЛЕР

Құрама бапкеріне үміткерлер арасынан словак маманы Владимир Вайсс көбірек аталды, ол бұрын алматылық «Қайрат» командасына екі жыл бас жаттықтырушы болған еді. Вайсстың өзі ықтимал тағайындау туралы ресми пікір білдірмеді.

Вайстан бөлек болгар маманы Христо Стоичков пен итальяндық Дженнаро Гаттузо талқылауға түсті. Құрама футболшысы Самат Смақов «Барселона» мен «Милан» командаларында ойнаған Стоичков пен Гаттузоның танымалдығына қарамастан, Владимир Вайстың кандидатурасы қолайлы деп санайды.

Қазақстандық футболшылар Самат Смақов (сол жақта) пен Нұрбол Жұмасқалиев. (Сурет УЕФА-ның ресми сайтынан алынды)

«Гаттузо мен Стоичков – керемет ойыншылар, бірақ Вайста бапкерлік тәжірибе мол. Бізге қазақ футболын бұрыннан білетін және біздің ойыншылардың менталитетін түсінетін бапкер керек, ең бастысы – осы» деді Самат Смақов Азаттыққа.

Самат Смақов бапкердің жоқтығы өзін алаңдататынын мойындады, ал маманды тағайындау ісінің кідіріп жатқанын келісімшартқа қатысты мәселе туындаған болар деп жориды.

Футбол туралы жазатын журналист Мұрат Байділлаевтың пікірінше, ҚҚФ басшылығы өзіне бағынатын жаттықтырушы іздеп отыруы мүмкін.

«Мен желіде тараған бейресми ақпаратқа сүйенемін. Вайсқа Қайрат Боранбаев қамқорлық жасайды екен (Қайрат Боранбаев – «Қайрат» ФК бақылаушы кеңесінің төрағасы және ҚФФ басқару ниеті барын мәлімдеген Айсұлтан Назарбаевтың қайын атасы). Бірақ мен ұлттық құрамаға шынайы қызығушылықты көрмей отырмын. Себебі құрама команда құрылған кезде менмендікті ұмытып, келісімге келу керек» дейді ол.

Азаттықтың жеке дереккөзі хабарлағандай, ҚФФ тек Владимир Вайспен ғана келіссөз жасап жатқан жоқ. ҚФФ Дания командасының бұрынғы бапкері Мортен Ольсенмен және француз маманы Клод де Руамен келісімшарт жасауды талқылауы мүмкін. Клод де Руа – әртүрлі жылдарда африкалық құрамамен табысты еңбек етті, оған қоса Қазақстан құрамасына жаттықтырушы болудан үміткер саналған Эрве Ренардың жақсы досы.

УАҚЫТ АЗ ҚАЛДЫ

Қазақстан командасы алғашқы жолдастық кездесуін Түркияда наурыздың 26-сы күні өткізеді, ол жерде Әзербайжан командасымен күш сынасады. Бұдан соң Қазақстан құрамасы Тбилисиге барып, наурыздың 29-ы күні Грузия командасымен кездеседі.

Спорттық басылымдар команданы бұл екі ойынға Жамбыл облыстық футбол федерациясының бұрынғы вице-президенті және құраманың экс-бапкері Юрий Красножанның көмекшісі Нүркен Мәзбаев дайындайды деп жазды. ҚФФ бұл мәліметті ресми түрде растаған жоқ.

Қазақстан мен Буркино-Фасо құрамасының ойыны. Алматы, 12 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанға танымал футбол сарапшысы Николай Иванов Федерация басшысы асығып мәлімдеме жасап, өзін-өзі ұятқа қалдырды дейді.

«Федерация жаттықтырушы тағайындайтын уақытты белгілеп, өзін тығырыққа тіреді. Қазіргі жағдай ыңғайсыз – Красножан кетіп қалды, жаңа бапкер жоқ және құрамды қалыптастыру әдісі де жоқ, себебі бас жаттықтырушы әркез құрама жұмысын қайта қарайды. Оның бәріне уақыт керек. Федерация бұл жұмысты дұрыс атқара алмады» дейді ол.

Ивановтың айтуынша, Қазақстан құрамасына барлық деңгей мен жастағы командаларды біріктіріп, болашақты ойлап жұмыс істейтін бапкер керек. Ал ықтимал үміткерлер футбол федерациясы қойған міндеттерді орындауға келіспеуі мүмкін, оның ішінде 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына қатысу мақсаты да бар.

2018 жылы футболдан өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Румыния, Дания, Армения, Польша және Черногория командаларына қарсы тұрады. Әлем чемпионатының финалына шығу мүмкіндігін иелену үшін Қазақстан құрамасы екінші орынға жетуі керек.

2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы алты команданың ішінен бесінші болып, Латвия құрамасын ғана жеңген еді. 2016 жылдың наурыз айындағы FIFA рейтингісінде Қазақстан командасы Танзания мен Чадтың ортасында, 125-орынды иеленді.

Мақаланы орысшадан аударған – Динара Әлімжан.