Саяси күштер ENRC мен «Қазмырыштың» акцияларын сатуға күдіктене қарайды

Шетелдік инвесторлар кеңесінің 24-отырысына қатысушылар. Астана, 18 мамыр 2011 жыл

«Бұл жоғары лауазымды шенеуніктердің мемлекет байлығын жымқыру тәсілі болуы мүмкін» дейді олар. Ал президент Назарбаев шикізат пайдалану саласында Қазақстанның үлесін көбейтуге шақырады.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің 24-отырысы биыл Астанадағы Назарбаев университетінде өтті. «Модернизация және Қазақстандағы кәсіпорындардың жаңаруы» тақырыбына арналған жиында президент Нұрсұлтан Назарбаев елдегі инвестициялық хал-ахуал, кәсіпорындардың жағдайы сияқты мәселелерге тоқталды.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЛЕСІ – НЕБӘРІ 11,5 ПАЙЫЗ»

Экономиканың барлық салаларын модернизациялау қажеттігін айтқан президент жиын кезінде осы мақсатты жүзеге асыру үшін инвесторларды бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр инвесторлар кеңесінде сөйлеп тұр. Астана, 18 мамыр 2011 жыл

- Шикізат пайдалану саласында Қазақстанның жалпы үлесі небәрі 11,5 пайызды құрайды. Негізгі компаниялар бойынша үлесі – 31 пайыз, «Самұрық-Қазына» қоры бойынша – 38 пайыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оның айтуынша, өткен жылы мұнай-газ саласында өзінің міндеттерін тек 14 компания ғана толық атқарған, ал қалған 130 компания міндеттерін 25 пайызға ғана орындаған.

НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ИНВЕСТИЦИЯ САЛУ

Кеңес барысында президент өз атымен аталатын Назарбаев университетінің маңыздылығына, қалай жұмыс істеп жатқанына да тоқтала кетті.

Қазақстан президенті өткен жылы осы кеңестің Алматыда болған соңғы отырысында инвесторларды Назарбаев университетіне материалдық тұрғыда көмек беруге шақырған болатын. Назарбаевтың бұл өтінішін Еуразиялық қаржы-өнеркәсіп тобының жетекшісі Александр Машкевич жерге тастамаған сияқты. Машкевич осы келгенінде бұл университетке 100 миллион АҚШ доллар көлемінде инвестиция салатынын айтып салды.
Александр Машкевич, Еуразиялық қаржылық-өндірістік топтың жетекшісі. Астана, 18 мамыр 2011 жыл

- Бүгін біз бірегей оқу орнында тұрмыз. Назарбаев университетіне 100 миллион доллар көлемінде қаржы құятынымызды мақтанышпен жеткізгім келеді, – деді Александр Машкевич мамырдың 18-і күні Астанадағы отырыс барысында.

Астанадағы жиынға Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов бастаған үкімет мүшелері, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардың басшылары, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Томас Миров, бірқатар еуропалық елдердің Александр Квасьневский, Тони Блэр, Романо Проди және Альфред Гузенбауэр сияқты бұрынғы басшылары қатысты.

«НАЗАРБАЕВ ЖУЫҚ АРАДА КЕТУІ МҮМКІН»

Шетел инвесторлары кеңесінің отырысы қарсаңында елдегі бірқатар саяси партия, қоғамдық ұйым өкілдері ENRC («Еуразия табиғи ресурстар корпорациясы») мен «Қазмырыш» компаниясының акцияларын швейцариялық «Glencore International» (Гленкор Интернэшнл) компаниясының сатып алатындығына алаңдап, ашық хат жазған болатын. Әлемдік ақпарат құралдары мен инвесторларға бағытталған ашық хат иелірінің пікірінше, «Glencore International компаниясы деген жоғары лауазымды шенеуніктердің мемлекет байлығын жымқыру тәсілі болуы мүмкін».

- Мұндай жағдайлар қазір бір өзгерістің жақындап қалғандығын көрсететін сияқты. Яғни Назарбаев жуық арада кетуі мүмкін. Сол кеткенге дейін халықтан тонап алған дүниелерін ақшаға айналдырып, сосын табанын жалтыратуы әбден мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда оған жол беруге болмайды. Өйтетін болсақ, онда біз Қазақстанның болашағына көзіміз бақырайып отырып өзіміз балта шапқандай боламыз, – дейді оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин.

Мамырдың 17-і күні оппозициялық «Азат» партиясы да президент Назарбаевқа ашық хат жолдап, «Қазмырыш» пен ENRC компанияларының акцияларын мемлекеттің өзі сатып алу керектігін айтқан болатын.
Жасарал Қуанышәлин, саясаткер. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл

«Азат» ЖСДП «Еуразиялық топ, «Қазмырыш», «Қазақмыс», «Миттал стил» компаниялары иелік етіп отырған қазақстандық маңызы зор стратегиялық ресурстар мемлекет қарамағына кері қайтарылуы керектігін биліктің есіне тағы да салады.

«Бүгінгі күні бұл салада нақты алғашқы қадам жасауға ыңғайлы мүмкіндік туып тұр. «Самұрық-Қазына» қолданыстағы заңнамалардың айрықша құқықтарын пайдалана отырып, «Қазмырыш» және ENRC компанияларының саудаға шығарып үлгерген үлестерін мемлекет меншігіне кері қайтарып алу керек деп санаймыз» делінген ашық хатта.