Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Нартай Дүтбаевтың Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұтқындалуы төбеден жай түскендей әсер қалдырды. Желтоқсанның 26-сы күні Нартай Дүтбаев және шенеуніктер Нұрлан Хасен мен Ерлан Нұртаев "мемлекеттік құпияны жария етті, билігін немесе қызмет өкілеттігін асырды" деген күдікпен ұсталды. Олардың ұсталғаны екі күннен кейін жарияланды. ҰҚК баспасөз қызметінің дерегінше, олардың үйінде "тінту жүргізіліп, заттай айғақтар тәркіленген". Күдіктілер ҰҚК-нің тергеу абақтысына отыр.
Дүтбаев ісіне қатысты бұдан өзге ешқандай ресми ақпарат жарияланған жоқ. Инсайдерлік дереккөздің Азаттыққа хабарлауынша, іске қатысты айыпталушыларды әуелі ҰҚК-нің Астанадағы уақытша ұстау орнында ұстаған, ал сот қамауға алуға санкция бергеннен кейін ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысына жапқан. "Бірақ екеуін бір абақты деуге болады, өйткені ҰҚК-нің Астанадағы уақытша ұстау орны мен тергеу абақтысы бір ғимаратта орналасқан" дейді дереккөз.
Бұдан бөлек, күдіктілердің адвокаттары әлдебір қиындықтарға кезіккені белгілі болды, себебі құпия іс болғандықтан, тергеудегі адамдарды қорғайтын әр адвокаттың мемлекеттік құпиялармен танысуға арнайы рұқсаты болуы тиіс. Ал мұндай рұқсаты бар адвокаттар шамалы.
Нартай Дүтбаевтың туыстары Азаттыққа берген комментарийлерінде "оның ісі жайлы ештеңе білмейміз" деп мәлімдеді.
Нартай Дүтбаев ҰҚК-ін 2001 жылғы желтоқсаннан 2006 жылғы ақпанның 22-сіне дейін басқарған. Ол оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы жасағы қызметкерлерінің қатысы бары анықталғаннан кейін отставкаға кеткен.
Сарапшылар Дүтбаевтың ісіне байланысты Қазақстанның саяси тарихына, қазіргі саяси жағдайға және таяу келешекте болары күмән туғызбайтын билік транзитіне назар аударады. Бірақ олар бұған қоса қоғамды елең еткізген осы оқиғаға президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, оның саяси қарсыласы Мұхтар Әблязовтің және ҰҚК-нің қазіргі төрағасы Кәрім Мәсімовтің де ықпалы бар деп біледі.
САЯСИ ТАРИХ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
"Дүтбаев ісін" ҰҚК жүргізетіндіктен, кей сарапшылар бұл іске оның төрағасы Кәрім Мәсімовтің сөзсіз қатысы бар деп санайды. Бұған дейін Азаттыққа пікірінде тәуелсіз журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов бұл осы іс бойынша түпкілікті шешім қабылдайтын президент Нұрсұлтан Назарбаевқа "көзін жеткізетін баяндама" апарған Мәсімовтың "еңбегі" болуы мүмкін деген болжам айтқан еді.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевты қамауға алуға қатысты Сергей Дуванов Facebook желісіндегі парағында "Ең әуелі бұл Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге байланысты болуы керек деген ой келді. Тағылған айыптар тұрғысынан да қисынды көрінеді – оның өткен өмірінде сол қастандыққа қатысты ақпараттан үлкен құпия жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда біреу Дүтбаев "айтып қойды" деп бастыққа жеткізген болуы керек деген болжам жасауға болады, ал бұл олардың ұғымында сатқындықпен тең. Ондай құпияны жария ету – үлкен қатер" деп жазды.
Азаттықпен әңгімелескен журналист Гүлжан Ерғалиева да Нартай Дүтбаевтың үстінен іс "ескі күнәлары" үшін қозғалды деп топшылайды. Бірақ ол Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіру ісінен өзге 2003 жылғы мамырда оппозициялық "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ДВК) қозғалысы жетекшілерінің бірі Мұхтар Әблязовтің түрмеден ерте босатылғанын да еске алады. Ерғалиеваның сөзінше, ол уақытта Әблязов ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Нартай Дүтбаевпен қарым-қатынас орнатуға мәжбүр болған.
- Мұны ол [Әблязов] бізден жасырған жоқ, - дейді ДВК саяси кеңесінің бұрынғы мүшесі Гүлжан Ерғалиева.
Оның сөзінше, енді Қазақстан билігі өзін президент Назарбаевтың басты саяси қарсыласы деп атайтын Мұхтар Әблязовті Франция түрмесінен Ресей мен Украина арқылы қолына түсіре алмаған соң билік 2003 жылы Әблязовті түрмеден босатуға техникалық тұрғыдан болсын, дәл осы Дүтбаевтың қатысы болғанын есіне түсірген болуы мүмкін.
КЛАНДЫҚ ФАКТОР
ҰҚК-нің қуғындағы бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев Facebook желісінде билік транзиті жақындаған тұста ҰҚК-нің тағы бір бұрынғы төрағасы Нұртай Әбіқаевтың кланына шабуыл басталды, ал Нартай Дүтбаев "соның адамы" деп жазады. Мұсаевтың болжамынша, президент Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева, күйеу баласы Тимур Құлыбаев және премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Әбіқаевқа, демек Дүтбаевқа қарсы, ал қазір Кәрім Мәсімов соларға "жұмыс істейді". Мұсаев "Дүтбаев ісінде" Кәрім Мәсімов техникалық рөл атқарды дегенге сенбейді.
Азаттық сөйлескен танымал блогер Денис Кривошеевтің пікірінше, Мәсімов факторын "Дүтбаев ісінен" ғана емес, одан өзге оқиғалардан да кеңірек байқауға болады. Оның болжамынша, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті Франциядан Ресейге экстрадициялатуға "шамасы келмеген" Ерлан Ыдырысовты сыртқы істер министрі қызметінен алып тастатқан да Мәсімов. "Қазір ҰҚК төрағасы қызметінде отырған Мәсімовтің қолынан ҰҚК-нің бұрынғы төрағасын тұтқындау ғана емес, сыртқы істер министрін орнынан алып тастау да келеді" деп пайымдайды Кривошеев.
Кривошеевтің кей болжамын бұрынғы қазақстандық дипломат Қазбек Бейсебаев та құптайды. Оның сөзінше, Әблязовтің отбасын Италиядан ұрлап әкетуге тырысқаны сияқты оны Франциядан экстрадициялауды да арнайы қызмет өкілдері ұйымдастырғаны түсінікті. Бірақ олардың бәрі ресми құжат бойынша Қазақстан елшілігі қызметкерлері саналады. Сондықтан Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, мұндай сәтсіздіктерге кінәлілерді іздеген кезде қазір Мәсімов басқарып отырған арнайы қызмет емес, СІМ мен оның басшысы кінәлі болып шығады.
Алдыңғы сарапшылардың барлығы Нартай Дүтбаевтың үстінен іс "ескі күнәлары" үшін қозғалды деген болжам жасаса, сот шешімімен жабылған оппозициялық "Алға" партиясының биыл тамызда түрмеден босаған бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов Азаттыққа Дүтбаевты "ескі күнәларынан" бөлек, әлдебір "жаңа күнәлары" үшін де тұтқындаған болуы мүмкін деген пікір білдірді. Оның айтуынша, елдегі ірі шенеуніктердің кез-келгенін қандай сылтаумен болсын айыптауға болады, өйткені олардың "әдеттері өзгермейді". Бірақ Козловтың болжамынша, Дүтбаевты тұтқындауға президент Назарбаев айналасындағы адамдардың өзара қырқыстың күшеюі басты себеп болып отыр. Және ол тартыста құрбандыққа шалынатындар Дүтбаевпен аяқталмауы да мүмкін деп топшылайды Козлов.
ӘБЛЯЗОВТІҢ ӘЙЕЛІН ДЕПОРТАЦИЯЛАУҒА ҚАТЫСУШЫ
Нартай Дүтбаевтың кенеттен қамалуына байланысты Мұхтар Әблязовтің өзі де Facebook желісінде пікір білдірді. Ол абақтыға қамалған Дүтбаевтың тағдырына алаңдаушылық білдірген.
"Қазақстанда Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірген екі саяси қастандық жасалған тұста ҰҚК-ін Дүтбаев басқарды. Дүтбаев қызмет бабына байланысты әлгі қастандықтарға қатысты жайттардың бәрін біледі" деп жазады Мұхтар Әблязов.
Оппозициялық саясаткердің дерегінше, оның әйелі Алма Шалабаева мен алты жастағы қызын Италиядан ұрлап әкетуді ұйымдастыруға "Дүтбаев ісіндегі" айыпталушылардың бірі Нұрлан Хасеннің тікелей қатысқанын Италия құқық органдары анықтаған. Әблязовтің мәлімдеуінше, оның әйелі мен қызын ұрлап әкетуге санкцияны қазір "өз қылмыстарының куәсі болған адамдардан құтылып жатқан" Қазақстанның жоғарғы билігі берген.
Кей БАҚ-тар Нұрлан Хасен - Нартай Дүтбаевтың күйеу баласы деп жазады.