Қазақстанның бұрынғы төртінші премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев бір апта бұрын, қазанның 16-сы күні туған қаласы Атырауда жерленді. Марқұмның Жайық өзені жағасындағы екі қабатты үйінде мұсылман жоралғысымен жаназасы шығарылды. Бұдан кейін Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет үйінде қоштасу рәсімі өтті. Нұрлан Балғымбаев руластарының зиратында жерленді.
Жергілікті «Ақ Жайық» газетінің сайты «Кеше кешкісін Атырау әуежайына марқұммен қоштасу үшін ел аймақтарынан келген жоғары лауазымды шенеуніктер мен белгілі кәсіпкерлерді әкелген 20 шақты авиарейс қонды. Жиналғандар мұнайлы астананың азды-көпті сән-салтанатты қонақ үйлеріне жайғасты» деп хабарлады.
Марқұмның аруағына тағзым етуге жиналғандардың арасында премьер-министр Кәрім Мәсімовтен бөлек, энергетика министрі Владимир Школьник, «ҚазТрансОйл» компаниясы президенті Қайыргелді Қабылдин, «ҚазМұнайГаз» компаниясы президенті Сауат Мынбаев, топ-бизнесмендер Тимур Құлыбаев, Александр Машкевич, Патох Шодиев, Нұржан Субханбердин, Зейнолла Кәкімжанов, оппозицициялық саясаткер әрі марқұмның туысы Жармахан Тұякбай, бұрынғы қаржы министрі әрі бұрынғы оппозициялық саясаткер Ораз Жандосов және өзге адамдар болды.
Балғымбаев қазанның 14-і күні туған қаласы Атырауда ауыр науқастан 68 жасында қайтыс болды. Кезінде Балғымбаев президент Назарбаев оны «бауырым» деп атайтынын айтқан. Бірақ премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін оған аз уақыт Назарбаевтың кеңесшісі ретінде төмен дәрежелі қызмет бұйырды. Кейін оны тасаға ысырып тастады.
«800 ЖЫЛДЫҚ СТАЖ»
«Еңбек жолын мұнай саласында қарапайым жұмысшы ретінде бастаған Нұрлан Балғымбаев қызметте өрледі. Премьер-министр лауазымына дейін жетіп, бұл қызметті үлкен жауапкершілікпен атқарды». Нұрлан Балғымбаевтың өмір жолын президент Назарбаев көңіл айту сөзінде осылай қысқаша түйіндейді. Қоштасу рәсімінде телеграмманың толық мәтінін премьер-министр Кәрім Мәсімов оқып берді.
Нұрлан Балғымбаев – мұнайшылар династиясынан шыққан: әкесі мен немере ағалары мұнайшы болған. 42 жастағы ұлы Төлеген де мұнай-газ саласында жұмыс істейді. Адам еңбегін «адам-сағат» деген бірлікпен өлшейтін дәстүр бар. «Қазақгаз» мемлекеттік компаниясының бұрынғы президенті Таңбай Наушиев «Казахстанская правда» газетінде «Балғымбаевтар династиясының мұнай саласындағы жалпы еңбек стажы 800 жылдан асады» деп жазады.
Нұрлан Балғымбаевтың 37 жастағы қызы да бар. Ол бұрынғы бас прокурор, ал қазір оппозициялық саясаткер Жармахан Тұяқбайдың баласына тұрмысқа шыққан. Қазір екеуі Лондонда тұрады деген дерек бар. Самал әкесін жерлеген кезде Атырауда болды.
КООРУПЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ АЙЫПТАУ
Кезінде өзі ғана емес, өзгелер де «нағыз шаруаның адамы» атаған Нұрлан Балғымбаев премьер-министр болып 1997 жылы тағайындалды. Технократ Балғымбаев бұл қызметке президент болғысы келетінін мәлімдей бастаған Әкежан Қажыгелдиннің орнына келді. Премьер қызметінде Балғымбаев екі жыл отырды. Бұл - теңгенің долларға шаққандағы бағамы екі есе құлдырап, елді қаржы және экономикалық дағдарыс жайлаған жылдар болатын.
Премьер-министр қызметінен кеткен Нұрлан Балғымбаевқа төрт жылдан кейін тағы бір дағдарысты еңсеруге тура келді. Бұл кезде оның есімі (президент Назарбаевтың да есімі) «Қазақгейт» деген атаумен белгілі әрі АҚШ Қазақстанның бірқатар шенеуніктерін «Америка компанияларына мұнай кен орындарын игеруге рұқсат бергені үшін ірі көлемде пара алды» деп айыптаған атышулы коррупциялық іске қатысты жиі атала бастаған еді. Бұл іс 2010 жылы АҚШ-та америкалық делдал Джеймс Гиффенді «салық заңын бұзды» деген айыппен соттаумен жабылған.
Балғымбаев әлдебір саяси амбициялары, әсіресе президент болғысы келетін ниеті жоқ екенін үнемі мәлімдеп жүретін. Бақылаушылар бұл оны президент Назарбаевтың қырына ілігуден аман сақтап қалды деп есептейді.
Ал Нұрлан Балғымбаевтың құдасы – бұрынғы бас прокурор әрі парламент мәжілісінің бұрынғы спикері Жармахан Тұяқбайдың президенттік амбициясы болды. 2004 жылы ол Қазақстан оппозициясын басқарып, 2005 жылы президент сайлауына түсті.
Бұл ТМД кеңістігінде – Грузия, Украина және Қырғызстанда биліктегі режимді құлатумен аяқталған үш «түрлі-түсті» төңкеріс болған кезең еді. Бақылаушылардың айтуынша, оппозиция басшысы әрі президенттікке таласқан адаммен туыстығының кесірінен Нұрлан Балғымбаев Назарбаевтың толық сеніміне ие бола алмады. Оның үстіне, кейде Балғымбаевтың өзі де «оппозиция мен тәуелсіз БАҚ-ты артық қудалау, президенттік сайлау кезінде әкімшілік ресурстарды асыра пайдалану президентке зиянын тигізеді» деп президент Назарбаевтың өзін болмаса да, оның айналасындағы адамдарды ашық сынайтын.
СОҢҒЫ ЖЫЛДАР
Нұрлан Балғымбаев перемьер-министр қызметінен кеткеннен кейін президент Назарбаевтың «тасадағы» адамдары қатарына ысырылғанымен, халық айтқандай «далада қалған жоқ». Мұнай өндіру саласында түрлі қызметтер атқарып, аз уақыт президент Назарбаевтың кеңесшісі болды. Қайтыс боларынан сәл бұрын Forbes.kz сайты Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменнің ішінде Нұрлан Балғымбаевқа 23-орын берген.
Forbes.kz сайтының жазуынша, «Балалары Төлеген және Самал Балғымбаевтармен бірге «Қазақстан мұнай инвестиция компаниясының» құрылтайшысы. Мұнай-газ саласында құрылыс және инженерлік қызмет көрсетумен айналысатын «Isker» концорциумының баласы арқылы үлестесі. Қызы - «Aтырау Девелопмент», «Кэпитал Пропертис», Renaissance Aktau Hotel, Renaissance Atyrau Hotel» сияқты компаниялардың Сержан Жұмашевпен бірге тең қожайыны. Балғымбаев – «ҚазМұнайГаз» компаниясы салатын кәсіпорындар дирекциясының бас директоры» деп жазған.
Бірақ бақылаушылардың пікірінше, Балғымбаевтың премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін атқарған қызметтері бұрынғы мемлекеттік және шаруашылық істерді жүргізу тәжірибесімен салыстыруға да келмей, оның денсаулығына зиянды әсер етті деп болжайды. Аты-жөнін көрестуді қаламаған батысқазақстандық журналист Азаттыққа «ірі мұнай жобаларына қатысты бұрынғысынша шешім қабылдай алмайтын әрі наразылық білдіруден аса алмай қалған адамның күйіне түскені оған өте ауыр тиді» дейді. Әлеуметтік желілердегі кейбір хабарламалардың авторлары Балғымбаев қатерлі ісік дертінен қайтыс болды, мұны ол бір жарым жыл бұрын білген деп жазады. Ол Германия мен Түркияда емделген.
Нұрлан Балғымбаевпен Түркиядағы демалыс кезінде түскен фотосуреттерін Facebook желісінде жариялаған кәсіпкерлер Марғұлан Сейсембаев пен Зейнолла Кәкімжанов Азаттыққа комментарий беруден де, фотосуреттерін жариялауға рұқсат беруден де бас тартты.
Оппозициялық жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасы әрі Нұрлан Балғымбаевтың құдасы Жармахан Тұяқбайды сөзге тартудың сәті түспеді. Ол тек марқұммен қоштасу рәсімінде туыстарының атынан сөз сөйлегенін және марқұмның жетісіне қатысу үшін Атырауға міндетті түрде баратынын ғана айтты.
Нұрлан Балғымбаевтың қазасына байланысты достары мен жақтастары ғана емес, санаулы оппозициялық БАҚ та ол жайлы көптеген жылы сөздер айтты. Көпшілік жұрттың айтуынша, ол соңғы сәтке дейін тартымды қалпынан, ер-азаматтық болмысынан айнымаған әрі санаулы уақыты қалғанын білсе де, даналықпен күткен. Ажал сағаты соғатын сәттің жақындағанына қайғырмай, өмірінің әр күнін бағалай білген. Ал әйел авторлар оның едәуір жүдегені болмаса, сырбаз да сымбатты қалпын өмірінің аяғына дейін сақтап қалғанын жазады.
Жұрттың айтуынша, Нұрлан Балғымбаев шаруаларын толық реттеп кеткен. Ол тек жалғыз шаруасына ғана- жақын достарымен Алматыда қараша айына жоспарланған кездесуге үлгермеген.