Тұрғындар үй іргесіндегі «заправкадан» қорқады

Алматыдағы жанармай құю бекеттерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Алматы тұрғындары кейбір жанармай құю орындарының үйлеріне жақын тұрғанын айтып шағымданады. Ал эколог станциялардың бәрін қала сыртына шығаруды ұсынады.
Алматылық Асима Керімханованың үйінен 50 метр жерде көлікке жанармай құю станциясы тұр. Оның айтуынша, көп қабатты үй тұрғындары билік орындарына талай мәрте шағымданғанымен нәтиже шықпаған.

«Өте қауіпті екенін жазып та, айтып та келеміз. Жанармай стациясы басшылығына да айттық. Ол «рұқсатымыз бар» дейді. Бостандық ауданы әкімдігіне де жаздық. Енді қалалық әкімдікке жазып көреміз» дейді алматылық тұрғын.

«100 МЕТРДЕН ӘРІГЕ САЛЫНУЫ ТИІС»

Алматы тұрғындары соңғы кездері жанармай стациясының қала ортасындағы тұрғын үйлер мен сауда орындарының, халық көп жиналатын ғимараттардың маңында салынуына қарсы жиі шағымдана бастады. Апат болса кесірі тиюі мүмкін деп қауіптенген азаматтар өздері үйге жақын тұр есептеген станцияларды жабуды талап етеді.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігін сақтау бөлімшесінің инспекторы Асхат Аманбаевтың айтуынша, жанармай станциясы тұрғын үйден кемінде 100 метр алыс қашықтықта салынуы керек.

Тұрғын үйлер маңында орналасқан жанармай станциясының бірі. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

«Жанармай құю станциясын ашамын деген кәсіпкер ең алдымен сол маңдағы тұрғындардың кемінде 60 пайызынан рұқсат алуы тиіс. Станцияның жер асты су қоймасы, найзағайдан қорғау антеннасы болуы тиіс. Кез келген жанармай станциясы қоршалуы керек» дейді ол Азаттық тілшісіне.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі үйінің маңындағы жанармай станциясына жақындығына наразы тұрғындардың прокуратураға шағымдануына болатынын айтады.

Алматыдағы жанармай станциясы жақын тұрған мекеменің бірі – 125-балабақша. Балабақша қызметкерлері мен балалардың ата-аналары 20 метр жерде ғана тұрған станцияның бала денсаулығына және өміріне қауіпті екенін айтып, әкімдікке шағым жазған.

«Жанармай станциясы біздің балабақшаға тиіп тұр. Ата-аналармен бірігіп, әкімдікке шағым хат жаздық. Кейін «станция жабылады» деген жауап алдық. Қазір станцияның айналасы қоршалған, жұмыс істемейді» дейді балабақша меңгерушісі Забира Керімова.

«ЖАРТЫ МИЛЛИОН ЖҰРТ НАРАЗЫ БОЛАДЫ»

Эколог Мұрат Ахметбеков Алматыдағы жанармай құю станциялары жүйесіз салынғанын айтып, оларды қала сыртына шығаруды ұсынады. Мұрат Ахметбеков станция тұрғын үй, не мекемеден 100 метр әрі салынсын деген ережемен де келіспейді.

«Жанармай станциясында апат болса, 50 метр қашықтықтағы кез-келген ғимаратты толығымен өртеп жібереді. 100 метрдей жердегі станция жарылса, адам үшінші дәрежелі күйікке ұшырауы мүмкін. 150 метр қашықтықта орналасқан станция жарылса, адамды екінші дәрежелі күйік шалуы мүмкін. Бұл – ғылыми дәлелденген нәрсе» дейді ол.

Бензин таситын көліктің апатынан шыққан өрт. Алматы, 27 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Эколог Алматының сейсмикалық қауіпті аймақта тұрғанына назар аударады, жер сілкінсе, жанармай станциясының қысымға шыдай аларына сенбейді. Ол үйлерге тым жақын жанармай станцияларының рұқсатты заңды жолмен алғанына күмән келтіріп, «оларды қала ішіне салу жүйесінен бас тартып, бәрін қала сыртына көшіргені жөн» дейді.

Алматыдағы жанармай станцияларының барлығын қала сыртына шығару туралы ұсынысты былтыр эколог Мэлс Елеусізов те айтқан еді. Алайда төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко «Алматыда жарты миллион машина бар. Яғни жарты миллион адам наразы болады деген сөз» деп, жанармай станцияларын қала сыртына көшіру мүмкін емес екенін мәлімдеген.

Қала тұрғындарының қаупі 2013 жылы жазда орталықтағы станциялардың біріне жанармай әкеле жатқан көлік апатқа ұшырап, жүргізушісі қаза тауып, бір тұрғын үйдің біраз бөлігі өртеніп кеткен соң тіпті ұлғайды.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, қазір қалада 200-ге жуық жанармай құю станциясы бар.