Польшаның Познань қаласында қазақ тілінен сабақ беретін Гүлайхан Ақтай қазақстандық шенеуніктердің орысша сөйлегенін көрген шәкірттерінің қазақ тілін үйренуге деген ынтасы бәсеңдеп қалғанын айтады.
Гүлайхан Ақтай Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінде қызмет етіп жүргенде, Познань университетіндегі Азиятану кафедрасының түркология бөліміне бір жылға шақырылыпты. Сол 2002 жылдан бері осы елде поляк студенттеріне қазақ тілін оқытады.
- Алғашқы жылдары Польша мемлекетінде қазақ тілін оқып-үйренгісі келген шәкірттерімнің құлшынысы өте жоғары болған. Бірақ кейін Қазақстаннан келген түрлі деңгейдегі шенеуніктердің мемлекеттік тіл - қазақ тілінде емес, орыс тілінде сөйлейтіндігін көргенде, "біз орыс тілін үйренсек те жеткілікті екен ғой" деген енжарлық пайда болды, - дейді Гүлайхан Ақтай.
Оның айтуынша, Қазақстанда тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ тіліне деген құлшыныс жоғары болған. "Бірақ 5-6 жылдан кейін бұл талпынысқа қолдан кедергілер жасалды, оның себебі жоғары билікте отырғандардың қазақ тілін білмеуінде жатыр" дейді ғалым.
Ғылым докторы Гүлайхан Қазақстанда қазақ тіліне деген қажеттілік жоғына қынжылыс білдіре отырып, бұл салада қалай алға басуға болады деген өз ұсыныстарын да ортаға салды.
Қазақ тілі маманы Гүлайхан Ақтаймен сұқбатты тыңдаңыз
Your browser doesn’t support HTML5