Оқушы қыздардың сабаққа орамалмен кіруі қиындап тұр

Шалқар қаласының тұрғыны Ербол Тұрғанбаевтың хиджаб киетін қыздары Айым және Көркеммен бірге түскен суреті. Ақтөбе облысы, 16 қыркүйек 2017 жыл.

Білім және ғылым министрлігінің былтырғы оқу жылының ортасында шығарған бірыңғай мектеп формасы туралы бұйрығы биылғы оқу жылының басында барлық дерлік аймақтарда дауға айналып жатыр. Мектеп пен діндар ата-аналар арасындағы тығырыққа тірелген кикілжің енді жерде-жерде сотпен шешілетін сияқты.

Даудың басы білім министрлігі былтыр қаңтарда шығарған мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы болып отыр. Онда мектепте қандай да бір дінді насихаттайтын киім киюге тыйым салынған. Биыл оқу жылында бұйрыққа сүйенген мектеп басшылары орамал таққан оқушы қыздарды мектепте кіргізбей жатыр. Қазақстанда қазір бірнеше апта сабақтан қалған оқушылар бар. Азаттық қыркүйек басында Жаңаөзен мен Ақтөбе мектептеріндегі хиджаб дауын хабарлаған еді. Балалары сабаққа кіре алмай жатқаны жайлы шағымдар енді Ақтөбе, Шалқар қалалары мен Оңтүстік Қазақстандағы Мақтарал ауданынан түсті.

ШАЛҚАРДАҒЫ ШҰРҚАН

Ербол Тұрғанбаев Ақтөбе облысы Шалқар қаласында «10 және 8-сыныпта оқитын екі қызын үш күн мектепке кіргізбей қойған» №5 мектеп-лицейді сотқа бергенін айтады.

- Айым мен Көркем кимешек киетін. Екеуін қыркүйектің 7-сіне дейін сабаққа кіргізбеді. Қыркүйектің 7-сі аудан әкімдігінде білім бөлімі, ҰҚК мен ішкі саясат бөлімі өкілдері қатысқан жиын болды. Жиында мектеп әкімшілігін сотқа бергенімді айттым. Бұлар конституциялық құқығыма қол сұғып отыр. Соны айтсам, мектеп директоры білім министрлігінің бұйрығын көрсетеді. Қашаннан бері министрдің бұйрығы конституциядан жоғары тұратын болған?! – дейді Ербол Тұрғанбаев.

«Он шақты жылдан бері дін ұстанатын» Ербол Тұрғанбаев бес баланың әкесі. Ол «үлкен қызы Айымның бес жылдан бері намаз оқып, орамал тарта бастағанын» айтады. Айымның өзі «үйде де, түзде де қыз баланың шашы көрінбеуі керек» деп санайды.

Шалқар қаласындағы №5 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Айым Серікова.

Айымның биыл 8-сыныпқа барған сіңлісі Көркем де екі жылдан бері орамал тағады.

- Екеуі ешқашан мектеп формасын бұзған емес. Мұғалімдерге ұнамайтыны - басындағы кимешектері. Ол хиджаб емес, мен ойлап тапқаным жоқ. Ата-бабамыздың жолы, - дейді Ербол Тұрғанбаев.

Айым және Көркем оқитын №5 мектеп-лицей директоры Әлия Әбдіғапарова «қазақ қызы кимешек кимеген әрі олардікі кимешек емес» дейді.

- Тұрғанбаевтың 2012 жылы жазған түсініктемесі сақтаулы тұр. Онда ол «айнала жын-шайтан, содан сақтану үшін қызым орамал тағып, ашық жерлерін жауып жүр» деп жазған. Ал биыл «балаларымның басындағы қазақтың ұлттық киімі - кимешек. Сіз ұлттық киімге қарсысыз» деп мені айыптап шықты. Мектебіміз - аралас мектеп. Қазақтан басқа орыс, өзбек, балқар халқының ұл-қыздары оқиды. Ата-аналар мектеп формасының біркелкі болғанын қалайды,- дейді Әлия Әбдіғапарова.

Шалқар қаласындағы №5 мектеп-лицей директоры Әлия Әбдіғапарова.

Әлия Әбдіғапарова оқушылардың хиджап тағуын «ата-ана ықпалы» деп санайды. Оның сөзіне қарағанда, кейінгі бес жылда орамал тағатын оқушы көбейген - «2012 жылы бір ғана оқушы орамал тартса, қазір 6 оқушы тартады». Үш күн сабаққа кіргізбеген кезде олардың ешқайсысы орамалын шешпеген. Тараптар әлі бір келісімге келмеді. Мектеп әкімшілігі де, ата-ана да сот шешімін күтіп отыр.

АҚТӨБЕДЕГІ ДАУ

Осындай дау Ақтөбеде қаласы №10 мектептен де шықты. Мектеп директоры өткен аптада балалары орамал тартатын ата-аналарға хабарлама таратқан. 8-сынып оқушысы Амираның үйіне жолданған хабарламада «Қызыңыз мектеп формасын сақтамайтын болса, мектеп Сізге әсер ету шараларын қолданады» деп жазылған. Хабарлама алған бірнеше ата-ана қыркүйектің 18-імектепке келіп, мұғалімдерден бала құқығын бұзбауды, қысым жасамауды талап етті.

Оларды мектеп директорының орынбасары Нәзия Елбаева қарсы алды. Ол ата-аналарға мектеп формасы ережесін түсіндіріп, «қыздар орамалдарын шешіп келсін» деген талапты қайталады. Мұны естіген ата-аналар «келісімге келе алмаған жағдайда сотқа шағымданатындарын» айтып тарасты.

Хиджаб дауы шыққан Ақтөбе қаласындағы №10 мектеп. 18 қыркүйек 2017 жыл.

Ақтөбе қалалық білім бөлімі орамал дауына байланысты Азаттыққа түсініктеме беруге құлықсыз. Ал облыстың дін істері департаменті басшысы Жолдас Қалмағамбетовтің сөзінен департаменттің ата-аналардың мектеп талабын орындағанын қалайтыны аңғарылады.

- Азаматтарды сабырға шақырамыз. Орамал мұсылманның сыртқы көрінісі ғана. Ішкі сенімге ешкім қол салмайды. Ақтөбе өңірінде 10 конфессия бар. Әрқайсысы өз атрибутикасын енгізсе, мектептеріміз не болмақ? Ата-аналардың білім беру мекемелерімен келіскенін қалаймыз, - дейді.

Дін істері департаментінің дерегінше, Ақтөбе облысындағы орта білім беретін мектептерге 370 оқушы қыз орамалмен келіп жүр.

МАҚТАРАЛДАҒЫ «ОРАМАЛ»

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылында орналасқан Фердауси атындағы жалпы орта мектептің ата-аналары да «орамал дауына» киліккендерін айтады.

Бұл ауыл Шымкент қаласынан шамамен 300 километр жерде жатыр. Ауыл тұрғындарының барлығының дерлік ұлты – тәжік, оқу орны да тәжік мектебі. Мұнда оқушы қыздар орамалды «ұлттық дәстүрге байланысты тағады».

Фердауси ауылының «үш қыз, екі ұлым бар» деген тұрғыны Жумобай Махмудов үлкен қызының бұған дейін Фердауси мектебіне орамал тағып қабылданғанын, орамал тағып жүріп бітіріп шыққанын айтады. Қазір оның екі қызы мен екі ұлы мектепте оқып жүр.

Фердауси атындағы жалпы орта мектепте сабақта отырған оқушылар. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылы, 14 қыркүйек 2017 жыл.

- Қыздарым үйде де, мектепте де орамал тағады. Ал бұлар (мектеп қызметкерлерін айтады – ред.) қайта-қайта келіп «орамал тақты» дейді. Екі ай болды, тек орамалды талқылайды. Одан да мұғалімдер сабақты қалай өтіп жатыр, оқушылардың сабақ үлгерімі қандай - неге осыны тексермейді. Орамал тақпасын деген сөз ешбір заңда жоқ. Президенттің өзі әр ұлт дәстүрін қорғауға құқылы дейді. Бұл (орамал тағуын айтады – ред.) – біздің ұлттық дәстүріміз. Қыздарымның орамалын шешуіне 100 пайыз қарсымын. Себебі біздің түсінігімізде қыз баланың орамалын шештің не, жалаңаш көшеге шығардың не бәрі бір жағдай, - дейді Жумобай Махмудов.

Оқушы қыздардың орамалын шешуге қарсылық білдіруге келген ауыл тұрғындары. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылы, 14 қыркүйек 2017 жыл.

Немерелері осы мектепте оқитын зейнеткер Бекмахамбет Султановтың айтуынша, «ата-аналар аудан әкімдігіне, білім бөліміне, құқұқ қорғау органдарына орамал тағудың мәнін түсіндіріп берген».

- Осы мектептің құрылғанына 70 жыл болса, осы уақытқа дейін орамалды ешкім шешкен емес. Енді орамалды тастаңдар дейді. Біз айтқанмен оқушы қыздар көнбей отыр. Шешкізсе мектепке келмей қалуы мүмкін. Сондықтан біз орамалды қалдыруды өтініп сұраймыз, - дейді ол.

Немерелері осы мектепте оқитын ата-аналар комитетінің төрағасы Абдусамат Гафуров «оқушы қыздардың тағып жүрген орамалына байланысты тамыз айынан бері бірнеше жиналыс болғанын айтады».

- Бар мәселе – орамалда болып тұр. Ата-аналар да оқушы қыздар да орамалды шешуге қарсы. Бұл хиджаб емес, баяғыдан келе жатқан салт-дәстүріміз, - дейді ол да этникалық азшылық құқықтарына сілтеме жасап.

Фердауси атындағы жалпы орта мектептегі ата-аналар комитетінің төрағасы Абдусамат Гафуров.

Алайда, ата-аналардың «дәстүрлі орамал» деп отырғаны хиджап аталып кеткен орамал тарту тәсіліне ұқсайды. Ал Фердауси атындағы жалпы орта мектептің директоры Жанар Момынова орамал мәселесі бойынша қыркүйек айында «16 рет ата-аналар жиналысы болғанын» айтады. Мектеп директоры келтірген мәліметтерге қарағанда, бұл оқу орнында «740 оқушы білім алады. Оқушылардың 56 пайызы қыз балалар». Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бірыңғай мектеп формасына өткен.

Фердауси атындағы жалпы орта мектепте оқушы қыздарды сабақтан шығарып жатқан мектеп мұғалімі.

- Министрліктің (Білім және ғылым министрлігін айтады – ред.) №26 бұйрығында бірыңғай мектеп формасы енгізілсін дегенімен оның қандай болатыны ата-аналар комитетінің жиналысы хаттамасымен анықталатыны айтылған. 16 рет жиналып талқыладық. Ата-аналар орамал тағуды бекітті. Бұл жерде 70 жылдан бері орамал тағып келген. Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп оқушы қыздардың 70 пайызы орамалды шешті. Жоғарғы сыныпта оқитын оқушы қыздар әлі тағып жүр. Бұл ата-аналардың шешімі, - дейді директор.

Сабақ тыңдап отырған бастауыш сыныптағы оқушы қыздар. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылы, 14 қыркүйек 2017 жыл.

Діни көзқарасына байланысты орамал, хиджаб пен ниқаб киетін оқушылар мен студенттерді оқу орындарына кіргізбеу кейінгі жылдары жиілеген. Былтыр білім министрінің орынбасары болған Эльмира Суханбердиева 2016 жылы қаңтардың 14-і шыққан №26 бұйрығын «Діни киімді білім мекемесінде киюге болмайды. Одан тыс жерде не кисе де еркі. Діни көзқарасқа да шектеу жоқ. Біз оқушы құқығын бұзбаймыз. Бірақ олардың да ережені бұзуына жол бермейміз» деп түсіндірген еді. Ол ережеге сай мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек.

Сабақтан қайтып бара жатқан оқушылар. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылы, 14 қыркүйек 2017 жыл.

Ал танымал құқыққорғаушы Евгений Жовтис орамал дауына қатысты «бұл жерде адам құқығы шектелді деу қиын. Халықаралық тәжірибеде әр мемлекет өзіндік менталитет, салт-дәстүр ерекшелігіне қарай діни атрибутика мектепте болған жөн ба, жоқ па деген мәселені өзі шешуі тиіс» деген еді. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) былтыр «мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындары басшыларымен ортақ мәмілеге келуге» шақырған. Былтырғы қазанның 24-інде жариялаған мәлімдемесінде ҚМДБ исламда шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы тиіс екенін айтқан. ҚМДБ-ның мәлімдемесінде: «Ата-аналар Қазақстандағы білім беру жүйесі оқытуға ғана емес, адамды өнерге, спортқа, зияткерлік дамытуға бағытталғанын сезінуі керек» деп жазылған. Діни басқарма ата-аналарды қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлуге шақырған.