"Орамал дауында" ортақ мәмілеге келе алмай отыр

Your browser doesn’t support HTML5

"Орамал дауына" қатысты жиын. Ақтөбе. 3 ақпан 2018 жыл.

Ақтөбе облысында орамал тартатын 177 оқушы қыз бір айдан бері мектепке кіре алмай отыр. Дін істері басқармасының дерегінше, олардың 70 пайызы – 1-8 сынып оқушылары. "Балиғатқа толмаған балаға орамал тарту парыз еместігін" алға тартқан дін басқармасы ата-аналарды мектеп талабын орындауға шақырады. Ата-аналар тығырықтан шығудың жалғыз жолы – арнайы мектеп ашу деп санайды.

"БИЛІК ҚЫСЫМДЫ ТОҚТАТСЫН"

Ақтөбе қаласының тұрғыны Бауыржан Құрманқұлов екі немересін орамал тартқаны үшін сабаққа кіргізбей қойған №10 мектеп директоры Гүлайым Имановамен соттасып жүр. "Орамал дауы" бойынша сот отырысы 15 ақпанда жалғасады. Сегізінші және тоғызыншы сыныптарда оқитын Әмина мен Әмира үшінші тоқсан басталғалы сабаққа кіре алмаған.

Ақтөбе тұрғыны Бауыржан Құрманқұлов орамал дауына қатысты жиында. 5 ақпан 2018 жыл.

- Тоқсан аяқталуға жақын, балалар мектепке бара алмай отыр. Олардың қандай жазығы бар? Егер ата-аналар арасында экстремистік көзқарасты ұстанатын, қоғамға қауіпті адамдар бар десе, күштік құрылымдар, КНБ, ДВД бар емес пе? Солар есепке алсын, жұмыс істесін! Менің білетінім, балаларын мектепке апарып, білім бергісі келетін адамдар экстремист емес. Теріс жолда жүргендер баланы оқуға бермейді, - дейді Бауыржан Құрманқұлов.

Бауыржан Құрманқұлов тәрізді "баламды сабаққа кіргізбеді" деп мектеп директорларын сотқа берген ондаған ата-ананың шағымын Ақтөбе қалалық соты ақпан айының 1-і күні қанағаттандырмай тастады. Солардың бірі – алты баланың әкесі Дәулеткерей Нәзенов сот шешіміне наразы екенін айтады.

- Соттар ел Конституциясын таптады. Жаппай заңбұзушылық болып жатыр. Ақтөбенің соттары шығарған шешім – мемлекетке қарсы айғақ. Мейлі, дауды біздің пайдамызға шешпей-ақ қойсын. Ертең осындай шешімдер саны көбейгенде, міне, қараңыздар дейтін боламыз. Біздің биліктің сиқы осы. Бұл – шектен шыққандық. Енді Конституцияның 14-бабын өзгерту керек болады, - дейді ол.

Жеке кәсіпкер Дәулеткерей Нәзенов Ақтөбеде "орамал дауына" қатысы бар тұрғындарға "жан-жақты қысым жасалып жатыр" деп санайды.

- Балалары мектепке кіре алмай отырған отбасыларды құрамында ішкі саясат бөлімі қызметкерлері, полиция өкілдері мен мектеп мұғалімдері бар делегациялар аралап жүр. "Балаларыңыз орамалдарын шешсін, әйтпесе сіздер түрлі қиындыққа тап боласыздар. Ата-аналық құқықтарыңыздан айырамыз, айыппұл саламыз" деп қорқытады. Орамал тартатын балалардың ата-аналарына психологиялық қысым жасалып жатыр. Бұл - нағыз репрессия, - деді Дәулеткерей Нәзенов 3 ақпанда "Нұр Отан" партиясы Ақтөбе филиалының ғимаратында өткен жиында.

Оқи отырыңыз: Депутатқа шағымданғандар медресе ашуды сұрады

Облыс әкімдігі ұйымдастырған бұл жиынға орамал тағатын балалары мектепке кіре алмай жүрген ата-аналар, шенеуніктер мен заңгерлер – барлығы қырықтан астам адам қатысты. Балаларының орамалын шешуге қарсы ата-аналар арнайы мектеп салу мәселесін тағы да көтерді. Көпшілік алдында сөзін дауыстап дұға оқып бастаған жасы отыздар шамасындағы азамат өзін "4 баланың әкесі Нұрбол Бейсеновпін" деп таныстырды. Айтуынша, Ақтөбедегі №63 мектепте оқитын екі қызы сабаққа кіре алмай жүр.

- Оларға кішкентай нәрсе шығар, ал біз үшін орамал уақ-түйек емес. Ол – мұсылманның туы. Маған "қыздарың орамалды шешпесе, айыппұл саламыз" дейді. "Жарайды, сал" дедім. "Төлейсің бе?" дейді, "төлеймін" дедім. "Екінші рет тағы да саламыз" дейді, "тағы төлеймін" дедім. Аллахтан дұға етемін де, төлей беремін. Бірақ кимешек шешу мәселесі маған мүлдем келмейді. Мүлдем! Сондықтан кимешек шешкеннен гөрі, тездетіп мектеп салу мәселесін шешкен дұрыс. Мектеп салынғанша, балалар сабаққа орамалдарымен қатыса берсін, - деді Нұрбол Бейсенов.

Ақтөбе тұрғыны Әлия Төлебаева орамал дауына қатысты жиында. 5 ақпан 2018 жыл.

Бұрын білім беру саласында еңбек етіп, қазір зейнет демалысында екенін айтқан Әлия Төлебаева есімді тұрғын арнайы мектеп салудың бірер күннің шаруасы еместігін түсінеді. Сондықтан ол Ақтөбе облыстық білім басқармасына жоғарғы сынып оқушыларын қашықтан оқытуды ұсынады.

- 9-10 сыныпты бітіретін балаларымыз үйде отырып қалды. Қалған төрт айға қашықтан оқытуға рұқсат берсеңіздер екен. Жоғары сыныптарда қазір тест өтіп жатыр. Немерем оқу бағдарламасынан қалып қойды. Балалар үйден білім алып, жыл аяғында емтихандарын тапсырса деген өтінішім бар. Бәріміздің де талабымыз – қайткенде де баланың басындағы орамалын сақтап қалу, - деді Әлия Төлебаева.

"ӘКІМ ҮШ АЙДА ШЕШУДІ ТАПСЫРДЫ"

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Дәулеткерей Нәзеновтің "жан-жақты қысым" туралы сөзіне "мемлекеттік органдар өкілдері заң аясында әрекет етіп жатыр" деп қысқаша жауап берді.

- Мектеп директорлары – заңның орындалуын қадағалап отырған кісілер. Ақтөбе облысындағы 135 мың оқушының 177-сінің сабаққа келмей отырғаны билікті де қатты алаңдатады, - деді әкім орынбасары.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев орамал дауының жай-жапсарына қанық, әкім "орамал дауын үш айда түбегейлі шешуді" орынбасарына тапсырған. Ербол Нұрғалиев даулы мәселеге байланысты облыстық әкімдікке келген кез-келген адамды өзі қабылдайтынын айтты.

Жиында билік өкілдері оқушы қыздарының орамалын шешуге қарсы болып отырған ата-аналарды ортақ мәмілеге келуге шақырды. Олар мектеп әкімшілігі Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтардың 14-і күні шыққан №26 бұйрығын орындауға тиіс екенін жеткізді. Осы бұйрық негізінде мектеп формасының бірыңғай ережесі енгізілген.

Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева орамал дауына қатысты жиында сөз сөйлеп тұр. Ортада тыңдап отырған - облыс әкімі орынбасары - Ербол Нұрғалиев. 5 ақпан 2018 жыл.

- Облыс оқушыларының 1,2 пайызы сабаққа келмей отыр. Оның ішінде екінші тоқсаннан бастап мектеп көрмеген балалар бар. Үшінші тоқсанда сабақ оқымаған бала келесі сыныпқа көше алмайды. Осыны түсініңіздер! Біз қолымыздағы бұйрықты орындауға міндеттіміз. Орамалын шешпеген баланы мектепке кіргізе алмаймыз. Ертең тағы да "балам сыныпқа көшпей қалды" деген дау шығатынын біліп тұрмын. Қалай болғанда да балаларды мектепке қайтару керек. Үлкен адамдардың кесірінен бала мектепсіз, білімсіз қалмауы керек. Сіздерді соған шақырамын, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева ата-аналарға.

Ол 12 ақпанда Астанада өткелі отырған Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде ақтөбелік ата-аналардың "орамал дауына" қатысты ұсыныс-пікірлерін көтеретінін айтып, "ұсыныстарыңыздың жауабын Астанадан оралған соң беремін" деп уәде етті. Оразбаева Ақтөбе қаласында мектепке ыңғайлы бос ғимарат жоқ екенін, ал егер ата-аналар өз қаржыларына жеке мектеп салуды ұйғарса ешкім қарсы болмайтынын айтты.

- Қашықтан оқыту мәселесіне келер болсақ, ол білім заңында көрсетілмеген. Қашықтан оқыту, экстернат дегенді тек ауырып қалған балаларға, шетелге тіл курсын оқу үшін кеткен балаларға қолдануға болады. Сол кезде ғана қашықтан оқытуға рұқсат етіледі. Басқаларға рұқсат жоқ, - деді Ләззат Оразбаева.

БАЛИҒАТ ЖАСЫНА ҚАТЫСТЫ ДАУ

Ақтөбе облыстық дін істері басқармасы жетекшісі Жолдас Қалмағамбетов "орамал дауына" байланысты мектепке бара алмай отырған 177 баланың 130-ын "балиғат жасына толмағандар" санатына жатқызады. Сондықтан 1-8 сынып оқушыларының мектеп талабын орындап, орамалдарын шешкені дұрыс деп санайды.

- Ең болмағанда он күн мерзім ішінде сол тоғызыншы сыныпқа дейінгі балалардың барлығы мектеп формасын сақтауға көшсе жөн болар еді. Жоғарғы сыныптағы кей оқушылардың ата-аналары балаларының басына бони тағуға рұқсат сұрап отыр. Оны орамал деп те айтуға келмейді, "ободок" түріндегі байлауыш. Мүмкін, осы мәселені министрлікке ұсынып көрсек. Бұған жамағат келісіп жатса, жоғарғы сынып балалары сонымен оқып шықса... Бұл көңілге қонымды ұсыныс деп ойлаймын, - деді Жолдас Қалмағамбетов облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевке қарата.

"Орамал дауына" қатысты жиынға келген Ақтөбе тұрғындары. 3 ақпан 2018 жыл.

Алайда жиынға қатысқан кей ата-анаға бұл ұсыныстың ұнамағаны аңғарылды. Кейбірі бастарын шайқап, үнсіз қалды. Өзін "6-сынып оқушысының анасымын" деп таныстырған Гүлжанар Сәбенова "12 жастағы қызым балиғатқа толған, сонда біз қайтеміз?" деп сұрады.

- Балаңызды үйде дінге баули беріңіз. Мектепте бала алты-ақ сағат болады екен. Осы аралықта мектептің талабын орындасын. Мәселе мектептің ішкі тәртібіне көнуде. Басқа уақытта сіздің діни көзқарасыңызға ешкім де араласпайды. Орамал парыз болатын болса, білім алу да – парыз, - деп жауап берді Жолдас Қалмағамбетов.

"Балиғат жасына толған қыз бала әуретті жерлерін жабу керек" деген пікір орамал дауына қатысты жиындар мен сот мәжілістерінде үнемі айтылады. Жолдас Қалмағамбетовтің сөзінше, әр баланың физиологиялық ерекшелігі әртүрлі болғандықтан кімнің қай күні балиғатқа толғанын тап басып айту қиын. "Ол қыз бала мен оның анасына ғана аян нәрсе. Әрі мектеп – діни мекеме емес" деген Қалмағамбетов ата-аналарды ортақ мәмілеге келуге шақырды.

Өзі жетекшілік ететін мекемені "дін өкілдері мен мемлекет арасындағы көпір" деп атаған Жолдас Қалмағамбетов "орамал дауы" шыққалы бері елді мекендерді аралап жүргенін айтады. Кей жерлерде ата-аналар мектеп талабымен келісіп, қыздарының орамалдарын шеше бастаған. Кей ата-ана шешімдерін өзгертпек түгілі, "агрессия көрсеткен" дейді шенеунік.

- Балаға қиянат жасалмауы керек. Құрметті жамағат мүшелері, сіздердің ұсыныстарыңыз тиісті жерлерде көтеріліп жатыр. Бірақ алдымен өз арамызда мәмілеге келуіміз керек. "Менің айтқаным орындалсын" деп қасарыспай, ұсынылған талаптарға келісейік, - деді дін істері басқармасының басшысы.

Білім және ғылым министрлігінің оқушылардың бірыңғай мектеп формасына қатысты бұйрығына наразы ата-аналар сотқа да шағымданған. Бұған дейін өткен бірнеше сотта мектеп әкімшілігінің талабы заңды деп танылған. Қалалық соттың қарауында орамал дауына қатысты әлі үш іс бар.

Ал Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының пәтуа бөлімінің өкілі Азаттыққа берген жауабында "қыз балалар балиғат жасы жағдайға байланысты 9-15 жас аралығында толады" деді.

Ақтөбе облыстық дін істері басқармасы мен облыстық білім басқармасы орамалын шешкен оқушыларды күнделікті есепке алып отыр. Ақпанның 3-і күнгі дерек бойынша, облыста 177 оқушы "орамал дауына" байланысты мектепке бара алмай отыр. Үшінші тоқсанның алғашқы аптасында ондай оқушы саны 200-дің үстінде деп хабарланған болатын.