Орамал таққан қыздар "жақсы оқиды", бірақ оларды мектепке кіргізбейді

Жұлдыз ықшам ауданындағы № 37 орта мектептің сабаққа кіре алмаған оқушылары үйлеріне қайтып барады. Орал, 5 қазан 2017 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауылында төрт оқушы қыздың сабаққа бармай жүргеніне бір ай болған, өйткені орамалын шешпегені үшін оларды мектеп ғимаратына кіргізбейді. Жергілікті биліктің айтуынша, оқу жылының басында орамал тағып жүрген 16 қыз әкімшіліктің талабына бағынып орамалын шешкен әрі одан «жайсыздық» көрмейді. Ал облыс орталығы - Орал қаласында орамал дауы сотқа дейін жетті.

МЕКТЕПКЕ БАРЫП, САБАҚҚА КІРМЕЙ ҚАЙТАДЫ

Батыс Қазақстан облысындағы Чапаев ауылы мектебінің жетінші сынып оқушысы Гүлсезім қазанның 16-сынан бері сабаққа бармаған. Ол бес аптадан бері күн сайын мектепке барады, бірақ кіре алмай қайтады. Оны сабаққа кіргізбеуге оқушы қыздың орамалын шешуден бас тартуы себеп болған. Биліктің уәжіне қарағанда, бұл мектеп тәртібіне және білім министрлігінің мектеп формасына адамның діни ерекшелігін білдіретін киім элементтерін енгізуге тыйым салатын жарлығына қайшы көрінеді.

Орал қаласынан 125 километр жердегі Чапаев ауылындағы жергілікті үш мектептің бірінде 20 оқушы қыз оқу жылының басынан қазан айының ортасына дейін сабаққа орамал тағып барып жүрген. Билік 16 оқушының ата-анасын қыздарының орамалын шешуге (сабақ кезінде шешіп отыруға – ред.) көндірген. Ал екі отбасының отағалары, яғни төрт қыздың әкелері мектеп директоры мен аудан билігі талаптарына бағынудан бас тартқан.

Олардың бірі - Гүлсезімнің әкесі Берікбек Самат - жергілікті қазақ мектебінің 34 жастағы дене шынықтыру пәні мұғалімі. Үш баланың әкесі Берікбек "қызым қазақ әйелдерінің ұлттық бас киім түрі - кимешек киеді, ол ешқандай діни конфессияға жатпайды" дейді.

Чапаев ауылындағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Берікбек Самат. Батыс Қазақстан облысы, 13 қараша 2017 жыл.

- Мұндай тыйым болатынын бізге алдын ала ескерткен жоқ. Ата-аналар комитетінің отырыстарына да қатысқаным жоқ. Бірыңғай мектеп формасы жиналыстардың бірінде талқыланыпты, бірақ кимешек киюге тыйым салынатыны жайлы ештеңе айтпаған, - дейді Берікбек Самат.

Берікбектің айтуынша, ол Ханбали мәзхабын (сүнниттік исламдағы төрт мәзхабтың бірі) ұстанады. Қазақстанда ресми дін басылары Ханафи мәзхабын ұстанады.

Азаттық тілшісінің "Екі мәзхаб бойынша намаз оқуда қандай ерекшеліктер бар?" деген сұраққа Берікбек "Мешітке барғанда намазды мәзхаб имамы Әбу Ханифа сияқты оқимыз. Үйге келгеннен кейін намазды Ханбали мәзхабы бойынша оқимын. Мәзхабтардың айырмашылығын онша байқамадым, бірақ жаныма жақын болғандықтан, Ханбали мәзхабын таңдадым" деп жауап берді.

Берікбек Саматтың жаңадан салынған үлкен үйі Чапаев ауылының ортасында орналасқан. Саматтың отбасында отағасы ғана жұмыс істейді. Күндіз мектепте сабақ береді. Бос уақытында жеке меншік көлігімен кісі тасып, қосымша ақша табады. Берікбектің әйелі бұрын кешкі мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Кейін мектеп жабылып, мұғалімдері қысқарып қалған.

- Әйелім қазір жұмыс істемейді. Жұмыс іздеп талай жерге барды, бірақ орамал таққаны үшін оны да еш жерге алмайды. Бұл жай орамал – бір жыртым мата ғана. Біздің уәжімізді жүрдім-бардым тыңдайды, бағынуға тиіссіңдер дейді. Президент, мысалы кимешекке қарсы ештеңе деген жоқ қой, - дейді Берікбек.

Енді не істеу керегін отағасы әзірше білмейді. Ол қызының сабаққа барғанын қалайды, бірақ орамалын шешуі тиіс деген талаппен келіспейді.

- Конституцияда бұған тыйым салынбаған. Әйел адам үшін орамал тағу міндетті деп айтылған Құран түгілі, конституцияда бәрі ашық жазылған. Мұның несі жаман. Орамал тағудың сабақ оқуға кедергісі жоқ. Орамал тағатындар көбейіп кетеді деген пікір бар. Менің қызым оқитын сыныпта төрт қыз әлі орамал тағып жүр, - дейді Берікбек.

Чапаев ауылындағы № 1 орта мектеп. Батыс Қазақстан облысы, 13 қараша 2017 жыл.

Жергілікті мектеп әкімшілігінің талаптарына бағынудан үш қыздың әкесі, жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс жаттықтырушысы Ерлан Хамзин де бас тартқан. Хамзин тәрбиеленушілерін республикалық жарысқа әкеткендіктен, Азаттық тілшісі оны ауылдан жолықтыра алмады.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК: "ЕШҚАНДАЙ ПРОБЛЕМА ЖОҚ"

Ақжайық ауданы әкімінің әлеуметтік сала мен ішкі саясат мәселелері жөніндегі орынбасары Тілекқабыл Ғабдышев мектептегі орамалға қатысты жағдайды драмаға айналдырып қажеті жоқ дейді. Оның сөзінше, орамалын шешуге келіскен 16 оқушы қызды психологтар бақылауға алған әрі балалар өздерін «жайсыз» сезінбейді.

- Балалар іштен орамал тағып туған жоқ қой, дұрыс па? Үйде де орамалсыз жүреді. Ешқандай проблема жоқ. Олар қазір де дәл сол сияқты жүр, мектепте сабақ оқиды, ойнайды, – дейді Ғабдышев.

Ақжайық ауданы әкімінің әлеуметтік сала мен ішкі саясат мәселелері жөніндегі орынбасары Тілекқабыл Ғабдышев. Батыс Қазақстан облысы, 13 қараша 2017 жыл.

Оның сөзінше, мектептің ішкі тәртібіне қатысты жаңа ережелерді ата-аналар комитеті мен педкеңес қабылдаған және ол биылдан бастап заңды күшіне енген. Өткен жұма күні орамал тағатын екі оқушы қыздың істері кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аудандық комиссияда қаралған. Комиссия екеуінің ісін облыстық білім саласындағы бақылау департаментіне жолдауды ұйғарған.

- Біз әлгі істерді департамент жанынан құрылған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі облыстық комиссияның қарауына ұсынбақпыз, енді шешімді сол жақ қабылдайды. Өз тарапымыздан біз тиісті нәрсенің бәрін жасадық. Ал шешім қабылдауға құзырлы емеспіз. Бұл менің талабым емес, министрдің бұйрығы екенін ата-аналардың өздері де түсінетін шығар, - дейді әкімнің орынбасары.

Тілекқабыл Ғабдышев орамалын шешуден бас тартып жүрген қыздардың ата-аналарын "дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылар" деп атайды. Оның мәлімдеуінше, әлгі ата-аналар міндетті екпе жасатудан да бас тартады, ал балалары мектеп асханасында еттен жасалған тамақты жемейді. Әкім орынбасарының сөзінше, бірақ әлгі оқушы қыздардың бәрі "өте жақсы" оқиды.

ЖАЛҒЫЗ ОҚИҒА ЕМЕС

Чапайдағы оқушы қыздарды мектепке орамалмен кіргізбеу оқиғасы облыс пен Қазақстанның батыс аймағындағы жалғыз оқиға емес. Ертеректе Азаттық Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы осыған ұқсас фактілер жайлы жазған болатын.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе мектептерінде орамал дауы басылмай тұр

Биылғы оқу жылында сабаққа кіргізбей қойған қыздардың ата-аналарынан алғашқы шағымдар Батыс Қазақстан облысы БАҚ-тарына қазан айының ортасында түсе бастаған. Ата-аналар орамал таққан оқушы қыздарды таңертең мектептің кіреберісінде бірнеше мұғалім мен қару асынған полицей күтіп алатынын айтқан. Олар оушылардың орамалдарын шешуін талап еткен. Келіскендерін ғана сабаққа кіргізген. Оралда кемі екі мектепте №7 және №37 мектептерде осындай жағдай қалыптасқан болатын. Қалалық білім беру бөлімі "112 оқушы қыз орамал тағады, оның 40-ын мектепте орамал тақпай жүруге үгіттеп көндірдік" деп хабарлаған.

Ата-аналар айыппұл төлесек болды, балаларымыз орамал тағып жүре береді деп ойлайды екен деп естідім. Олай болмайды. Мұндай жағдайда екінші хаттама толтырылып, іс сотқа жолданады. Ата-ана құқығынан айыру - сот құзырындағы мәселе.

Білім және ғылым министрлігіне қарасты білім беру саласындағы облыстық бақылау департаментінің бастығы Светлана Бахишеваның Азаттыққа айтуынша, ведомство орамал таққан қыздардың әке-шешелерінің ешқайсына әзірше айыппұл салмаған, ата-ана құқығынан айырмаған. Бірақ Бахишеваның пікірінше, ата-аналардың әрекеті әкімшілік кодекстің 409-бабы 2-бөлімінде ("Ата-ананың немесе өзге де заңды өкілдердің білім беру саласы заңдарында қарастырылған міндеттерін орындамауы немесе дұрыс орындамауы") сипатталған заң бұзушылық болып саналады. Бұл бап бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (22 690 теңге - шамамен 68 доллар) айыппұл салу қарастырылған.

- Ата-аналар айыппұл төлесек болды, балаларымыз орамал тағып жүре береді деп ойлайды екен деп естідім. Олай болмайды. Мұндай жағдайда екінші хаттама толтырылып, іс сотқа жолданады. Ата-ана құқығынан айыру - сот құзырындағы мәселе, - дейді департамент басшысы.

Ақжайық ауданында тұратын оқушы қыздардың істері департаментке әлі түспеген.

АТА-АНАЛАРДЫҢ ТАЛАП-АРЫЗЫ

Орал мектептерінде орамалды шешуден бас тартқаны үшін сабаққа кіргізбей қойған бірнеше оқушының ата-анасы мектеп директорларын сотқа берді. Қарашаның 23-і күні Орал қаласының азаматтық істерді қарайтын сотында қала тұрғыны Әсет Сұлтанның №7 жалпы білім беретін орта мектеп басшылығына қарсы талап-арызы бойынша негізгі сот процесі басталады. Іске қатысты алдын ала өткен сот тыңдауында мектеп директоры Виктор Протасов мектеп формасына қойылған талаптар "мектеп жарғысы мен ішкі тәртіп ережелеріне" сәйкес, сондықтан орамал тағуға рұқсат етілмейді деген болатын.

Алдын ала тыңдауда талапкер мен оның өкілі «сот процесі жүріп жатқан кезде» Әсет Сұлтанның қызын сабаққа кіргізе тұруды сұраған. Сот өтінішті қабылдамай тастады.

Орал тұрғыны Әсет Сұлтан (оң жақта) сот процесінде отыр. Орал, 13 қараша 2017 жыл.

Қарашаның 15-сі осы азаматтық істер сотында қалалық №37 мектепте оқитын, бірақ қазанның ортасынан бері сабаққа кіргізбей қойған тағы үш оқушы қыздың әке-шешесінің талап-арызы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтеді деп жоспарланған.

Ал Ақтөбе облысында орамал тағатын оқушы қыздардың ата-аналары білім және ғылым министрлігінің орналасқан жері бойынша - Астанадағы сотқа жүгінген. Арызданушылар білім және ғылым министрлігінің 2017 жылы қаңтардың 14-і күні "Орта білім беретін ұйымдар үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" №26 бұйрығын жоюды талап етеді. Нақтырақ айтқанда, олар бұйрықтың "түрлі конфессиялардың киім-кешекке қатысты діни элементтерін мектеп формасына енгізуге жол берілмейді» деп жазылған тармағын алып тастауды талап етеді. Ақтөбелік талапкерлер өкілінің сөзінше, олар бұл норма констиуцияға және Қазақстан ратификациялаған дін еркіндігіне кепілдік беретін халықаралық келісімдерге қайшы деп санайды.