Павлодар облысы қоғамдық бақылау комиссиясы төрайымы, азаптауға қарсы іс-қимыл ұлттық превентивтік механизмінің мүшесі, Павлодар қаласының тұрғыны Елена Семенова әлеуметтік желілерде көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату туралы қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде тергеуге іліккен.
Үш баланың анасы, 47 жастағы құқық қорғаушы Елена Семенова әлеуметтік желілерде Павлодар облысы түрмелеріндегі кейбір тұтқындардың қатыгездікке, кемсіту мен қорлауға ұшырайтыны жөнінде, түрмедегі нашар тұрмыстық жағдайға қатысты шағымдар туралы жазады. Мәселен, 62 жастағы ақын әрі диссидент Арон Атабектің Павлодар тергеу абақтысындағы жағдайы осы кісі арқылы белгілі болған.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІҢ БАСТАУЛАРЫ
Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, полковник Ерсайын Нұртазиновтың Павлодар облысы ішкі істер басқармасына Елена Семенованың үстінен қылмыстық іс қозғауды сұрап, қазанның 9-ы күні жазған арызының көшірмесі Азаттық тілшілерінің қолына түсті. Арызда оның әрекеттері «сотталғандар арасында қоғамдық тәртіпті бұзу (жаппай бағынбау, мекеме жұмысына кедергі келтіретін әрекеттер, жаппай тәртіпсіздіктер) қаупін тудырады» деп жазылған.
Әлгі арызда «Е.А.Семенованың әлеуметтік желілерді пайдаланып жариялаған мақала, сұхбаттарынан Павлодар облысы қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзету мекемелерінің қызметкерлері сотталғандарды ұрып-соғып, азаптайды, зорлайды, қорлап-кемсітеді, әкімшілік қызметкерлерінің аяқ киімін тазалап, киімін жууға, жасақты өз есебінен жөндеуге мәжбүрлейді, арнайы құралдарды заңсыз қолданады деген ой туады» деп жазылған.
Құқық қорғаушы Елена Семенованы «жапа шеккен тұтқындардың және сотталғандарға қатысты заңсыз әрекеттерге барған түрме қызметкерлерінің (Г.А.Есенов пен А.Едігеевтен (Арон Атабек) өзгелердің) аты-жөнін ешбір мақаласында көрсетпеген» деп кінәлайды.
Полковник шеніндегі арызданушының мәлімдеуінше, Елена Семенованың әрекеттерінен қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қаралатын «қылмыстың белгілері байқалады».
Облыстық түрме жүйесі бастығы Павлодар ішкі істер басқармасы бастығына: «Бұқаралық ақпарат құралдары немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалану арқылы өзге адамның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көпе-көрінеу жалған деректерді таратқаны үшін Семенова Елена Александровнаны қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраймын» деп жазған.
Әлгі арыздан кейін ашылған қылмыстық іс аясында қазанның 30-ы күні Елена Семенованы Павлодар ішкі істер департаментінің тергеушісі аға лейтенант Ж.Дүйсенов тергеуге шақырған. Елена Семенова әзірше күдікті ретінде тергелген, оған айып тағылмаған.
Құқық қорғаушы Елена Семенова өзін кінәсіз санайды. Ол Азаттыққа тұтқындардан түскен шағымдардың фотокөшірмелерін көрсетті. Павлодар облысы түрмелерінде болып жатқан жайттар жөнінде хабарлап, прокуратура мен өзге органдарға жазған хаттарының фотокөшірмелерін ұсынды. Елена Семенова Азаттыққа әлгі ведомстволардың өзі «сырғытпа жауаптар» деп атайтын жауаптарын да жіберді. Оның айтуынша, «түрмелердегі былықты» интернет арқылы хабарлаудан өзге амалы қалмаған.
Елена Семенованың адвокаты Разия Нұрмашева Азаттыққа тергеу кезінде іске қатысты әлдебір комментарий беру құқығы жоқ екенін айтты.
«ӨТІРІК АЙТПАУ ЖӘНЕ ХАБАРЛАУ» САЯСАТЫ
Өзі де тұтқындардың құқығын қорғау арқылы танылған азаматтық белсенді Руслан Оздоев «құқық қорғаушы Елена Семенованы жұрт адал әрі батыл адам ретінде таниды» дейді.
- Павлодар облысы мекемелерінде отырған тұтқындарды азаптау әрекеттері туралы туыстары шағымданып келген кезде оларға Елена Семеновадан көмек сұрауға кеңес беремін. Өйткені ол кісі түрмеге кіріп, тұтқынның соққыға жығылғанын көрсе, бұл жайтты жасырып қалмайтынына 1000 пайыз сенімдімін, - дейді Руслан Оздоев.
Руслан Оздоев Елена Семенованың төңірегінде туындаған жағдайды саяси астары бар деп санайды.
- Өйткені ол өтірік айтпау және хабарлау саясатын ұстанады. Ол үшін интернет тұтқындарға қатысты заңсыз әрекеттерді қоғамға жеткізудің жалғыз мүмкіндігі деуге болады, - дейді Оздоев.
Руслан Оздоевтің пікірінше, биліктің, атап айтқанда түрме басшылығының әрекеті - қолайсыз құқық қорғаушыдан «сот төрелігі арқылы» құтылуға бағытталған саясат.
- Жұртқа белгілі тұлға. Көп шу болатындықтан, оны түрмеге кесіп, нақты мерзімге соттауы екіталай. Бірақ оны қоғамдық бақылау комиссиясы төрайымы қызметінен түсіріп, ұлттық превентивтік механизм мүшелігінен шығару үшін шартты жаза бергеннің өзі жетіп жатыр. Ал бұрын істі болған адам мұндай комиссиялардың құрамында түрмелерге кіре алмайды, - дейді Руслан Оздоев.
ТҮРЛІ «ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР»
Руслан Оздоевтің айтуынша, ұлттық превентивтік механизм облыстардағы бақылау комиссиялары арқылы тұтқындардың құқығын сақтау талаптарын орындауға дүркін-дүркін қоғамдық бақылау жүргізіп тұра алады. Бірақ Оздоевтің айтуынша, олардың құрамына «түрме жүйесіне қолайлы құқық қорғаушыларды» енгізу мүмкіндігі заң жүзінде қарастырылған.
Қоғамдық бақылау комиссиясына бұрын істі болған тұлғалар мүше бола алмайды. Бірақ мұндай комиссия жұмысына полиция және түрме жүйесінің кейбір бұрынғы қызметкерлерін қабылдайды. Құқық қорғаушы Оздоев мұны «мүдделер қайшылығы» деп атайды.
- ҰПМ (ұлттық превентивтік механизмді айтады – ред.) туралы заңда жағымсыз қылықтары үшін жұмыстан шығарылған түрме жүйесі қызметкерлері ғана мүше бола алмайды деп жазылған. Сондықтан бұрынғы түрме қызметкерлері қазір кейбір облыстық ҰПМ филиалдарының басшыларына айналған. Енді олар өздерінің бақылауындағы түрмелерде, әсіресе ГУЛАГ дәстүрлері жойылмаған кейбір аймақтардағы мекемелерде «бәрі қалыпты» деген есептер жазады, - дейді Руслан Оздоев.
Азаптауға қарсы ұлттық іс-қимыл превентивтік механизмі 2013 жылдың шілдесінде заңды негізде құрылған. Заң бойынша оның мүшелерінің түрмелерді аралап, мониторинг жүргізуге құқығы бар.
Мақаланы қазақ тіліне аударған - Айжан Оралғазина.