HRW ұйымы баяндамасында Астананы сынады

Жаңаөзен тұрғыны Сандуғаш Аманжолова 16 желтоқсанда полиция ұстаған күйеуін таба алмай жүргенін айтып, жылап тұр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан, 2011 жыл.

Халықаралық HRW ұйымы 2011 жылғы әлемдегі адам құқықтары жағдайына арналған жаңа есебінде «адам құқықтары саласына реформа жүргіземіз» деген уәдесін орындамағаны үшін Астананы сынады.
2011 жыл Қазақстанның батыс аймағында Жаңаөзен қаласындағы қанды оқиғамен аяқталды. Ресми деректер бойынша Маңғыстау облысының Жаңаөзен мен Шетпе станциясындағы шерушілерді тарату барысында 17 адам опат болып, жүздеген жан жарақат алды.

Алайда оппозиция мен азаматтық қоғам белсенділері шындығында Жаңаөзен оқиғасында ондаған адам құрбан болған, жараланғандар бірнеше жүзге жуықтайды деп санайды. HRW ("Хьюман райтс вотч") өткен жылдың желтоқсан айында-ақ Астананы Жаңаөзендегі қақтығысты тәуелсіз тергеп-тексеруге шақырған болатын.

БІР ЖЫЛ БҰРЫН ЕҚЫҰ ТӨРАҒАCЫ БОЛҒАН ЕЛДЕ

22 қаңтар күні жарық көрген есебінде Human Rights Watch халықаралық ұйымы бір жыл бұрын ғана ЕҚЫҰ-на төрағалық еткен Қазақстан содан бері де адам құқықтары бойынша реформа жасаймыз деген уәдесін орындаған жоқ» деп атап көрсеткен.

Астана ЕҚЫҰ-ның саммиті алдында. 30 қараша, 2010 жыл.


«Есесіне көлеңкелі жаңа жайттар байқалды. Қамау орындары Әділет министрлігінен ІІМ-не берілді, шектеулер қатайған дін туралы жаңа заң қабылданды» деп жазылған баяндамада.

Құжатта Қазақстандағы сөз бостандығына қатысты интернет сайттар құлыпталып, БАҚ еркіндігі туралы заңдағы тыйымдар мен шектеулер сақталып отыр деген сипаттама беріледі. Ереуілдегі маңғыстаулық мұнайшылардың «әлеуметтік араздық» туғызды деген айыппен сотталған заңгері Наталья Соколова жайында «жұмысшыларға олардың құқықтарын түсіндірген кәсіподақ заңгері алты жылға түрмеге қамалды» деп атап көрсетілген.

Есепке сәйкес Қазақстан билігі митинг-жиындар өткізудің онсыз да шектеулі ережелері мен талаптарын бұзған белсенділерді жауапқа тартуын жалғастырып жатыр, адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтисті босатуға қатысты талаптарға құлақ аспай отыр.

Бұдан әрі қарай есепте 2011 жылдың 3 сәуірінде Қазақстанда мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауы мен сайлау науқанының қалай жүргізілгені, Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту бойынша референдум өткізу идеясы сынға алынған.

ОСК 3 сәуірдегі президент сайлауына сайлаушылардың 89,99 пайызы қатысып, олардың 95,55 пайызы Назарбаевты қолдап дауыс берді деп жариялаған. ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары және демократиялық институттар бюросы сайлау «өрескел заң бұзушылықтармен» өткізілді деген баға берсе, ЕҚЫҰ-дағы АҚШ делегациясы "мұндай заң бұзушылықтар Қазақстанның сайлауларды ЕҚЫҰ-ның талаптарына сай өткіземіз деген міндеттемелеріне қайшы келеді» деп атап көрсеткен еді.

ЖИЫН ӨТКІЗУ МЕН СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ АЯСЫ ТАРЫЛДЫ

HRW Қазақстанда тәуелсіз басылымдардың, азаматтық белсенділердің, оппозициялық саясаткерлердің қысым мен қудалауға ұшырауы жалғасып жатқанын сынға алған. Үкіметтік басылымдар мен электронды БАҚ-тардың басымдығы жағдайында "ой-пікірді еркін жеткізу шарттары жоқтың қасы" деп жазылған баяндамада.

Түрмеге қамалған қазақ журналистерінің аттары жазылған шарлар ұшырғалы тұрған азаматтық белсенділер. Алматы, 11 қаңтар, 2011 жыл.


Журналистер соққыға жығылған жайттар да кездесті. Наурыз айының аяғында белгісіз біреулер оппозициялық «Республика» газетінің журналисі Данияр Молдашевті ұрып-соғып, тонап кеткен. Қазан айының аяқ кезінде травматикалық қарумен қаруланған төрт адам «Стан-ТВ» порталының Қазақстанның батысындағы мұнайшылардың көп айға созылған ереуілін қамтып жүрген тілшілеріне шабуыл жасады.

БОСҚЫНДАР ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫ

Өткен жылы маусым айында Қазақстанның халықаралық заңдылықтар талаптары мен босқындарды қайтару ережелерін өрескел бұза отырып, Ташкент мемлекеттік және діни қылмыстар бойынша іздеу жариялаған 28 босқынды Өзбекстанға мәжбүрлеп қайтарып жібергені туралы жазылған адам құқтары ұйымының баяндамасында.

Бұл БҰҰ-ның ережелеріне қайшы қадам болды деп атап көрсетілген есепте, босқындарды экстрадициялау мәселесіне орай жүргізілген сот процестерінде «заңдылықтардың сақталмағанын құқық қорғаушылардың әрдайым мәлімдеп отырғанына» да назар аударылған.

Өзбекстанға қайтарылған босқындардың балалары. 10 маусым, 2011 жыл.



30 мамырда ұйғыр босқыны Аршидин Исраил Қытайға қайтарылды.
Ол Қазақстанға 2009 жылдың шілде айындағы Үрімжідегі толқулардан кейін қашқан, бірақ оған Қытайда азап пен қорлық көрсетілуі мүмкін екендігі туралы айқын белгілер бола тұра, босқын мәртебесі берілмеді деп жазады баяндама авторлары.

HRW есебінде Қазақстанда діни наным-сенім еркіндігі де тарылып бара жатқаны сынға алынған.

Қазақстандағы «Діни қызметтер мен діни ұйымдар туралы» қабылданған заңға президент Назарбаевтың 13 қазанда қол қоюы «дін еркіндігі саласында сөз жоқ, артқа кеткен қадам болды» деп атап көрсетілген халықаралық ұйымның жаңа есебінде.