Тәуелсіз кәсіподақтар құқығын шектемеуді сұрайды

Қазақстан мұнай саласының жұмысшылары ереуілге шығып тұр. 2012 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)

Шымкенттегі зауыттың кәсіподақ өкілі «жұмысшылардың төлем қабілеті нашарлап кетті, жұмыс беруші құқығымызды бұзып отыр» дейді. Ал белсенділер кәсіподақ туралы жаңа заң жобаларынан қауіптенеді.
«Петро Қазақстан Ойл Продакс» компаниясы – Шымкент мұнай өңдеу зауытының жаңа атауы. Зауыт қызметкерлері «Лайықты еңбек» тәуелсіз кәсіподағын құрған. Компанияда тәуелсіз кәсіподақтан бөлек, «ресми» кәсіподақ та бар.

«Лайықты еңбек» кәсіподағы жетекшісі Ерлан Балтабайдың айтуынша, тәуелсіз кәсіподақ пен зауыт басшылығы арасындағы даудың қозғанына талай жыл болған. Кикілжің «жалақымыз аз, әрі зауыт басшылығы еңбек заңын бұзып отыр» деп есептейтін қызметкерлердің шағымдары негізінде туған.

КӘСІПОДАҚ ЖАЛАҚЫНЫ КӨБЕЙТУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

Ерлан Балтабайдың сөзінше, қазір зауыттың төртінші разрядты қызметкерінің айлық жалақысы - 130-140 мың теңге (700-750 долларға жуық), ал кәсіподақ белсенділерінің есебінше, олар шамамен бір мың доллар жалақы алуы тиіс.

"Өткенде теңге 20 пайызға құнын жоғалтып, девальвацияға ұшырағаннан кейін жалақымызды 10 пайызға көтерген. Бірақ жалақы өсімі девальвация мен инфляцияға ілесе алмай жатыр, жұрттың төлем қабілеті түсіп барады. Жалақыдан жалақыға дейін әрең күн көріп отырмыз. Сондықтан жұмыс берушіден төртінші разряды бар қызметкердің орташа жалақысын бір мың долларға дейін өсіруді талап етеміз. Бірақ жұмыс беруші талабымызды орындағысы келмейді" дейді Ерлан Балтабай.

«Лайықты еңбек» кәсіподағы жетекшісі Ерлан Балтабай.

Кәсіподақ жетекшісі «жұмыс берушімен жалақыны көбейту туралы келіссөз жүргізу қисынды, ал оның еңбек заңы талаптарын бұзуымен келісе алмаймыз» дейді. Оппоненттердің болжамынша, жұмыс беруші еңбек демалысы үшін заңда қарастырылған мөлшерден аз өтемақы төлейді әрі қызметкерлерге жалақыны алалап төлейді.

Белсендінің айтуынша, прокуратураға жүгінгеннен нәтиже шықпаған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің еңбек инспекциясының тексеру қорытындыларына сілтеме жасаған прокуратура «мұнай өңдеу компаниясында еңбек жағдайын бұзу фактілері анықталмаған» деп жауап жолдаған.

Тәуелсіз кәсіподақ Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үш жақты комиссияға жүгінгеннен кейін тәуелсіз кәсіподақ пен жұмыс беруші арасындағы дауды реттеуге медиатор шақырылған. Дауға медиатор араласқаннан кейін еңбек дауы туралы келіссөзге тағы бір тарап – компанияның «ресми» кәсіподағы қосылған. Бірақ тәуелсіз кәсіподақ медиатордың көмегінен бас тарту үшін үш жақты комиссияға қайта жүгінген.

Азаттық тілшісі «Петро Қазақстан Ойл Продакс» компаниясынан комментарий ала алмады.

КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІНІҢ ҚАУПІ

Жуырда тәуелсіз кәсіподақтар қызметін реттеуге біраз жаңалық енгізетін жаңа екі заң пайда болуы мүмкін. Мысалы, енді кәсіподақ ұйымын тіркеу талаптары күшейтілуі ықтимал. Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы президенті Лариса Харькова Азаттық тілшісіне «кәсіподақтар туралы жаңа заң жобасында билік жұмыс берушіні жақтайды» дейді. Оның айтуынша, жаңа заң бойынша жеке кәсіподақтар салалық кәсіподаққа, ал салалық органдар республикалық кәсіподақ құрамына енуі тиіс. Ал қазіргі талап бойынша, тәуелсіз кәсіподақтар жергілікті билік органдарында тіркеуге тұрса жеткілікті.

Бұдан бөлек, Лариса Харькованың пікірінше, бұл заң жобасында еңбек құқығына қатысты негізгі халықаралық нормалар да бұзылған.

Жуырда тәуелсіз кәсіподақ, құқық қорғау және үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) жетекшілері «Кәсіподақтар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне кәсіподақтар қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына вето салуға шақырып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады.

Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы президенті Лариса Харькова.

Заң жобасын сынаушылар «жұмыс берушілер бұл заңдарсыз-ақ кәсіподақтарды ән шырқап, би билейтін, яғни көркем өнерпаздықпен айналысатын «әлеуметтік-фольклорлық топқа» айналдыруға тырысып отыр» деп мәлімдейді. Лариса Харькова «мұндай кәсіподақ жұмыс берушінің шашбауын көтеруші ғана болып шыға келеді» дейді.

Лариса Харькованың пікірінше, «Егер бұл заңға Қазақстан президенті қол қойып, заңдық күшіне енсе, жұмыс берушілер кез келген кәсіподақты «көркем өнерпаздарға» заңды негізде айналдыра алады».

Азаттық тілшісі «Лайықты еңбек» тәуелсіз кәсіподағы мен мұнай өңдеу зауыты арасындағы дауға қатысты Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үш жақты комиссия координаторы Қапар Сейдалиевпен хабарласты. Билік өкілінің хабарлауынша, қазір комиссияда бұл кәсіподақтың жұмыс берушіге қатысты шағымдарын жан-жақты тексеруді талап еткен жаңа хаты қаралып жатыр.

"Кеше олардан тағы бір хат алдық. Олардың жазуынша, медиация процесі кезінде үшінші тарап пайда болып, негізгі дауласушы тарап шет қалған. Қазір сол хатты қарап жатырмыз" деді Қапар Сейдалиев.