Инфляция "азайса да", баға өсіп барады

Алматы базарларының бірінде

Қазақстанда қазан айындағы инфляция деңгейі қыркүйектегі көрсеткіштен өзгермеген. Ал жылдық көрсеткіш тіпті "азайған". Ресми статистикаға сәйкес бағаның өсуін тежеген негізінен азық-түлік тауарлары екен. Бірақ тұтынушылар, керісінше, бағаның өсіп бара жатқанын айтады.

Алматы тұрғыны Динара шағын дүкенді жалға алып, кәсіп бастағанына алты айға жуықтады. Азық-түлік тауарларын сататын шағын кәсіпкер бағаның өсіп бара жатқанын анық байқайтынын айтады.

КӘСІПКЕРДІҢ МҰҢЫ

- Жалға алған дүкеніміз шағын, 50 шаршы метр. Ішінде азық-түлік пен тұрмыс тауарларын сатамыз. Ай сайын 250 мың теңге төлейміз. Дүкеннің ішін тауармен толтыруға екі миллион теңгеден аса қаржы кетті. Қазір күн сайын 50-60 мың теңгеге тауар алып жүрміз. Бастапқыда күніне 40 мың теңгеге сауда жасасақ, қазір 80 мың теңгеден асып жатыр. Әзірге жұмсаған ақшаны қайтарған жоқпыз, бизнестің тоқтап қалмауына ғана жетіп жатыр, - дейді кәсіпкер.

Динара соңғы айда тауар бағасының қымбаттағанын қаттырақ сезген. Тұтынушылардан айырылып қалмас үшін кейбір тауарды үстемесіз сатуға мәжбүр екенін айтады.​

​​

Базарлардың біріндегі көтерме сауда

- Қазір тауар қабылдап жатырмын. Міне, қараңыз, мысалы сүтті 233 теңгеге алып жүретінмін, бүгін 241 теңге болып келді, балалардың тәтті сүзбешесі 83 теңгеден еді, 87 теңге болыпты, минералды су 208 теңгеден еді - 233 теңге болған, сары май 542 теңге болған - қазір 663 теңге. Бұл – көтерме бағалар, оның үстіне шамамен 15-20 пайыз қосып сатуым керек, пайда көру үшін. Бірақ 20 пайызыңыз тым қымбат болып кетеді, мысалы сұйық майды мен бұрын 355 теңгеге алатынмын, қазір ол 400 теңге болып келді, мен 480 теңгеге сатуым керек, бірақ ол қымбат болған соң мен оны 450 теңгеге сатып жатырмын, - дейді кәсіпкер.

Статистика комитетінің мәліметінше, биыл қазан айында инфляция деңгейі өткен аймен салыстырғанда еш өзгермеген. Ал жылдық деңгейді алғанда тіпті азайып, соңғы үш жылдағы төменгі шекке (5,3%) жеткен. Ресми ақпаратта жұмыртқа, қант, май мен ет сияқты азық-түлік тауарларының соңғы айда күрт қымбаттағаны да жазылған. Бірақ жалпы алғанда бағалардың қымбаттауын тежеген негізінен азық-түлік тауарларының құны болып шығады.

ТҰТЫНУ ҚОРЖЫНЫН ТЕҢЕСТІРУ

Экономист Айдар Әлібаев статистика комитетінің мәліметтеріне сенімсіздік білдіреді.

- Қазақстанда статистика агенттігі тәуелсіз орган емес, Ұлттық экономика министрлігінің бір құрылымы. Сондықтан олар өздеріне [жоғарыдан] айтқан сандарды жазып, хабарлады. Олардың мақсаты – әдемі сурет салу. Егер олардың сандарына қарасаңыз, бізде инфляция төмен, жалақы мен өмір деңгейіміз жоғары, девальвация мүлдем жоқ. Жалпы бәрі тамаша. Ал шынайы өмірді қарасаңыз, көмірдің жетіспеушілігін, дизельдің жағдайын, электр энергиясы мена азық-түліктің ахуалын көресіз. Тұтынатын заттарымыздың барлығын үнемі өсіп отыратын валютамен сатып аламыз, сондықтан статистикаға сенуге болмайды, - дейді сарапшы.

Экономист Айдар Әлібаев

Оның сөзінше, инфляция деңгейі де едәуір өскен.

- Ұлттық банк пен статистика агенттігінің инфляция деңгейі 5-6 пайыз деуі тіпті күлкілі. Бізде сәуір айында девальвация болды, жаздың аяғында ол тағы қайталанды, 10-12 пайыздан, қазір де төмен қарай жылжып барамыз. Және бұл – үшіншісі. Меніңше, шынайы [жылдық] инфляция кем дегенде 15-20 пайыз, - дейді Айдар Әлібаев.

Ал "Халық финанс" компаниясының зерттеу департаменті директорының орынбасары Станислав Чуев Қазақстандағы инфляция деңгейі әлемдік тәжірибе негізінде есептеледі деп түсіндіреді.

Супермаркетте

- Инфляцияны санаудың әлемдік тәжірибесі бар. Соның негізінде тұтыну қоржыны үшін белгілі бір тауарлар алынады да, оны әр тауардың бағасына көбейтеді. Егер қандай да бір дағдарыс бола қалса немесе баға өссе, тұтыну қоржынындағы тауарлардың саны азаяды. Өскен баға азайған тауардың бағасымен есебінен теңеледі. Статистика агенттігі бірнеше позицияны өзі таңдап алады. Сондықтан кейде тұтынатын тауар саны азайып, бағасы өскенмен көлемі сол күйі қалып жатады. Оның үстіне статистика агенттігінің өз мүддесі бар, түзетулер болуы мүмкін, - дейді маман.

Кәсіпкер Динара баға өсе берсе, жаңа жылға қарай қымбатшылық қарапайым тұрғындар мен шағын бизнеске кері әсерін тигізуі мүмкін деп алаңдайды. Оның бұл қаупін ресми статистиканың түзетулері сейілте қоймайтын сияқты. Өйткені азық-түлік бағасының өсіп бара жатқанын Ұлттық экономика министрлігі де терістемейді. Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов қазанның 2-сінде Астанада үкімет отырысында жыл басынан бері қатты қымбаттаған тауарларды атаған. Олардың ішінде қызылша (18,3 пайыз) мен қырыққабат (16,7) бар.

Вице-министр Қазақстанда инфляция деңгейі 5-7 пайыз аралығында сақталатынын айтқан. Дәленовтің сөзінше, 2017 жылдың қыркүйегі мен 2018 жылдың қыркүйегі арасындағы жылдық инфляция деңгейі 6,1 пайыз болған, ал былтырғы желтоқсанның көрсеткішімен салыстырғанда азық-түлік бағасы 2,3 пайызға қымбаттаған.