2013 жылы қандай тақырып көп оқылмақ?

Интернет кафеде отырған бойжеткен. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық интернет мен әлеуметтік желі қолданушылары 2013 жылы өздері көз тігіп отырған ішкі және халықаралық ақпарат трендтері туралы баяндайды.
Қазақстанда 2012 жылы әлеуметтік желілерде қандай тақырыптардың ең көп талқыланғанына байланысты арнайы зерттеу жасалмаған. Бірақ кейбір қолданушылар Азаттық тілшісіне ең қызу талқыланған тақырып ретінде мына оқиғаларды атады: «Арқанкерген» оқиғасы, Іле Алатау паркіндегі он бір адамның жұмбақ өлімі, Лондон олимпиадасы, EXPO-2017 көрмесінің Қазақстанда өтетін болғаны, шекара қызметі ұшағының апаты, қазақ тілі мәселесі.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ЖҰМБАҚ ОҚИҒАЛАР»

Facebook қолданушысы, блогшы Серік Мұратхан 2012 жылы қазақтілді интернет қауымдастығын мазалаған «жұмбақ оқиғалар» көп болғанын және оның бәрі әлеуметтік желілерде қызу талқыланғанын айтады.

Қазақ блогері Серік Мұратхан.


- Ең жанға бататыны - бұл оқиғалар қоғамға қорқынышпен қатар, адамдардың жүрегіне сенімсіздік ұялатты. Қоғам бұл оқиғаларды жай ғана талқылап қоймай, істің мән-мағынасын, шындығын талап етуі тиіс, - дейді Серік Мұратхан.

Facebook қолданушысы Ержан Абдраман Қазнетте «бір қарағанда назар аудармайтын оқиғалар мен құбылыстардың терең астары мен салдарын талқылау дәстүрі қалыптаспағанын» айтады.

- Мысалы, өтіп бара жатқан жылда қандай сауалдар көп талқыланды? «Арқанкерген» қасіреті, Челах соты, Іле Алатау бағындағы жантүршігерлік қылмыс. Яғни біз төбемізден тастай салған, талқыламау мүмкін емес, бадырайып көрініп тұрған оқиғаларды ғана сөз етеміз... Осы 2012 жылы болған немесе 2013 жылы болуы мүмкін оқиғалар - кездейсоқ жайттар емес, осы кезге дейін жіберілген қателіктердің нәтижесі. Бірақ қазақ интернетінде олар кездейсоқ оқиғалар ретінде талқыланады, - дейді Ержан Абдраман.

ӘЛЕМДЕГІ АҚПАРАТТЫҚ ТРЕНДТЕР

Америкалық «Стрэтфорд» ұйымы жазылушыларына таратқан мәліметке сәйкес, 2013 жылы әлем бойынша мына тақырыптар интернет кеңістікте қызу талқыланып, трендке айналуы мүмкін: Сириядағы азаматтық соғыс, Мексикадағы экономикалық және саяси өрлеу, Ресей оппозициясының күрделі ахуалы, Қытай «эволюциясы», Иранның ықпал ету аясы мен ядролық бағдарламасы.

Белсенді интернет қолданушысы Нұржан Сәдірбекұлы. Сурет жеке архивінен алынды.


Facebook қолданушысы Нұржан Сәдірбекұлы бұл тақырыптардың қазақстандық аудитория арасында қызу талқыланатынына сенбейді. Оның ойынша, 2013 жылы әлеуметтік желілерде «латын әліпбиіне көшу», «тәуелсіз БАҚ-тың қысымға ұшырауы», «Әблязовтың қуғындалуы», «Храпунов», «Назарбаев операциясы» сияқты тақырыптар әлдеқайда танымал болады.

Ал блогшы Серік Мұратхан «әр оқырман әлемде болып жатқан оқиғалардың арасындағы өзіне ықпалы бар оқиғаларға көбірек мән береді» дей келе, Стрэтфорд ұйымы атаған тақырыптардың екеуі ғана өзі үшін маңызды екенін айтады.

- Жеке өміріме және менің туған еліме қатынасы тұрғысынан алғанда, ең маңыздысы - Ирандағы ядролық бағдарлама мен Қытайдағы эволюция мен революциялар. Неге десеңіз, бізде шекара мәселесі әлі шешілген жоқ. Егер Иран ядролық қаруға ие болса, арамыздағы қайшылық ушығып кетуі мүмкін, - дейді ол.

Қытайдағы қазақтар мәселесіне тоқталған блогшы Серік Мұратхан:

- Қытайда екі миллионға тарта қазақ ұлтының өкілі отыр. Реформа жасалатын болса, олар белгілі бір дәрежеде ашықтыққа, демократиялыққа, жариялыққа ұмтылатын болса, ол жақтағы қазақтардың жағдайы жақсара ма деген үмітпен қараймын. Мені Мексикадағы экономикалық өрлеу, болмаса Сириядағы соғыс емес, осы екі жағдай көбірек алаңдатады, - деді.

Интернет қолданушы Ержан Абдраман. Сурет Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан алынды.


Ал интернет қолданушы Ержан Абдраман өзіне көрші Ресей мен Қытайдағы ахуалдар қызықтырақ болатынын айтады.

- Ең әуелі Ресей оппозициясы мен Қытай туралы қарайтын едім. Бірақ Сириядағы азамат соғысына шешуші әсер етуі мүмкін оқиғалар болып жатса, оларды да бірінші кезекте оқитын шығармын. Иран туралы да осыны айтуға болады, - дейді ол.

Қазақстандық сайттардың мәліметі бойынша, Владислав Челах Қазнеттегі ең танымал адамға айналған. Одан бөлек, қазақстандық интернет қолданушылар көп іздеген адамдардың ішінде әншілер Қайрат Нұртас, Gangnam style клипінің авторы рэпер Psy бар.

2012 жылы интернет қолданушылар "Ақырзаман" мен "Қазақстан аруы - 2012" тэгтерін де көп қараған.