Маsа.kz сайтының әлеуметтік фоторепортажы Facebook пен Twitter желілерінде талқыланып, депутаттардың сауал жолдауына себеп болды. Сорақы фактілер билік орындарына қозғау салды.
Екі күннен кейін жергілікті әкімшілік үйсіз-күйсіз балаларды мемлекет қамқорлығына өткізді. Осылайша интернеттегі мақала әлеуметтік желі арқылы қоғамдық мәселеге биліктің назарын аудартты.
«СҰМДЫҚ»
Сәуірдің 11-і күні Masa.kz сайтына шыққан фоторепортаждың ауторы Ардабек Солдатбай оқиға орнына барған сәтте көзіне жас алғандығын айтады.
– Сұмдық болды! Бірінші көзіме жас келді. Барарда «алдымнан кішкентай бала шығып қалса берермін» деп қалтама кәмпит сала барған едім. Алдымнан бір емес, алты бала шыққанда тәттім жетпей қалды. Ал тәттіні сол балалар қалай жегенін көрсеңіз ғой... Шешелері сол кезде мас болып үйінде жатты, – деп еске алады журналист.
Оның сөзінше, осыдан екі апта бұрын Алатау ауданына қарасты Байбесік шағын ауданында, жар басында жалғыз үй тұрғандығын естіген. Ол жерде «жағдайы нашар адамдар тұрады, мас еркектер жүреді» деп естіген. Бірақ «жасы әлі беске толмаған алты бүлдіршіннің тұратындығын күткен жоқпын» дейді Ардабек Азаттық радиосына сәуірдің 14-і күні берген сұхбатында.
– Кішкентай ғана жапан. Үйге кіру мүмкін емес, сасық. Соның ішінде бір ер адам ұйықтап жатты, – деді журналист.
Ал репортаждың суреттерін түсірген фотограф Еркін Қуатай сол күнгі көргенінің әсерінен «ұйқым қашты» дегенді айтады.
– Жүрегім ауырды біраз күн... Түнде ұйықтай алмай, үш-төртке қарай жатып жүрдім. Шыны керек, мен бұл мәселе тез арада шешімін табады деп ойлаған жоқ едім, – дейді Еркін.
Masa.kz журналистері бұл оқиғаның осымен аяқталмағандығын, балалардың тағдырын бақылап отыратындарын айтады.
«БҰЛ – ИНТЕРНЕТТІҢ ЖЕҢІСІ»
Ардабектің сөзінше, бұл мақаланың тез арада қозғау салуына қазіргі әлеуметтік желілер мен оның оқырмандары көп септігін тигізген.
– Мен алдымен оқырмандарға ризамын. Қазақ қоғамының оянып келе жатқанына көзім жетті. Егер осыдан 3-4 жыл бұрын осындай мәселе көтерілсе, мұндай жауап болып, әкімшіліктің әрекет етуі мүмкін емес еді. Мұның өзі әлеуметтік желілердің бой алып, үлкен ықпалға ие бола бастағанын көрсетеді. Facebook пен Twitter-де талқыланғаннан кейін парламенттің мәжілісіне дейін депутаттар сауал жолдады. Жайшылықта «әй, әйтеуір барармыз» дейтін әкімшіліктің өзі екі күннің ішінде комиссия құрып, үшінші күні балаларды тиісті мекемелерге орналастыруы – интернеттің жеңісі деп білемін, – дейді сұхбаттасымыз.
Журналист әлеуметтік желі арқылы пікір білдіргендердің ішінде қазақ тілді баспасөзге сенімсіздік танытқандар болғандығын айтады.
– Бізге келген комментерде «бұл тақырыпты орыс тілді арналарға беріңдер, мақаланы орыс тіліне аударыңдар» деген ұсыныстар болды. Дегенмен жағдай басқаша болды. Менің ойым, қазақ тілді ақпарат құралдары, журналистер бірікпесе – ешқандай нәтиже шықпайды. Сыртымыздан «ей, анау айта береді» деп жүре берсек – жүре береміз. Мәселені бірігіп көтеруіміз керек, – дейді Ардабек.
ЗАҢНЫҢ КЕДЕРГІСІ
Фотограф Еркін Қуатай «бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда арнайы рұқсатсыз ешкімнің бейнесін түсіріп, пайдалануға рұқсат жоқ» екендігін айтады. Оның сөзінше, дәл осы заң әлеуметтік жағдайы мүшкіл жандарды, немесе қоғамның басқа да кемшін тұстарын көрсетуге кедергі болады.
– Егер бұл фоторепортаж емес, тек қағазға жазылған мақала ғана болса, қоғамға ешқандай ой салмас еді. Фотосуреттегі көріністер еріксіз адамның жігерін ез қылдырады. Біз осындай елде тұрып, балалардың осындай күйге түсуі, олардың аш жүруі – өте қиын жағдай, – деді Азаттыққа сұхбат берген Еркін Қуатай.
Сұхбаттасымыз оқиға орнынан әсерлі суреттерді түсіруде біраз қиындық болғанын айтады.
– Мен бұл үйді бірнеше күн бұрын барып, сыртынан бақылап көрдім. Ал фотоппаратты алып барғанымызда, сондағы әйел аппаратыма жармасып, түсіруге кедергі келтірді. Бірақ мен балалардың жағдайын көргенде оның қарсылығына бағынбай, баса көктеп, үйіне кіріп суретке түсірдім. Маған сол сәтте сондағы шынайы өмірді оқырманға жеткізу маңыздырақ болды, – дейді Еркін.
Ол фотографтың ісі қауіпті мамандықтардың бірі деп санайды.
– Көбіне фотожурналистердің еңбегі көзге елеусіз болып жатады. Түсіру барысында көптеген кедергілер болады. Шенеуніктерден, қарапайым адамдардан қарсылық болады. Еріксіз жасырынып, қуыстарда тығылып отырып түсіруге мәжбүр боламыз. Тіпті камерамызды тартып алған жағдайлар да болды. Өте қиын, өте қауіпті мамандықтың бірі деп есептеймін. Бірақ суретті түсіріп болғанан кейін жұмысыңызды көріп демаласыз, – дейді Еркін Қуатай.
«ҰЛТТЫҚ ИММУНИТЕТ»
Өткен жылдың қараша айында ашылған Masa.kz сайты – тәуелсіз басылым.
– Біз "Абай-ақпарат" қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры" қоғамдық қорының негізінде шығамыз. Бізде Masa.kz, Abai.kz және Oitobe.kz деген үш сайт жұмыс істеп жатыр. Abai.kz негізінен халықтың рухани дүниесін жариялайды. Ал Masa.kz – ұлттық иммунитет деп санаймыз. Сондай болсын деген оймен құрғанбыз. Біздің ешқандай көксеген саяси мақсатымыз, не болмаса қара басымыздың қамын күттеген жағдайымыз жоқ. Тек «қазақ баспасөзінде тәуелсіз интернет дегенді қалыптастырсақ» деген мақсатпен басталған, – дейді сайттың редакторы Ардабек Солдатбай.
Оның айтуынша, Masa.kz сайтының оқырмандары – «бесінші сыныптың оқушысынан бастап қартайған ақсақалға» дейінгі адамдар.