Тасқыннан зардап шеккендерді құрылыстың баяулығы қынжылтады

Your browser doesn’t support HTML5

ВИДЕО: Нұра станциясы тұрғыны Дариға Мусина көктемгі тасқыннан соң бұзылған үйінің орнына жаңа баспана күзге дейін салынып біте ме деп уайымдайды. Күндіз оның отбасы сүрілуден аман қалған гаражында отырады, ал түнде сол ауылда жалға алған үйге түнейді.

Қарағанды облысында сәуірдегі су тасқынынан қатты зардап шеккен Нұра станциясы тұрғындары күн суытқанға дейін үйлері салынып бітпей қала ма деп уайымдайды.

Қарағанды облысындағы Ғабиден Мұстафин ауылына қарасты Нұра станциясына жету оңайға түспейді. Жол деп атауға ауыз бармайтын сүрлеу дөңес, ойық-шұңқыр мен тастарға толып кеткен. Көптеген жерлерде көлік жүретін жер балшық пен тастың үйіндісі тәрізді көрінеді. Жаңбыр жауса жай көлік бұл жерден өте алмайды. Сәуірдегі су тасқынынан соң жол жүруге келмейтін қиқы-шойқыға айналған.

Елдімекеннің өзінде де көңіл қуантарлық ештеңе жоқ. Кейбір жерлерде тасқыннан қираған үйлер қалған, кей жерде құрылыс жүріп жатыр, кей тұста құрылыс тоқтап қалған және жұмыс басталғанға дейін әкелінген құрылыс техникасы, тұрғындардың айтуынша, апталап тұрып қалатын болған. Кей жерлерде бұзылған үйдің орнында құрылыс жұмыстары әлі басталмаған.

Нұра станциясының тұрғыны Дариға Мусина. Қарағанды облысы, 5 шілде 2015.жыл.

65 жастағы Дариға Мусина отбасының өте үлкен және әдемі үйі болғанын айтады. Оның сөзінше, баспанасын бұзғысы келмеген тұрғынды шенеуніктер тасқыннан «іргетасы сыр берген үйдің енді қабырғасы құлауға шақ тұрғанын» айтып көндірген.

– Үйді бұзуға келіскеніме қатты өкінемін. Содан бері екі жарым ай өтті, тек үйдің іргетасының бір бөлігі ғана салынды. Жақында күн суытады, ал оған шейін үй дайын болмай қалады-ау деп уайымдаймын. Мұстафин ауылында құрылыс жұмыстары бізге қарағанда тез жүріп жатыр. Мен әкімдікке хабарластым, мердігерге бардым, олар құрғақ уәде беріп, құрылыс материалдарын аздап алып келеді. Өлген малдардың шығынын да әлі өтеген жоқ, - деді Дариға Мусина Азаттыққа.

Кейін ол өзіне блоктар әкеліне бастағанын, үй құрылысының жұмысы жалғасады деген уәде айтылғанын хабарлады. Әйел бұл іске жауапты тұлғалар осы жолы сөзінде тұратын шығар деп үміттенеді.

Нұра станциясы тұрғыны Үміт Баграмованы алаңдатып отырған іргетастағы жарықтар. Қарағанды облысы, 15 шілде 2015 жыл.

Көп балалы ана Үміт Баграмованы іргетаста кішігірім жарықтардың пайда болуы алаңдатып отыр.

– Мен әкімдікке хабарласқан соң кеше билік өкілдері келді. Олар маған «бұндай жарықтар қауіпті емес, құрылыс кезінде ондай болады, бәрі дұрыс» деді. Қыркүйекте үйіңіз дайын болады деп сендірді. Бірақ, бәрібір көңілім күпті, - дейді Үміт Баграмова.

Тағы бір ауыл тұрғынының үйі маусымның басында бұзылған екен. Қазір ол жерде ешқандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Бұзылған үйдің қасында құрылыс техникасы үш аптадан бері қаңтарылып тұр.

«ҮЛГЕРЕТІН ЕДІК, ТЕК…»

Тасқыннан зардап шеккен ауыл тұрғындары құрылыс жұмыстарының кешігіп жатқандығына шенеуніктер мен мердігерлерді айыптайды. Мердігерлер болса өздері құрылыс материалдарын сатып алатын зауыттардың жүктемесі көп болып отырғанын алға тартады. Мердігерлердің де жиі ауысатынын айта кету керек: кейбіреулері жұмысты атқара алмайды, енді біреуге қойылған шарт ұнамайды - әдетте ол ақша мәселесіне тіреледі. Соның салдарынан үйді бұзу мен құрылыс жұмыстары ұзаққа созылып кетті.

Нұра станциясында "Шетстрой" салып жатқан үй құрылысы. Қарағанды облысы, 15 шілде 2015 жыл.

Шет ауданындағы «Шетстрой» фирмасы қазір Нұра станциясы мен Ғабиден Мұстафин ауылында бес үй салып жатыр. Фирманың серіктесі Ерғанат Шапенов Азаттыққа фирманың жұмысқа кіріскеніне сегіз күн болғанын айтты.

– Бізге дейін болған фирмалар ештеңе істемеген. Шынын айтсақ, біз мұнда пайда табу үшін емес, біздің де адам екенімізді, үй сала алатынымызды көрсету үшін келдік, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші. Қаржыландыруды сосын әкімдікпен келісеміз. Бәрі дұрыс болады, бәрін төлейді деп ойлаймын. Қыркүйектің 1-іне дейін бітіруге тырысамыз, бар күшті соған саламыз. Егер зауыттар уақытында материалдарды берсе үлгеретін едік. Барлық көлем бойынша ақшамызды төледік, қазір тапсырысты күтіп отырмыз. Зауыттар жерге қаратпаса, уақытында бәрін өткіземіз. Әрине, ептеген кідіріс бар, - деді «Шетстрой» фирмасының серіктесі Ерғанат Шапенов.

Мердігерлер жұмысты өз есебінен істеп жатыр. Оларға бюджеттен қаржы нақты істелген көлеміне – атқарылған жұмыс туралы акт бойынша төленеді. «Қазір сметаларды бекітіп жатыр» дейді Шапенов.

ҮЙ ҚАШАН ДАЙЫН БОЛАДЫ?

Бұқар жырау ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша, аумағына Нұра станциясы да кіретін Ғабиден Мұстафин ауылында сегіз үй тапсырылған. Жұмыстың негізгі бөлігі Мұстафин ауылында жүргізіліп жатыр. Нұра станциясында әзірге тек екі үй ғана салынған.

Нұра станциясында осы жердегі тұрғын үй сүрілген, бірақ орнына жаңадан үй салынбаған. 15 шілде 2015 жыл.

Бұқар жырау ауданы бойынша 163 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 116 үй Мұстафин ауылы мен Нұра станциясында салынбақ. Тасқыннан зардап шеккен ауылдардағы осы үйлердің бәрі бюджет есебінен салынып жатыр.

– Жұмыс жүргізбей, болмаса шамалары келмей жатқан мердігерлерді ауыстырамыз. Кейбіреулерінде мамандар, техника немесе материал жетіспейді,– дейді Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Асхат Әли.

Шенеунік қыркүйектің 1-іне дейін үй құрылысын аяқтауға кепілдік бере алмайтынын мойындайды. Адамдар жаңа жылыту маусымы басталғанға дейін (әдетте қазанның ортасынан басталады) жаңа қонысқа көшеді деп межеленген. Бірақ тұрғындардың оған қатты күмәні бар, себебі жаз болса аяқталып қалды, ал құрылыс әлі баяу жүріп жатыр.

Нұра станциясына баратын жолдың тасқыннан кейінгі жағдайы. Қарағанды облысы, 15 шілде 2015 жыл.

Тасқын зардабынан бұзылған үйлердің иелері басқа жерден баспана жалдап немесе туыстарының үйінде тұрып жатыр. Оларға үй жалдауға мемлекеттік бюджеттен айына 25 мың теңге бөлінеді. Жалға алу туралы келісімшарт тамыздың соңына дейінгі мерзімге жасалып, қол қойылған.

Дариға Мусинаның отбасы күндізгі уақытта сүрілуден аман қалған гаражында отырады, ал түнде олар сол ауылдағы жалға алған үйге түнейді. Табиғи апаттан аман қалған бұзау, сиыр, қойларға қарау керек болғасын, ауланы тастап кете алмайды. Гаражда аман қалған тұрмыстық техника мен жиһаздар да сақтаулы тұр. Мусиндер отбасы осы жерде шай ішіп, демалады. «Бірақ, бұл жерде тамақ әзірлеуге еш мүмкіндік жоқ» дейді Дариға Мусина.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.