Қарағанды түрмесінде тағы бір тұтқын «жүрек дертінен көз жұмды»

АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Өткен аптада Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/7 колониясында қайтыс болған тұтқынға «жүрек ауруынан көз жұмды» деген диагноз қойылды.

1974 жылы туған Шамиль Ярославлевтің қандай жағдайда қайтыс болғанына байланысты туыстары мен ресми орган таратқан ақпарат қабыспай отыр.

Туыстары мәйіттің денесінде ауыр соққының іздері барын айтады, ал ресми орындар мұны жоққа шығарады.

«АЙЫП ИЗОЛЯТОРЫНАН ТАБЫЛҒАН»

Шамиль Ярославлевтің туған ағасы Руслан Оздоевтың айтуынша, інісі қарашаның 3-і күні Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/7 колониясында көз жұмған. Жергілікті полиция оның мәйіті айып изоляторынан табылғанын айтыпты.

– Шамиль Ярославлев мұнда қарашаның 2-сі күні этап арқылы

Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/7 колониясында қайтыс болған тұтқын Шамиль Ярославлевтің мәйіті. (kuramshyn.org сайтынан алынған сурет). 7 қараша 2011 жыл.

жеткізілген. Бірақ, неге екені белгісіз, ол бірден айып изоляторынан табылған. Мекемеде оның 3 қараша күні таңертеңгі 11-лерде өліп қалғанын айтқан, – дейді Руслан Оздоев.

Руслан Оздоевқа інісінің өлгені жайлы суыт хабарды колония әкімшілігі емес, ағасының түрмедегі таныстары хабарлапты.

МӘЙІТТІ АЛУ

Ол інісінің қандай жағдайда мерт болғанын білмек болып, мәйітін әкелу үшін Астанадан колонияға келген кезде ондағы қызметкерлер жөнді жауап бермей қашқалақтаған.

– Мен бастықтардың біреуімен кездестіруді өтіндім. Мекеме бастығы Астанаға кеткенін айтты. «Егер колония бастығы болмаса, оның орнында орынбасар қалуы тиіс. Ол осында ма?» деп едім. «Иә» деді. Мен төлқұжатымды көрсетіп, қабылдау бөлмесіне кірмек болдым. Кезекші қыз құжатымды алып, ішке кіріп кетті. Кім келгенін көргеннен кейін кезекші қыз шығып, «бастықтардың ешқайсысы жоқ» екенін айтты, – дейді Руслан Оздоев.

Оның айтуынша, тек түстен кейін колониядағы медициналық бөлім бастығының орынбасары шығып, мәйітханаға жіберген. Бірақ мәйітханада да інісінің денесі жоқ болып шыққан. Тек кешке таман мәйітті колония қызметкерлерінің алып кеткені анықталыпты.

Руслан Оздоев бұған, тіпті, Шахтинск полициясының таң қалғанын айтады.

– Мұны білгеннен кейін полиция жан-жаққа хабарласа бастады. Әбден қараңғы батып кеткен кезде мекемеден жедел бөлім қызметкері келіп, мәйіттің колонияда екенін айтты. «Не үшін әкеттіңіздер? Жалпы бұл заңды ма?» деп едім, «Ештеңе білмеймін, мені осыны айтуға жіберді» деп қысқа қайырды, – дейді Руслан Оздоев.

Осылайша колония мен мәйітхана арасында жүрген Руслан Оздоев жұмадан сенбіге қараған түні сағат 1-ден аса інісінің сүйегін алған. Колония берген куәлікте марқұмның «аяқ қан тамырлары ауруынан» қайтыс болғаны жазылған.

«ӨЗ АЖАЛЫНАН ӨЛМЕГЕН»

Руслан Оздоевтың айтуынша, мәйіттің денесінде соққы белгісі бар. Ол інісінің өз ажалымен өлгеніне сенбейтінін айтады.

– Оны қинаған. Мұны екі қолының білектерінде кісеннен қалған жарақат іздерінен байқауға болады. Ал денесінде соққының іздері бар. Оны әуелі кісенмен асып қойып, сосын жуан таяқпен ұрған сияқты. Мен жерлеу рәсімін өткізуге асықпаймын, адам өлімі және қысым бойынша қылмыстық іс қозғау туралы бас прокуратураға өтініш түсірем. Оның денесіне тәуелсіз сараптама жүргізу керек. Әзірге Астанадағы мәйітхана дәрігерлері сараптама жасаудан бас тартты, себебі оның іш құрылыстарының барлығын алып тастаған болатын, – дейді ол.

Азатық тілшісі оқиғаның анық-қанығын білу үшін Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/7 колониясына хабарласқанымен, жауап ала алмады.

ДИАГНОЗ

Ал республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі Самал Ғадылбекова Шамиль Ярославлевтің өз ажалынан өлгенін айтты. Оның айтуынша, қазір ішкі істер орган қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Тексеру қорытындысы бойынша қайтыс болған сотталушының

Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі Самал Ғадылбекова. Астана, 27 тамыз 2011 жыл.

денесінде ешқандай жарақат, ұрып-соғудың іздері табылмаған. Алдын-ала қойылған диагнозды сізге орысша айтайын «острая коронарная смерть». Жүрегі тоқтап қалған, – дейді Самал Ғадылбекова.

Ол прокуратураның зерттеуді жалғастыра беретінін айтты.

Ал Қарағанды түрмелерін советтік «Карлаг дәстүрін жалғастырушы» ретінде атаған құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің айтуынша, бұл өңірде «жүрек дерті» – ауыр қысымнан көз жұмған сотталушылардың өлімін жасыру мақсатында қойылатын «ресми диагноз».

– Мысалы, Долинкадағы туберкулезбен ауыратын сотталушыларды емдейтін АК 159/11 колониясында қазанның 7-сі күні Владимир Филиппов та «жүрек дертінен» көз жұмған. Бес күннен кейін, яғни қазанның 12-сі күні Балқаштағы АК 159/21 түрмесінде дәл осы «дерттен» сотталушы Сергей Григорьев мерт болды. Анасы оның денесі итке талатылғанын, ұлының қысымға ұшырағанын айтқан еді. Енді Шамиль Ярославлев те осы «жүрек ауруынан» көз жұмып отыр. Мен Сергей Григорьев пен Шамиль Ярославлевтың суреттерін көрдім – екеуінде де өз ажалымен өлмегенін, соққыдан көз жұмғанын көруге болады, – дейді Вадим Курамшин.