Шахандағы қазандық жарылған үйдің қазіргі жағдайы

Қазандығы жарылған үйдің шатырын жауып жатқан жұмысшылар. Қарағанды облысы, Шахан кенті, 23 маусым 2017 жыл.

Қарағанды облысы Шахан кентіндегі жылу қазандығы жарылысынан зардап шеккен үйді қалпына келтіру жұмыстары әлі біткен жоқ. Бірнеше отбасы көшіп кеткен көрші подъездердің тұрғындары әлгі жарылыс зардаптарына қатысты шағымдарын айтты.

2017 жылы қаңтардың 1-і күні жылу қазандығы жарылып, шеткі подъезі құлаған бес қабатты №4 үйді қалпына келтіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Нақтырақ айтқанда, үйдің шатырын қайта жауып, аман қалған пәтерлерді жөндеп жатыр. Аман қалған подъездің бір бөлігін «қиып тастап», нығайтты, енді ол жерде жаңа қабырға пайда болған. Бүкіл үйдің сыртқы жағын темірмен тартып тастағаны көрініп тұр, ондай темірлер аман қалған пәтерлерде де бар.

«ЕНДІ ШЫЛАПШЫН ҚОЙМАЙТЫН БОЛАДЫ»

Жарылыстан зардап шеккен подъезд әлі жабық тұр: ол жақта тұрғындар жоқ, жұмысшылар ғана жүр. Азаттық тілшісіне ішке кіріп, жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын өз көзімен көріп шығудың сәті түсті.

Жарылыстан аман қалған пәтерлердің едендері құйылып, қабырғалары сыланды. Шахан, 23 маусым 2017 жыл.

- Шатырын жауып жатырмыз. Бұрын ол болмаған. Шатыр тұрғындарды жауын-шашыннан қорғайды, су ақпайды, енді шылапшын қоймайтын болады. Жылыту үшін әрі өрт қауіпсіздігі үшін, - дейді жұмысшылардың бірі.

Аман қалған пәтерлерде жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны онша байқалмайды. Кей пәтерлерде сантехника мен батареяларды ауыстырып, қабырғаларын, төбелерін түзетіп жатыр. Ал кей пәтерлерде жөндеу жұмыстарына тіпті әлі кіріспеген, бұрыштарынан ұсақ жарықтар, тіпті тесіктер көрініп тұр. Подъездің өзін де қалпына келтіріп жатқаны байқалып тұр. Подъездің үстіне шатыр жауып жатыр.

«ҚАЛҒАН ЖАСЫМДЫ ОСЫНДА ЖАСАЙМЫН»

«Қиып тастаған» подъезд бен тартылған темірлер енді бүкіл ғимараттың сиқын аздап бұзып тұрғандай көрінеді. Кей тұрғындар мұнда тұруға қауіптенеді. Бұдан бөлек, олар төтенше апаттан кейін пәтерлердің іші суық дейді. Комиссия үй тұруға жарамды деген ұйғарым жасаған.

Зардап шеккен үйді айналдыра металл белдеулер тартылған. Шахан, 23 маусым 2017 жыл.

Шамасы жеткендер басқа жаққа көшіп жатыр. Бірақ Шахан кенті мен көрші Шахтинск қаласында үй қымбаттап кеткен.

Жыл басында Шаханға барған Азаттық тілшісіне жарылыс сәтінде қалай қорыққандарын айтып берген ерлі-зайыпты Жұмкиндер бұл үйде тұрмайтын болған. Олардың пәтері көрші подъездің бірінші қабатында орналасқан. Құлаған подьезден қабырға ғана бөліп тұр. Ерлі-зайыпты қарттар зардап шеккен үйдің беріктігіне сол кезде күмән айтқан болатын. Көшіп кеткен зейнеткерлердің баласы Ақылбек Жұмкин Азаттық тілшісіне:

- Біз, яғни балалары қосылып ақша жинап, әке-шешемізге Сарань қаласынан баспана сатып әпердік. Олар мына үйде тұрудан бас тартты, қорықты. Өзге амалым жоқ, енді осында тұруға тура келеді. Баспана сатып алатын ақшам жоқ, ал мына пәтерді енді не сата алмайсың, не тастап кете алмайсың, - дейді.

Ол Азаттық тілшісіне пәтерді аралатып, әлгі жарылыс зардаптарын көрсетті. Оның айтуынша, былтыр пәтерде жөндеу жүргізілген, ал енді қайтадан жүргізуге тура келеді.

- Үй шайқалған кезде плиталар орнынан жылжып, плиталардың арасындағы жіктер ашылып кетті, бүкіл жерде жарықтар пайда болып, жертөледен ызғар соғатын болды. Залдағы паркеттің де жылжып кеткен тұстары бар әрі жарылып кетті. Біріншісі ресми комиссия болды, кейін екінші комиссияға да көрсеттім, бірақ одан пайда болмады. Үй тұруға жарамды деп кетті. Енді үй жылы болатындай етіп жасасын, әлгі төтенше апаттың зардаптарын да жөндесін. Плитадағы жарықтардан қорқамын. Үйдің қисайып кеткені еденнен көрініп тұр. Жертөледегі қазандық мына жерге таман тұрған,сондықтан сияқты. Жертөленің төбесіндегі плитада жарық барын ол жаққа түскен кезде көрдім. Әлгі жарық залдың ішін бойлап кеткен. Әлгі жарықтардың кесірінен енді бәрібір пәтерім сыз тартып суық болады, - дейді Ақылбек Жұмкин.

Шеткі подъезі құлаған № 4 үйдің тұрғыны Ақылбек Жұмкин. Шахан кенті, 23 маусым 2017 жыл.

Жұмкиндердің подъезінде тұратын 92 жастағы Лилия Рапикованың айтуынша, билік оны үй тұруға жарамды деген уәжге иландырып, осында тұра беруге көндірген.

- Қайда барам? Қалған жасымды осында жасаймын енді, - дейді Лилия Рапикова.

ҚОРДАҒЫ АҚША

Шахандағы апаттан зардап шеккендерге арналған қоғамдық көмек қорында Қазақстан қалаларынан аударылған ақшадан 36 миллион теңгеден сәл көбірек ақша қалған. Осы кезге дейін қор есеп-шотына жиыны 203 миллион 847 мың теңге түскен. Оның 50 миллион теңгеден көбі ішінде қаза тапқандардың отбасылары мен құлаған подъезде тұрудан бас тартқан, зардап шеккен 10 тұрғынға пәтер сатып әперуге жұмсалған. Баспанасынан айырылған адамдарға сегіз миллион теңгеден өтемақы төленген. Мүлкінен айырылғаны үшін төленген өтемақы – сегіз миллион 800 мың теңге. Зардап шеккен үйдің тұрғындары үшін модульдық қазандыққа сегіз миллион теңгеден көп ақша жұмсалған.

37 миллион теңгеге жуық ақша №4 үйді жөндеуге қажет материалдар сатып алуға, үйіндіні аршуға, бұзуға, үйіндіні көлікпен сыртқа тасу шығындарына, материалдарды жеткізуге, үйді нығайтып, темірмен айналдыра тартып шығуға, №4 үйді тексеріп, бұзу және жөндеу жобаларына жұмсалған. Ондаған миллион теңге мерт болғандардың отбасылары мен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетуге кеткен. Олардың ішінде аязда қатып қалған мәйіті биыл көктемде даладан табылған пеш жағушы да бар.

Қор өкілдері Азаттық тілшісіне бүкіл шаруа бюджет есебінен емес, ел азаматтары жинаған жылу ақша есебінен істеліп жатқаны байқалатын шығындар егжей-тегжейлі жазылған есепті көрсетті. Шахандағы зардап шеккендерге көмек қорының қамқоршылар кеңесі төрайымы Жамал Мамырханова:

- Қор есебінен пәтерлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның 90 пайызын қазірдің өзінде төлеп қойдық. Шатырды жөндеп, модульдық қазандықтың жанынан көмір сақталатын қора салып жатырмыз. Ал жарылыс дүмпуінен қабырға жіктерінің сылағы түсіп қалған көрші үйде әлгі жіктер сыланатын болады. Бұдан бөлек, үш қазандықты далаға шығарып орнатуды мойнымызға алдық. Жуырда марқұм болғандардың жылын өткізіп, ас беруге деп зардап шеккен отбасыларға 500 мың теңгеден аудардық, - дейді.

АМАН ҚАЛҒАН ПӘТЕРЛЕР

Бұрынғы тұрғындар мен мерт болғандардың туыстары аман қалған пәтерлерде тұрудан бас тартып, 10 пәтер бос қалған. Оның жетеуі жеке меншік пәтер болған, сондықтан жұрт оларды өзге баспананың орнына көмек қорына берген. Үш пәтер коммуналдық меншік иелігінде. Енді аман қалған және жөндеуден өткен пәтерлер баспанаға мұқтаж жандарға беріледі. Жамал Мамырханованың айтуынша, тамызда көмек қоры жабылады, қалған ақша зардап шеккендерге бөліп беріледі.

Қазандығы жарылған үйдегі пәтерлердің бірінің төбесіндегі жарық. Шахан, 23 маусым 2017 жыл.

- Қазірге дейін пәтер сұрап тоғыз арыз түсті, оларды қараймыз. Бұл –жетім балаларға, жалғызбасты аналарға, қиын жағдайға тап болған отбасыларға баспана беруді сұраған Шахтинск қаласы әкімі мен «Нұр Отан» партиясы өтініштері, Шаханда тұратын әйелдерден де түскен өтініштер бар. Енді олар шынымен баспанаға мұқтаж ба, жоқ па - тексереді. Бұған қоса, қаза тапқан пеш жағушының отбасына баспана бөлуді сұраған Шахан әкімінен өтініш түсті, - дейді Жамал Мамырханова.

Қазақстан орталығында орналасқан әрі бұрын шахтерлер қаласы болып, кейін тоқырауға ұшыраған Шахан кентінде 2017 жылы қаңтардың 1-і күні болған қайғылы апат тоғыз кісі - алты ересек адам мен үш баланың өмірін қиды. Сарапшылардың мәлімдеуінше, подъезд үйдің жертөлесінде орнатылған жылу жүйесінің жарылуы салдарынан құлаған.

Тексеру қорытындысы бойынша, бес лауазымды тұлға «ауыр зардаптарға соқтырған қызметтік әрекетсіздікке» қатысты айыпталған. Олар – Шахан кенті әкімі Мұрат Жақыпов, оның коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Әкетай Нәжмиден, коммуналдық мәселелер жөніндегі бас маман Мәрия Жұмабекова, Шахтинск қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы, автожолдар және тұрғын үй инспекциясы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Алмас Омарханов және Шахтинск қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тұрғын үй секторы бас маманы Нұржан Маханбетов. Бірақ күдіктілер тағылған айыптарды жоққа шығарады. Оларға қатысты «кепіл» бұлтартпау шарасы қолданылған. Жуырда сот басталуы тиіс.