Ахметов ісіндегі «жәбірленуші» өзін олай атамауды сұраған

Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің және Қарағанды облысы мен қаласы әкімдіктерінің бұрынғы шенеуніктерінің соты. Қарағанды, 2 қазан 2015 жыл.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрінің және Қарағанды облысы мен қаласы әкімдігінің бұрынғы шенеуніктерінің ісіне қатысты процесте мәлімдемелер жасалып жатыр. Айыптаушы тарап сотқа тартылған бұрынғы шенеунік құжаттарға жалған қол қойған деп күдіктенеді. Ал сотталушылар іс материалдарына тігілген деректердің растығына күмән келтіреді.

«ЖӘБІРЛЕНУШІ» ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУДАН БОСАТУДЫ СҰРАДЫ

Істе «жәбірленуші» ретінде танылған кәсіпкер Тұран Сәдуов сотқа қатысудан босатуды сұрады. Оның сөзінше, (істе аталатын) «ЕвроСтандарт-Қарағанды» компаниясынан тротуар жолға төсейтін плита сатып алған оның компаниясы тергеу материалдарында аталғандай жарты миллион теңгеден астам пайдадан қағылмаған. Тұран Сәдуов тергеу кезінде өзінің «жәбірленуші» болудан бас тартқанын, бірақ ол кезде «ешкім сөзін тыңдамағанын» айтты. Судья Исламхан Есенбаев оған «жәбірленуші» қатарынан шығарып тастауды сұрау себептерін көрсетіп, өтініш жазуға кеңес берді.

Бұл процесте Тұран Сәдуов мәлімдеген жағдай бұрын да болған. Тамыз айында бірнеше кәсіпкер «бізді «жәбірленуші» етіп тергеушілер тағайындады, зиян шегу немес пайдадан қағылу жайында ешқандай арыз жазған жоқпыз» деп мәлімдеген.

Қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары Марлен Шалтақов сотта жәбірленушілердің атынан антикоррупциялық қызметке түскен арыздар шаблон бойынша жазылғанын мәлімдеді.

– Меніңше, әлгі арыздарды оларға зорлап жаздырған, – дейді Марлен Шалтақов.

Судья Исламхан Есенбаев сотталушыдан бұл болжамын «өзінде қалдыруын» өтінді.

ТӨРТІНШІ ЭПИЗОД

Бүгін сот отырысы кезекті, төртінші айыптау эпизодына ауысты. Бұл эпизод бойынша Қарағанды қаласы жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Ернар Дәрібеков, қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары Марлен Шалтақов және Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов айыпталады. Оларға 2013 жылы «аз қабатты тұрғын үйлер», қарапайым тілмен айтқанда, жеке меншік үйлер салуға жер телімдерін заңсыз бөлген деген айып тағылған. Бұл эпизодтың материалдарына сәйкес, тергеу мен айыптаушы тараптың болжамынша, Қарағандыда 12 жер телімі заңсыз бөлінген. Ол жер телімдеріне үйлер сол күйі салынбағаны хабарланады.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов сот залында. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл.

«Жеке кәсіпкер Лезгинова» компаниясынан келген куәгер Елена Лезгинова сот тыңдауында «жер телімдерін орналастыру схемасына қатысты кейбір құжаттарға қойылған қол менікі емес» деп мәлімдеді. Мемлекеттік айыптаушы «құжаттарға өзге адам қол қойған» деген уәжбен соттан қолтаңбаға сараптама жүргізуді тағайындауды сұрады, ал прокурорлар «Марлен Шалтақов қол қойған болуы мүмкін» деп мәлімдеді.

Бұл іс бойынша бірнеше сотталушы ұялы телефоннан алынып, сот материалдарына тіркелген деректер – қоңыраулардың уақыты мен күнінің, SMS-хабарламалар мазмұнының растығына күмән келтірді. Кейбір сотталушылар «сот процесі аяқталып келеді, жарыссөзге дайындалу қажет» деген уәжбен сот залында ноутбук қолдануға мүмкіндік беру туралы өтініш айтты.

Бұл іске қатысты сот тамыз айында басталған. Әуелі 21 сотталушының бесеуі – Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының бұрынғы бастығы Ернар Дәрібеков, «Металлургия-Металлөңдеу» индустриальды парк» компаниясының бұрынғы директоры Анатолий Ессе және «Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы» бас директорының орынбасары Әлжан Ақмолдаев қамалған. Бірақ қыркүйектің 30-ы күні өткен сот отырысында тағы бір айыпталушы – Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, кепіл ақшамен бостандықта жүрген Айдар Телғарин қамауға алынды. «Сот отырыстары арасында Телғарин іске қатысты «жәбірленушілермен» керісіп қалып, мені балағаттады» деп мәлімдеген жәбірленуші әйелдің өтініші бойынша оны қамауға үкім еткен.

Сот отырысында қазанның 5-іне дейін үзіліс жарияланды.